• Басты
  • Ш.Пулатов: Бірлігімізді сақтау үшін бір тілде сөйлеуіміз керек
28 Ақпан, 2020 16:54

Ш.Пулатов: Бірлігімізді сақтау үшін бір тілде сөйлеуіміз керек

1 наурыз Қазақстанда жалпыхалықтық мереке – Алғыс айту күнi. Бұл күнi қазақстандықтар бiр-бірiне құрмет көрсетiп, ризашылығын бiлдiреді. Елiміздегі түрлі ұлт өкілдері де қиын-қыстaу зaманда құшaқ жайып қaрсы алған қазaқ жұртына aлғыс айтaды. Осы орайда аталмыш мереке қарсаңында еліміздегі ұлттық-мәдени орталықтар мен түрлі этномәдени бірлестіктердің мерекені қалай атап өтетіндігі жөнінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатовпен сұхбаттасқан едік. 

Ш.Пулатов: Бірлігімізді сақтау үшін бір тілде сөйлеуіміз керек

Оның айтуынша, кезінде түрлі жағдаймен Қазақстанға көшіп келген басқа ұлт өкілдерінің үлкендері сол замандағы қазақтардың кеңпейілділігі мен қонақжайлылығын әлі күнге дейін айтып отырады.

"Алғыс айту күнінде әртүрлі ұлт өкілдері түрлі шараларды өткізу үшін бас қосады. Қиын-қыстау заманда, репрессия кезінде көптеген ұлт өкілі Қазақстанға келді. Оның қатарында кәрістер, немістер, шешендер бар. Үлкен кісілер сол замандағы қазақтың кеңдігін, бауырмалдығын, бір нанды бөліп беріп, жанын аман алып қалғаны туралы көптеген әңгіме айтады. Олар бұл жақсылықты түсінеді, әрі өз ұрпағы білсін деген мақсатта ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырады", - деді ол. 

Ассамблея өкілінің сөзінше, аталмыш мереке қарсаңында түрлі іс-шра өтеді. Мәселен, биыл қайырымдылық жасау бағытында атап өтуді жөн санаған.

"Алғыс айту күні қарсаңында түрлі ұлттық-мәдени бірлестіктер қайырымдылық шараларын өткізіп тұрады. Биыл мереке қарсаңында елордадағы Достық үйінде жәрмеңке ұйымдастырылды. Онда әрбір ұлт өзінің ұлттық тағамдарын әзірлеп, қолдан жасалған түрлі бұйымдарды көрмеге қойып, оны сатып, жиналған қаржыны онкологиямен ауыратын балаларға көмек ретінде береді", - деді Нұр-Сұлтан қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы.

Сондай-ақ Шерзод Пулатов өз сөзінде 130-дан астам ұлт өкілінің бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, өз тілі мен мәдениетін сақтауда Ассамблея мен елбасының рөлі зор екендігін атап өтті.

"Қазақстанда бірлігі мен ынтымақтастығы жарасқан 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады. Осынша ұлттың басын қосып, татулықта өмір сүріп отырғанымыз үшін, бірінші Жаратқанға, екінші - елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымыз шексіз. 25 жыл бұрын елбасы 1-наурызда Қазақстан халқы ассамблеясын құрды. Бұл ұйым да ширек ғасыр бойына өзгерістерден өтіп отырды. Кеңестік органнан конституцияналдық органға айналды. Бұл үлкен жетістік. Осы ұйымның атқарған іс-шаралары мен жұмысының арқасында түрлі ұлт өкілдері бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста әрі бір-бірі туралы жақсы көзқараста", - деді ол.

Дегенмен, кемшіліктер де жоқ еместігін тілге тиек етті. Оның сөзінше, әрбір қазақстандық достық үшін, бірлік үшін өз үлесін қосатын болса, татулығы жарасқан, тұрақтылықты ту еткен ел боламыз.

Сондай-ақ ол алғыс айту күнінде алғысты белгілі бір іс-әрекет арқылы көрсету қажеттігін атап өтті.

"Алғыс айту күні тек жақсы сөз айтылатын күн болмауы керек. Осы мереке аясында алғысымызды белгілі бір іс-әрекет арқылы көрсетуіміз қажет. Бірлігімізді сақтау үшін барлығымызда бір ой, жүрегімізде бір сенім, аузымызда бір тіл болу керек.  Президентіміз де қазақ тілін ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналдыру керектігін айтқан болатын жолдауында. Татулығымызды одан әрі арттыруымыз үшін біз мемлекеттік  тіл арқылы бірігуіміз керек", - деді ол.

Бұдан басқа орталықтың өкілі ұлттық-мәдени орталықтар мен бірлестіктердің қызметіне тоқталды.

"Елімізде Қазақстан халқы ассамблеясында 1025 этномәдени бірлестік, республика көлемінде 28 ұлттық-мәдени орталық, қауымдастық бар. Біздің бірлестіктер әртүрлі бағытта жұмыс істейді. Атап айтсам, ғылыми сарапшылық бағытта, отансүйгіштікті, патриотизмді тәрбиелеу бағытында да іс-шаралар атқарылады. Сонымен қатар тілді, тарихты өзге ұлт өкілдері арасында насихаттау мақсатында әртүрлі жұмыстар жүргізіледі.  Өзге ұлт өкілдері өздерінің дәстүрін, тілін ұмытпау үшін осындай мүмкіндіктер берілген", - деді Шерзод Пулатов.

Сонымен қатар оның айтуынша,  мұндай шараларды өткізу түрлі ұлт өкілдері арасында достықты күшейтуге, мейірімділікті, сенімділікті арттыруға септігін тигізіп, одан әрі бірлікті арттырады. 

Назерке Сүйіндік

Барлық жаңалықтар
66.249.70.84, 192.168.88.100