• Басты
  • Сенаторлар пікірі: «Парламент қоғамдағы мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналмақ»

Сенаторлар пікірі: «Парламент қоғамдағы мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналмақ»

15 Қаңтар, 2021 17:47

Бүгін, яғни 15 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент сессиясының ашылуына қатысып, бірқатар мәселелерге тоқталды. Осы орайда, Сенат депутаттары мемлекет басшысының баяндамасына байланысты өз пікірлерімен бөлісті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұловтың пікірінше, президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Парламент сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жүргізген стратегиялық саяси бағыт сабақтастығын табады деген нақты ұстанымын айтып өткенін еске салды.

«Ең бастысы, еліміздің Президенті өзінің сөзінде мына саяси реформалардың жалғасын табатынына нақты тоқталып өтті. Оның ішінде өтпей қалған саяси партиялардың нақты бағдарламалары да бар. Сондықтан біз Мәжіліске өтетін партиялардың табалдырығын 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендету, оларды электронды түрде тіркеу, тағы да басқа жеңілдіктерді беру туралы өзінің нақты ұсыныстарын айтып өтті», - деді сенатор.

Сонымен қоса, ол бүгінгі президенттің сөзінде адам құқығы туралы да айтылғанын тілге тиек етті.


«Адам құқығы туралы көп заңның қабылдануы, адам құқығына біз қандай іс-шаралар қолдануымыз керек, қандай жобалар қабылдануы керек? Осы туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы нақты айтып өтті. Ал енді осының бәрі ары барғанда адами капиталға кіреді. Ол дегеніміз - Президенттің тапсырмасы бойынша ұлттық жоба әзірленуі тиіс деген сөз. Ең бастысы, біздің білім саласында сапаға көңіл бөлу керек. Әлемдік трендке сүйене отырып, өзіміздің ұлттық жүйені, ұлттық білім саласын жақсартуға, орта білім болсын, біздің колледж, университеттердің маман даярлау сапасын көтеруіміз керек. Осыған нақты көмектесуіміз керек, осындай жоба қабылданса, біздің білім саласы да ары қарай дамиды деген үлкен сенімдеміз», - деді Бақытжан Жұмағұлов.

Сондай-ақ, ол осы саяси реформалар, адами капитал мен адам құқығы және тағы басқа мәселелерге орай бүгін Президент нақты тапсырма бергенін атап өтті. Заңды түрде сапалы заңдарды қабылдап, осыны өмірге енгізуге, іске асыруды Парламентке тапсырды.

«Тағы бір нәрсе айтайын дегенім, бұл жерде Парламентте көп мәселе шешіледі. Сондықтан мына Парламентке келгенде Мәжіліс пен Сенат алдында осындай үлкен мақсат тұр деп айтты», - деді ол.

Бұдан бөлек, Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгінгі қос палатаның бірлескен отырысында өте маңызды баяндама жасады деп есептейтінін айтты.


«Ең негізгісі – біздің тиімді мемлекет және әділетті қоғам құру саясатының жалғасатындығын басып айтты. Бұл өте маңызды мәселе. Сондықтан да жалпы басқару жүйесін реформалау, сот жүйесін реформалауға қатысты мәселелердің жалғасатындығын, сонымен бірге әсіресе жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамыту мәселелері – өте маңызды деп өз басым есептеймін. Шынында да, жергілікті жерлердегі басқару жүйесі, соның ішінде қоғамдық басқару жүйелері, қоғамдық кеңестер, соның ішінде әкімшілік жүйесінің өзін де қайта қарайтын уақыт келді. Халыққа тиімді органдар, тиімді қоғамдық кеңестер жұмыс жасауы керек, ол бірінші мәселе», - деді сенатор.

Оның пайымынша, президент аумақтарды дамытуға қатысты өте бір маңызды нәрселер айқан.

«Менің ойымша, аумақтардың барлығының теңгерімді дамуы және соған лайықты қаржының бөлуі, аумақтардың жол құрылысы, инфрақұрылымы бірдей даму қажет екендігі өте орынды айтылды деп есептеймін. Себебі қазіргі уақытта біздің өңірлерде, мысал үшін жол мәселесінің өзі әртүрлі дамыған, бір жерде жол жақсы, бір жерде жол тіпті де өте нашар, бір жерде ауызсумен қамтамасыз етілген, екінші жерде ауызсу тіпті жоқ, газдандыру мәселелері бойынша да солай. Әсіресе, аумақтық, өңірлік жерлерде, әсіресе ауыл-аймақтарда осы халыққа қажетті негізгі әлеуметтік инфрақұрылымның дамуын бір деңгейде, бір дәрежеде дамыту мәселесі өте бір үлкен проблемаға айналып отырғандығы рас. Президенттің бүгінгі сөзінде айтылған мәселелерді біз толық қолдаймыз», - деді Әли Бектаев.

Сонымен бірге, ол оның баяндамасындағы тағы бір маңызды мәселе - 3500-ден астам ауылды елдімекендерді қайта жаңғырту керектігі айтылғанын атап өтті.

«Бұл өте орынды нәрсе, бұл қазіргі бар ауылды мекендердің көп бөлігі. Егер ауылдық елді мекендер қайтадан жаңғыртылатын болса, біз ауылдарды сақтап қаламыз. Соған лайықты әлеуметтік инфрақұрылым болады. Өндірістік инфрақұрылымды дамыту да маңызды, себебі өндіріс болмай, халық тұрмайды ауылда. Қанша мектептерді, қанша ауыруханаларды реттеп, жөндеп қойған күннің өзінде де мына жұмыс өндірісі инфрақұрылымдарын да дамыту өте маңызды мәселе. Сондықтан өндіріс дамуы үшін, ауыл дамуы үшін, сол ауылдың ішіндегі, одан кейін ауылдарды байланыстыратын, ауылды аудан орталығымен байланыстыратын жолдарды қайта реттеу, қайта жөндеу, жаңадан мәселелері өті бір қажетті нәрсе болып отырған уақыт. Президент осы бағытта жұмыстың жүргізілетінін жаңадан құрылатын Үкіметке тапсыратындығын айтты», - деді депутат.

Сонымен қоса, саяси реформалардың бірінші кезеңі жүргізілгенін, енді екінші кезеңі әрі қарай жалғасатындығын жеткізді.

«Оның ең үлкені - мына ауыл әкімдерінің сайлану мәселесі. Ауыл әкімдерінің сайлануы біздің билік жүйесіндегі демократиялық үрдістің қайта жаңғыруының бір көрінісі болады деп есептеймін. Ауыл әкімдерін сайлау, артынан аудан әкімдерін сайлауға көшу мәселесі өте орынды айтылған нәрсе деп есептеймін», - деді сенатор.

Бұдан басқа, Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіптің пікіріне сүйенсек, енді өзекті мәселелер шешімін таппақ.


«Бүгінгі Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өте мазмұнды баяндама жасады. Онда қол жеткен жетістіктер мен Қазақстан тәуелсіздігінің алдағы 30 жылдығы қарсаңындағы, төртінші онжылдық еліміздің негізгі басымдық ретінде Қазақстанды қуатты мемлекетке айналдыру деген мәселе көтерілді. Осы айтылған саясатты қолдаймыз, құптаймыз. Өткені, мемлекет қуатты, адамдар қажырлы, жігерлі болмайынша алға жылжу қиындай береді. Сондықтан да Мемлекет басшысының қойып отырған талабы өте орынды, ол үшін халықтың дені сау болы керек», - деді Нұртөре Жүсіп.

Сонымен бірге, ол денсаулық мәселесіне, білім мәселесіне, азаматтардың әл-ауқатын арттыру мәселесіне бірқатар жақсы ұсыныстар болғанын атап өтті.

«Сонымен бірге қоғамның ашықтығын қамтамасыз ету тұрғысында да үлкен ойлар айтылды. Ол кісінің өзі айтып жүрген «Күшті Президент, ықпалды Парламент, жауапты Үкімет» деген қағидаларын қазіргі өмірде шешімін табуға тиісті үш тіректі болатын болса, соны осылай айтуға болады. Соның ішінде Парламенттің алдына екі түрлі міндет қойды. Оның бірі – сапалы заң шығару, қабылдау, екіншісі - Парламентті бүкіл қоғамдағы ірілі-ұсақты мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналдыру деген мәселе болып отыр. Бұл да өте маңызды деп есептеймін. Сондықтан Мемлекет басшысы алға қойып отырған талаптарын, алға қойған мақсаттарды бірлесе орындау жаңадан мына жетінші шақырылған Парламент депутаттарының қолынан келеді, оған Сенат депутаттары үлкен серпінмен атсалысады деп айта аламыз», - деп қорытты Сенат депутаты.

Барлық жаңалықтар