• Басты
  • Сенаторлар асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялауға қатысты өзгертулер енгізуді ұсынды
26 Қыркүйек, 2019 15:45

Сенаторлар асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялауға қатысты өзгертулер енгізуді ұсынды

Сенат отырысында бір топ депутат ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа депутаттық сауал жолдап, асыл тұқымды ірі қара мал мен саулық қойды өз қаражаты есебінен сатып алған жағдайда субсидия төлеу туралы мәселеге өзгертулер енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Strategy2050.kz.


Сенаторлар  асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялауға қатысты өзгертулер енгізуді ұсынды

Сауал жолдаған Н. Төреғалиев, Е. Мұқаев, Ғ. Дүйсембаев және М. Жұмағазиевтың айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрінің «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы №18404 бұйрығымен бекітілген субсидиялау қағидасының 1-қосымшасының ескертпесінде отандық асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік болмай отырғандығы айтылған.

Аталған қағиданың 1-қосымшасы ескертпесінде «отандық асыл тұқымды ірі қара мал мен қойлардың аналық мал басын сатып алу қаржы институтымен кредит беру шарты болған кезде субсидияланады. Ал өз қаражаты есебінен сатып алынған жағдайда субсидия төленбейтінін айтып, өзгеріс енгізуді ұсынып отыр.

«Осы қағидаға байланысты қаржы институттары арқылы сатып алынған малдың бағасы күрт өсуде. Себебі асыл тұқымды малдың бағасына 12% ҚҚС қосылады, яғни бір бас малдың құны 400 мың теңге болса, ол автоматты түрде 48 мың теңгеге өсіп, 448 мың теңгені құрайды. Бұл несиенің пайыздық үстемақы мөлшерлемесін есепке алмағанның өзінде. «Осы қағида нені меңзейді?», «біз отандық асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға емес, керісінше қаржы институттарының жағдайына алаңдатушылық танытып отырған жоқпыз ба?» – дейді депуттар.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Тоқаевтың да Солтүстік Қазақстан облысына барған сапарында Үкіметке мал шаруашылығын дамытуға аса көңіл бөлуді тапсырғанын атап өтті.

Бұдан бөлек, Сенат депуттары мемлекет тарапынан агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға қатысты мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, тиісті қаржымен қамтамасыз етіліп отырғанына тоқталды.

«Тек қана 2016-2018 жылдар аралығында агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға қатысты мемлекеттен 707 млрд. теңге бөлінген, оның ішінде 235 млрд. теңгесі мал шаруашылығына жұмсалған. Сондықтан етті мал шаруашылығын дамыту бойынша үлкен перспектива бар, мал басы көбеюде. 2019 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша елімізде ірі қара мал саны 7 138 мыңды құрап отыр», - дейді олар.

Алайда, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бағдарламаларға жиі өзгерістер еңгізіліп, кейбір жағдайларда аяғына дейін орындалмай, күтілетін нәтижеге қол жеткізілмей жатқан тұстарымен қатар тиісті субсидияларын қаржының тапшылығына байланысты ала-алмай отырғанын да атап өтті.

Аягөз Құрмаш 

Барлық жаңалықтар