• Басты
  • Сенат: Заң жобаларын қоғамдық талқылау тәсілдері кеңейтілмек

Сенат: Заң жобаларын қоғамдық талқылау тәсілдері кеңейтілмек

18 Ақпан, 2021 12:13

Бүгін сенат отырысында ҚР Парламентінің Мәжілісі мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасының бірінші оқылымы өтіп, депутаттар заң жобасы қабыдады. Аталған құжатта бірқатар өзгерту енгізілген, мәселен, бұдан былай заң жобаларын қоғамдық талқылау тәсілдері кеңейтіледі. Толығырақ Strategy2050.kz тлішісінің материалында.

ҚР Әдiлет министрi Марат Бекетаевтың сөзiнше, ұсынылып отырған заң жобасы заңдарды әзiрлеу, олар бойынша қоғамдық талқылаулар өткiзу және заңдарды қабылдау рәсiмдерiн жетiлдiру мақсатында әзiрленген.

1. Заң жобасында мынадай негiзгi ережелер көзделедi:«Халық үнiне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес келетiн заң шығару қызметiнiң жаңа кезеңдерiн енгiзу

«Атап айтқанда, әзiрлеушi органдар реттеушiлiк саясаттың консультативтiк құжатын әзiрлейдi. Бұл құжатта проблемалар мен ықтимал шешiмдер көрсетiледi. Ол мүдделерi қозғалатын мақсатты топтармен талқыланатын болады», - дедi министр.

Оның айтуынша, талқылау қорытындысы бойынша заң жобасының тұжырымдамасы жасалады. Бұл нақты ұсыныстары көрсетiлген реттеушi органның ресми мәлiмдемесi болады.

2. Заң жобаларын қоғамдық талқылау тәсiлдерiн кеңейту

«Азаматтарды жаңа реттеуге алдын ала дайындау мақсатында әрбiр заң жобасы мен қабылданған заң ақпараттық түсiндiру бағдарламасымен сүйемелденетiн болады», - дедi ол.

3. Заң жобаларының ғылыми құқықтық сараптамасының сапасын арттыру

Оның мәлiметiнше, бiр ұйымның ғылыми ресурстарымен шектелмей, осы жұмысқа тиiстi бiлiмi бар елдегi барлық ғылыми сарапшыларды тарту ұсынылады. Бұл жұмысты үйлестiрудi Заңнама және құқықтық ақпарат институтына жүктеу ұсынылмақ.

4. Азаматтар мен бизнеске қосымша мiндеттер жүктейтiн нормаларға қатысты «өтпелi кезең» тәжiрибесiн заңнамалық деңгейде белгiлеу

«Жаңа мiндеттердi белгiлейтiн нормалар халық пен бизнестiң дайын болуына қарай, қабылданған күнiнен бастап алпыс күндiк мерзiмнен ерте енгiзiлмейтiн болады», - дедi министр.

5. Қабылданған заңдардың тиiмдiлiгiн бағалау
«Заңдар қабылданғаннан кейiн, олардың тиiмдiлiгiн бағалау мiндетi ұсынылып отыр. Бұл мiндет заңды әзiрлеген мемлекеттiк органдарға жүктелетiн болады. Қабылданған заңның тиiмдiлiгiн бағалау үшiн, әзiрлеушi орган жаңа реттеудiң салыстырмалы нәтижелерi көрсетiлген есептi дайындайды», - дедi Марат Бекетаев.

Бұл есеп, оның сөзiнше, құқықтық мониторинг аясында қолданылатын болады, сондай-ақ парламенттiк тыңдауда немесе үкiмет сағатында талқылануы мүмкiн. Сонымен қоса, ол заң жобасын қабылдау отандық заңнаманың проблемалық мәселелерiн шешуге ықпал ететiнiн атап өттi.

Сондай-ақ, сенат депутаты Сәуле Айтбаева заң жобасын әзiрлеудiң негiзгi мақсаты - заң шығарудың кейбiр кезеңдерiн реформалау және қоғамның заң шығару процесiне қатысуын кеңейту.

«Осы саладағы негiзгi проблемалар қоғаммен керi байланыстың жоқтығымен, ұсынылған заңнамалық түзетулердiң әлсiз аналитикалық негiздерiмен, сондай-ақ құқық қолдану тәжiрибесiн заң шығарушылық қызметтен оқшаулауымен және басқаларымен байланысты туындап отыр», - дедi депутат.

Оның пайымынша, заңдар түсiнiктi, сапалы және қолжетiмдi болуы тиiс. Ол үшiн заңдарды әзiрлеу тәсiлдерi қайта қаралып, шет елдерде өзiн дәлелдеген тиiмдi құралдар енгiзiлмек.

Заң жобасымен келесi мiндеттер шешiледi:

- құқық қолдану тәжiрибесiн жетiлдiру;

- ведомствоаралық үйлестiрудiң тиiмдiлiгiн арттыру;

- қолданыстағы процедураларды оңтайландыру;

- ғылыми сараптама процедураларын жетiлдiру.

Ал, конститутциялық заңнама, сот жүйесi және құқық қорғау органдары комитетiнiң төрағасы Владимир Волков заң жобасымен Қазақстан Республикасының Кәсiпкерлiк кодексiне және «Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы», «Әдiлет органдары туралы», «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы», «Мемлекеттiк мүлiк туралы», «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсiпкерлер палатасы туралы», «Рұқсаттар және хабарламалар туралы», «Ақпаратқа қол жеткiзу туралы» және «Құқықтық актiлер туралы» заңдарына түзетулер енгiзiлетiнiн атап өттi.

Оның айтуынша, заң жобасында мынадай жаңашылдықтар көзделедi:

- тұжырымдаманы әзiрлеудiң алдында болатын жаңа сатыны ендiру, атап айтқанда заң жобасының тұжырымдамасына жақын нысандағы, алайда түпкiлiктi шешiмiнсiз құжат (Реттеушiлiк саясаттың консультативтiк құжатын) әзiрлеу;

- «реттеушiлiк саясат» ұғымын, оның жалпы қағидаттары мен тәсiлдерiн ендiру;

- жаңаша реттеуге субъектiлердiң дайындалуы үшiн нормаларды қолданысқа енгiзу мерзiмдерiн заңнамалық ұзарту (60 күн);

- ғылыми-құқықтық сараптаманы ұйымдастырудағы тәсiлдердi өзгерту (Ғылыми құқықтық сарапшылар тiзiлiмiн енгiзу);

- «Е-заңнама» ақпараттық жүйесiн ендiру, ол заңнамаға талдау (мониторинг) жүргiзуге, сондай-ақ нормашығармашылықтың жекелеген процестерiн автоматтандыруға арналған;

- құқықтық мониторингтiң нормативтiк құқықтық актiлердiң тиiмдiлiгiн бағалауға мемлекеттiк органдардың назарын аудару бөлiгiндегi рөлiн күшейту;

- заңға тәуелдi НҚА әзiрлеудiң сапасын қамтамасыз ету жөнiндегi тетiктердi жетiлдiру.

Оның сөзiнше, жоғарыда көрсетiлгендерден басқа заң жобасы құқық қолдану практикасындағы проблемаларды жою, заң шығарудың болжамдық-талдамалық құрамдасын жақсарту жөнiндегi бiрқатар iлiспе мiндеттердi шешуге бағытталған.

Баяндалғанды ескере келе, ол Конституциялық заңнама, сот жүйесi және құқық қорғау органдары комитетi Сенат Регламентiнiң 58-тармағына сәйкес Парламент Мәжiлiсi мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне нормашығармашылықты жетiлдiру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын бiрiншi оқылымда мақұлдауды ұсынады.

Осылайша, сенат нормашығармашылықты жетiлдiретiн заңды қабылдады.

Барлық жаңалықтар