• Басты
  • Сенат отырысы: Қазақстанның көлік жүргізушілеріне қатысты жаңа Заң қабылданды

Сенат отырысы: Қазақстанның көлік жүргізушілеріне қатысты жаңа Заң қабылданды

21 Қаңтар, 2021 12:19

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысы өтті. Бірқатар заң жобалары талқыланып, қабылданып, жаңадан ұсынылған жобалар тыңдалды. Сенат отырысында көтерілген ең маңызды мәселелер мен қабылданған Заңдар туралы толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан біліңіз.


Отырысты әдеттегідей Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев ашты. Ол алғысөзінде Заң жобалары қабылданар алдында қоғамның пікірі ескерілу керектігін айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент қоғам пікіріне құлақ аса отырып шешім шығару керектігін айтқан болатын.

«Мемлекет басшысы айтқандай, қоғамның түйткіл мәселелері Парламентте талқыланады. Парламент өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналуға тиіс. Сондықтан халықпен байланыса отырып жұмыс істеу - өте маңызды. Әр заң жобасын талқылаған кезде қоғамның пікірін ескеруіміз керек. Сенат жұмысына қоғамдық ұйымдар мен әлеуметтік топтардың өкілдерін, тиісті мамандарды кеңірек тартуымыз қажет. Мұндай қадам заң шығару жұмысының және қабылданып жатқан заңдардың тиімділігін арттыратыны сөзсіз. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр», – деді Мәулен Әшімбаев.

Бүгін сенаторлар «2007 жылғы 6 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Грузия Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды. Бұл Заңға сәйкес екі елдің транзиттік, сондай-ақ үшінші елге/елдерден автокөлікпен жүк тасымалдауға рұқсат жүйесін енгізу мүмкіндігі бар. Бұл Заң жобасы аясында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, осы күнге дейін Грузия мен Қазақстан арасында жүретін қауіпті жүктер мен ауыр салмақты жүктерді қоспағанда, автокөлікпен екіжақты, транзитті және үшінші елдерге жүк тасымалдау рұқсатсыз жүзеге асырылған.

«Рұқсатсыз жүйе автомобиль тасымалын орындау кезінде Грузияның көлік операторларына басымдық беріп, ұлттық тасымалдаушылардың мүддесін толықтай қорғауға мүмкіндік бермейді. Мәселен, 2020 жылы экспорт-импорт бағытында тасымалданған 18 мың 96 тонна жүктің 29 пайызы отандық тасымалдаушылар еншісіне келсе, 57 %-ын грузин көлік операторлары тасымалдады. Бұған бірнеше себептерді келтіруге болады. Грузияда халықаралық тасымалдағы автокөлік паркі артқан. Еліміз паркі 7 мың 754 болса, Грузияда 8 мың 901-ге жетті. Сонымен қатар соңғы кездері Грузия аумағында Грузия-Түркия, Грузия-Украина сияқты бірлескен автотасымал кәсіпорындары ашылды.Тағы бір себеп - Грузия елінің теңізге шығуға мүмкіндігі бар», - деді министр Атамқұлов.

Аталған Хаттаманы ратификациялау бюджет қаражатын жұмсауды қажет етпейді екен. Егер заң бойынша рұқсат жүйесі енгізілсе, екі ел арасындағы автокөлікпен жүк тасымал нарығында тепе-теңдік орнайды. Екіншіден, отандық көлік операторларының тасымалдағы үлесін арттыруға ықпал етеді. Үшіншіден, отандық тасымалдаушылар таситын жүк көлемі ұлғайып, олардың табысы артады.

Бұл Хаттамадан бөлек бүгін Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Заңы қабылданды. Бұған дейін аталмыш Заң екі оқылымда қаралып, мақұлданған болатын. Бұл Заң жобасы Президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында берген тапсырмасын іске асыру мақсатында және жол жүру саласындағы заңнаманы жетілдіріп, азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің құқықтарын және мүдделерін қорғау туралы тапсырмасына сәйкес Парламент депутаттарымен әзірленген болатын.

Сенат депутаты Нұрлан Бекназаровтың мәлімдеуінше, Заң жобасында жүргізушілерден жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу туралы куәлікті өзімен бірге алып жүру міндеттемесін алып тастау енгізілмек. Сонымен қатар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстен ҚР аумағында берілген жүргізуші куәлігі мен көлікті тіркеу туралы құжатты өзімен бірге алып жүруді міндеттейтін нормалардың сақталмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті алып тастау ұсынылды.

«Автокөлік иесін полиция тоқтатқан кезде, ол жеке куәлігін ұсынып, сол жеке куәлікпен полиция қызметкері планшет арқылы электрондық базада оның қажетті құжаттары бойынша тексеру жүргізе алады. Алайда бұл өзгеріс шетелдік жүргізушілер мен шетелдік көлік құралдарына қолданылмайды, яғни олар өзімен бірге барлық қажетті құжаттарды алып жүруге міндетті», - деді депутат.

Бекназаров келтірген мәліметке сүйенсек, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің статистикасында соңғы үш жылда елімізде 45950 жол көлік оқиғалары орын алып, соның салдарынан 60469 адам әр түрлі деңгейдегі дене жарақаттарын алып, 6498 адам қаза болған.

«Жалпы заң жобасын қабылдау азаматтарымызға қолайлы жағдай жасауға және құқық қорғау органдарының қызметін оңтайландыруға оң әсерін тигізеді. «Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына он жылдан аса пайдаланып келген автобустарды бастапқы тіркеуден өткізуге тыйым салатын түзету ұсынылады және бұл норманы 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу көзделуде», - деді сенатор Бекназаров.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Бұл заңның өзектілігіне тоқталды.

«Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысында осы заңдағы ұсыныстарды айтқан болатын. Соған сәйкес, енді көлік жүргізгенде жүргізуші куәлігін және көліктің техникалық паспортын көрсетуді міндеттемеу – цифрландыру жұмыстарының көрсеткіші», – деді М. Әшімбаев.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне және «Жол жүрісі туралы» ҚР Заңына Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін және көлік құралын тіркеу туралы куәлікті өзімен бірге алып жүруді жүргізушіге міндеттейтін нормаларды қолданыстағы заңнамадан алып тастайтын түзетулер енгізіледі.

Сонымен қатар заң жобасымен шығарылғанына он жылдан асқан автобустарды бастапқы тіркеуге тыйым салу көзделеді. Осы норма
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізіледі.

Заң жобасынан күтілетін нәтиже – жол жүрісінің қауіпсіздігін жақсарту.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті «Қазақстан Республикасы Парламентiнiң комитеттері мен комиссиялары туралы» Қазақстан Республикасы Заңы
29-бабының 1), 7) тармақшаларын басшылыққа ала отырып, Парламент Мәжілісі мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңын Сенат отырысының қарауына енгізеді және Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының
4-тармағына сәйкес оны қабылдауды ұсынады.

Сенаттың отырысында қабылданған тағы бір Заң – «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуалдың туындау жағдайына дайындықты және олардың зардаптарын жою кезіндегі өзара көмекті қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы. Бұл Заң жобасы 2018 жылғы 14 маусымда ТМД Экономикалық Кеңесінің отырысында мақұлданған болатын, Ал 2018 жылы қараша айында елордада ТМД үкімет басшылары кеңесінің отырысы аясында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі қол қойды. Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, Келісімді ратификациялау ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуал туындаған жағдайда ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасында ақпарат пен көмекті жедел ұсынуға мүмкіндік береді.

«Келісімнің қатысқан мемлекеттер: Қазақстан, Беларусь, Армения, Қырғыз, Өзбекстан, Тәжікстан Республикалары және Ресей Федерациясы. Заң құжаты ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің уәкілетті органдары арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігі мен өнімділігін арттыруға, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға байланысты кез келген ықтимал оқиғаларға уақтылы ден қоюға бағытталған», - деді ол

Қазақстан Республикасының «Атом энергиясын пайдалану туралы» Заңына сәйкес, атом энергиясын пайдалану саласында трансшекаралық авариялар немесе оқыс оқиғалар туындаған жағдайда, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес уәкілетті орган азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, құлақтандыру және ден қою жөніндегі шараларды қабылдайды.

 Министр Заң жобасын қабылдау келеңсіз әлеуметтік-экономикалық және өзге де салдарға әкеп соқпайды деп сендірді.

«Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қаржы корпорациясы арасындағы Қазақстан Республикасында офистер құру және олардың қызметі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндама жасады. Аталған Заң жобасы ұсынылды, қабылданған жоқ. Министрдің айтуынша, келісім 2020 жылы 28 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласында жасалды. Келісім Халықаралық қаржы корпорациясының офисі қызметінің негізгі ережелерін, сондай-ақ, қызметкерлер үшін артықшылықтар мен иммунитеттерді белгілейді.

«Халықаралық қаржы корпорациясы 1956 жылы құрылып, халықаралық даму институты болып табылады. Оның негізгі қызметі жеке сектордың дамуына жәрдемдесуге бағытталған. Халықаралық Қаржы Корпорациясы Дүниежүзілік банк тобының құрамына кіреді. Халықаралық қаржы корпорациясының офистері 104 елде бар», - деді ол баяндамасында.

Баяндамашының айтуынша, даму институты Қазақстанда өз қызметін 1994 жылдан бастап жүзеге асырады. Осы кезеңнен бастап 1.6 миллиард доллар көлемінде жобалар қаржыландырылған.

«Бұл Орталық Азия елдеріне салынған инвестициялардың жалпы көлемінің 70 % құрайды. Аталған келісім Халықаралық қаржы корпорациясының қазақстандық офисінің орнықты жұмыс істеуіне және жаңа инвестициялар тартуға ықпал етеді. Келісімді ратификациялау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды», - деді Ә.Ерғалиев.

Барлық жаңалықтар