• Басты
  • Сенат отырысы: Қандай заң жобалары қабылданды
17 Қыркүйек, 2020 14:04

Сенат отырысы: Қандай заң жобалары қабылданды

Парламентте Сенат отырысы өтті. Жиын толық мемлекеттік тілде жүргізілгенін атап өту керек. Екі сенатор ғана мәлімдемелерін орыс тілінде жасады. Отырыста қаралған Заң жобалары мен шешімдер, сенаторлардың депутаттық сауалдарын Strategy2050.kz тілшісі әзірлеген материалдан оқи аласыздар.


Сенат отырысы: Қандай заң жобалары қабылданды

ҚР Парламенті Сенатының отырысын Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев ашты. Ол Сенат депутаттарының дауыс беруімен күн тәртібін бекітті.

Заң жобалары қабылданды

Қоршаған ортаны аялау туралы Заң жобасымен таныстыру үшін алғашқы сөз сенатор Әбдәлі Нұралиевке берілді.

Нұралиевтің айтуынша, бұл заң жобасының көздегені - туризм нысандарын салу, ерекше маңызы бар құрылыстарды бастау. Құрылыстардың іске асуы үшін бұрын берілген, бірақ мақсаты бойынша пайдаланбаған жерлерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрамына қайтару рәсімін оңайлату. Заң жобасымен Жер кодексіне және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мәулен Әшімбаевтың дауыс беру туралы бұйрығынан кейін сенаторлар дауысқа салды. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы». Жоба екінші оқылымда қаралды. Сенат төрағасы Андрей Лукинге сөз берді. Қазақша сәлемдескен соң Лукин Заң жобасын орысша баяндады.

Қылмыстық кодекстің «Қылмыс жасауға арандату» деген 412-1-бабын» өзгерту керек. Бұл заңнан соң әшкерелеу және қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе бопсалау мақсатында адамды қылмыс жасауға көндірген жедел-іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамның заңсыз әрекеттері қылмыс жасауға арандату болып саналады, - деді Лукин.

Депутаттар Қылмыстық кодекстің «Қылмыс жасауға арандату» бабына өзгерістер енгізді. М.Әшімбаев бұл Заң жобасы бірінші оқылымда талқыланғанын мәлімдеді. Сенаторларға Әшімбаевтан дауыс беру бұйрығы келген соң олар бір ауыздан Заң жобасын қолдады. Осылайша «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.

Айтпақшы, Лукин баяндамасында квазимемлекеттік сектордағы азаматтар кез келген сомадағы сыйлықтарды алуына тыйым салуды айтты.

Депутаттық сауал қойды

Алғаш болып депутаттық сауал жолдаған Мұхтар Құл-Мұхаммед сауалын Үкіметке бағыттады. Оның сауалы білім беру жүйесіне қатысты. Айтуынша, мектептерге интернет трафик, компьютер, интерактивті тақталар алуға қомақты қаржы бөлінген.

Қашықтан оқыту кезінде шетелдік қосымшаларды пайдаланады. Сонда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бөгде бейнежазбалардың тарап кетпеуінің алдын алу, кезекші сыныптарды ұйымдастыру және білім алу үдерісіне мәжбүрлі түрде қатыса алмай отырған аз қамтылған отбасылар балаларының санына талдау жүргізу жұмыстары қаншалықты орындалды? Мемлекет басшысы бірыңғай білім беру онлайн-платформасын құру туралы тапсырма берген еді. Ол нақты қашан жүзеге асады? Онлайн білім беру платформасын құруға жауапты мемлекеттік органдардың жұмысы белгілі ма? Процесті жылдамдатуға техникалық мүмкіндіктер бар ма? Бұл жұмысқа бюджеттен қосымша шығындар қарастырылған ба? Қашықтан оқыту аясында азаматтардың тегін орта білім алуы үшін конституциялық кепілдіктер қамтамасыз етілген бе?, - деп сұрады Құл-Мұхаммед.

Бұл депутаттық сауалға ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров пен сұрақ жолдаушының өзі Мұхтар Құл-Мұхаммед қол қойды.

Екінші сауалды сенатор, журналист Нұртөре Жүсіп жолдады. Ол да Үкіметке жолдады. Кітап оқу мәселесін көтерді.

Қазір жұрт кітап оқудан қалып бара жатыр. Кітап оқымаған адам қалай білімді болады? Кітап оқымайтын қоғам қалай рухани кемелденбек? Сократ, Аристотельдер адамның рухани кемелденуіне кітап оқудың үлкен пайдасы бар екенін жазып кетті. Интернет, әлеуметтік желі, телеарна, радио арқылы алынған ақпараттар толыққанды білім негізін құрай алмайды. Сол себептен де әлемнің көптеген елінде кітап оқу ісіне мемлекеттік әрі қоғамдық қолдау көрсетіліп жатыр. Осы бағытта ұлттық бағдарламалар қабылданып, отбасылық және балалар оқуына айрықша көңіл бөлініп отыр. Мұндай бағдарлама бізде неге жоқ? Осыған орай Қазақстанда әкімшілік құрылымдар мен кітапхана қызметіне, мәдени-ағарту мекемелері мен қоғамдық ұйымдарға бағытталған ұлттық бағдарлама қабылдау керек деп есептейміз, - деді ол.

Ол сонымен қатар кітап оқу мәдениетін көтеру мақсатында өз тарапынан бірнеше ұсыныс айтты.

Сенатор Ләззат Сүлейменнің сауалы демография мәселесіне арналды. Депутаттық сауал жаңадан құрылған Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетовке арналды.

Ұлттық және аймақтық деңгейде адами капиталдың саны мен сапасын бағалаудың заманауи мемлекеттік басқарудағы басты элемент. Соңғы онжылдықта Қазақстан халқының саны екі миллион төрт жүз мың адамға немесе 15,1 %-ға өсті, негізінен оның табиғи өсімімен қамтамасыз етілді. Бұл өсім 2020-2024 жылға дейін жалғасады. Содан кейін әйелдердің бала туу әлеуетін азаюына байланысты кері коэфиицент көрсетеді. 2035 жылы қайта қалпына келеді. Үлкен жастағы адамдардың саны алдағы 5 жылда 4 пайызға өседі. Қазір еліміз 90 жылдың тоқырауында туылған жастардың жұмысқа орналасу кезеңінде. Бала тууды шынайы қолдау жұмысы керек. Демографиялық өзгерістердің теріс салдарын еңсеруді алдын ала стратегиялық жоспарлау және бұл мақсатқа қол жеткізіп демографиялық дивиденд алу үшін, мемлекет адам капиталына инвестициялардың деңгейі мен қайтарымын арттыруға бағытталған саясат жүргізуі тиіс. Ол үшін жастардың еңбек нарығына тартылуын ұлғайту, жастардың денсаулық, еңбек және репродуктивті құқықтары, әлеуметтік қолдау кепілдіктерін қамтамасыз етуге бағытталған, бала тууды қолдау саясаты нақты әрі нәтижелі болуы тиіс, - деді ол.

Ләззат Сүлеймен еліміздің демографиялық даму саясатының 2020-2030 жылдарға арналған бағдарламасын қазір әзірлеу керек екенін айтты.

Сенатор Ақылбек Күрішбаев заңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың нақты механизмі белгіленгенін және бұл мақсатқа бюджеттен отыз млрд теңге бөлінгенін айтты.

Пандемия және экономикалық дағдарыс еліміздегі өмір сүру деңгейін түсіріп жіберді. Әр отбасының қаржысы тек тамақ сатып алуға жеткілікті. Сондықтан біздің азаматтарымыз үшін азық-түлік бағасын реттеу өмірлік маңызы бар мәселе болып түр. Сауда орталықтарын таңдау әдісі түсініксіз. Неге кейбір таңдаулылар ғана жеңілдетілген несиеге ие болады? Азық-түлік тауарлары бағасының елеулі құбылуы кезінде оның ең төменгі шегін алдын ала болжау өте қиын. Өйткені, ауылшаруашылық өнімдерінің бағасы тек маусым бойынша ғана емес, әрбір жылда өзгеріп отырады. Бұл схемада сауда орталықтары тек отандық ауылшаруашылық тауарларын алуға міндеттелмегенін, сол себепті қазақстандық фермерлер өз өнімдерін өткізе алмай бюджет қаражаты шетелдік өндірушілерді қаржыландыруға жұмсалып жатыр. Тұрақтандыру қорының бағаны реттеуге, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға деген пәрменділігі де күмән келтіреді, себебі онда сыбайлас жемқорлық көріністері басым. Менің ойымша, бұл мәселемен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шындап айналысуы керек, - деді сенатор.

Депутат Ерік Сұлтанов Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыз су мәселесін көтеріп, Премьер-министр Асқар Маминге сауал жолдады.

Солтүстік Қазақстан облысының су құбырларының 67 % толығымен тозған және топтық су құбырлары жүйесінің ақаулы техникалық жағдайы төтенше жағдайлардың туындауына алып келіп отыр. Олар Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының 200-ден астам ауылдық елді мекендерін сумен қамтамасыз етуге қауіп төндіріп отыр. Магистральдық құбырлардың қатты тозуына байланысты тасымалдау кезінде су шығынының жалпы көлемі 65 пайызды құрайды. Преснов топтық су құбырын қайта қалпына келтіру жобасын іске асыру 2014 жылдан бері жүріп жатыр, алайда әлі аяқталған жоқ. 2019 жылы жұмыстарды орындау қарқынының төмендігіне байланысты 2,9 млрд теңге игерілмей, бюджетке қайтарылған. 2020 жылы жобаны жалғастыруға 1,1 млрд теңге бөлінді, бірақ бұл қаражаттың да игерілмеу қаупі бар. Осы мәселенің әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын ескере отырып, Сізден Солтүстік Қазақстан облысының ауыл халқын сумен жабдықтау проблемаларын жою бойынша тиімді шаралар қабылдауыңызды және заңнамада белгіленген тәртіппен жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз, – деді сенатор Е. Сұлтанов.

Дәурен Әділбеков Сенат отырысында Премьер-Министр Асқар Маминнің атына шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері бойынша депутаттық сауал жолдады.

Д.Әділбековтің пікірінше, жылдық 6%-ға дейінгі пайыздық мөлшерлемені мемлекеттік субсидиялау түрінде шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдаудың қабылданған шарасы тек экономиканың зардап шеккен салаларымен шектелгендіктен ШОБ-ты несиелеудің өсуін қамтамасыз ете алмайтынын ашып айтты.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы басшысының ақпараты бойынша, төтенше жағдай кезінде несиелік төлем міндеттемелері ШОБ-тың 1 % ғана кейінге қалдырғанын атап өту керек. Осылайша, банк секторының ШОБ-ты несиелендіруге іс жүзінде қатыспайтыны туралы қорытынды жасауға болады. Субсидияланған пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беретін жеке банктер ШОБ-қа несие беруге мүдделі емес. Мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру тәжірибесі «тұрақты жеңімпаздардың» бар екендігін көрсетеді, олармен келісімшарттар жасалады. Мәселен, уәкілетті органның деректері бойынша 2018 жылы 49 мың жеткізуші конкурстарды бес реттен артық ұтып алған. Қолданыстағы заңнамада әкімдіктердің бос ауыл шаруашылығы жер учаскелерін конкурстарға шығаруына қатысты сүйенетін нормалардың жоқ. Яғни, әкімдіктер қандай бос жер телімі және оның қашан конкурсқа шығарылатынын өздері шешеді, - деді ол.

Сенат Төрағасы маңызды мәселелер көтеріліп, нәтижелі жұмыс көрінген Сенат жиынына қатысушыларға алғыс айтып, отырысты жабық деп жариялады.

Фото: ашық дереккөз

Барлық жаңалықтар