• Басты
  • Сенат отырысы: қабылданған Заңдар, қос азаматтық мәселесі, Арал проблемасы, Таразда ескірген су құрылғылары

Сенат отырысы: қабылданған Заңдар, қос азаматтық мәселесі, Арал проблемасы, Таразда ескірген су құрылғылары

18 Наурыз, 2021 13:22

Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысы өтті. Депутаттар «2005 жылғы 25 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, қабылдады. Бірнеше сенатор депутаттық сауал жолдады. Отырыста қаралған, қабылданған Заң мен сенаторлар сауалдары Strategy2050.kz тілшісінің материалында.


ТМД аумағындағы көлік ұрлығымен күрес

Сенат отырысында қаралған алғашқы Заң жобасы - ТМД аумағындағы автокөлік ұрлығымен күрестегі өзгерістер. Енді отандық полицейлерге ТМД аумағындағы автокөлік ұрлығымен күрес жұмыстарын жүргізу оңайырақ болмақ. ТМД мүше мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісім ТМД елдерінің аумағында тіркеуден шығарылған және апатқа ұшыраған автокөліктер туралы мәліметтер жарияланатын деректердің ақпараттық базасының жұмысын қолдауды көздейді. Мәліметтермен жедел алмасу тәжірибесі Достастыққа мүше мемлекеттердің автокөлік ұрлығымен күрес және оларды қайтару жұмыстарында бірлесіп, белсенді әрекет етуге мүмкіндік береді.

«Түзетулер ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік құралдарын ұрлауға қарсы күресте қажетті ақпаратты алу жөніндегі бірлескен күш-жігерді күшейтеді, сондай-ақ ұрланған көлік құралдарын қайтару шараларының тиімділігін арттырады деп күтілуде», - деді Ләззат Сүлеймен.

Бес елге – бір патент

Отырыс барысында қаралған заң жобаларының бірі тауар белгілеріне патент алу, қызмет көрсету белгілері және тауар шығарылған жерлердің атауларына қатысты болды. ЕАЭО нарығында жұмыс істейтін қазақстандық кәсіпкерлерге енді өз бизнесін қорғау оңай болады. Бүгін сенаторлар тауар белгілеріне, қызмет көрсету белгілеріне және тауар шығарылған жерлердің атауына патенттер беруге қатысты заң қабылдады. Бүгін қабылданған тағы бір Заң «Еуразиялық экономикалық одақтың тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы шартты ратификациялау туралы» деп аталады.

Енді азаматтар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бірінің патент беретін ведомствосына жүгінсе жеткілікті. Ал бұрын өтінім беруші патент алу үшін Одақтағы бес елдің патенттік мекемелеріне бес елдегі мемлекеттік рәсімдер бойынша жеке дара өтінім беруге мәжбүр еді. Сонымен қатар, халықаралық жүйе бойынша өтінім беру үшін оны аудару, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымына баж салығын төлеу, сондай-ақ бір жыл ішінде ол өтінімді қарауды күту қажет болатын.

Осылайша, Экономикалық Одақ аумағында өз тауар белгісін қорғауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, жаңа нормалар ЕАЭО нарығына арналған отандық тауар өндірушілердің құқықтарын қорғау деңгейін арттыра түседі.

«Шарт бір өтінім беру арқылы тауар таңбасы мен қызмет көрсету таңбасына және тауар шығарылған жерлердің атауына қатысты Еуразиялық экономикалық одақ аумағында бірыңғай қорғау құжатын алудың өңірлік жүйесін құруға бағытталған. Тауар белгілерін тіркеудің бірыңғай тетігін енгізу олардың ЕАЭО бүкіл аумағында құқықтық қорғалуын күшейтуге мүмкіндік береді. Осының бәрі инвестициялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді, ал инвесторларға осы саладағы өз қызметін жоспарлау оңайырақ болады», - деп атап өтті сенатор Қанатбек Сафинов осы тақырып бойынша сөйлеген сөзінде.

Темекі өнімдеріне акциздер, Болгарияда сотталған Қазақстан азаматтарын елге беру

Бүгін қабылданған «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің темекі өнімдеріне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң 2024 жылдан бастап темекі өнімдеріне акциздердің индикативтік мөлшерлемесін қолдануды қарастырады. Мұндай норма ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағында темекі өнімдерінің акциздеріне салық салуда бірыңғай тәжірибені қолдануды қамтамасыз етеді.

«Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» Заң арқылы сотталған адамдарды әрі қарай жазасын өз елінде өтеу үшін беруге мүмкіндік туаады.

Одан бөлек, сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша келісім комиссиясының құрамын бекітті. Бұл құжат бойынша Мәжілістің пікірін қарау және келісу үшін Парламенттің келісім комиссиясының құрамына Сенаттан Сәуле Айтпаева, Андрей Лукин және Сұлтанбек Мәкежанов ұсынылды.

Құқық қорғау қызметкерлерінің «қос азаматтығы»

Отырыстың екінші кезеңінде сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.

Депутат Нұржан Нұрсипатов қос азаматтық мәселесін көтерді. Ол Еңбек кодексі мен «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға енгізілген түзетулер құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қолданылмайтынын атап өтті. Олардың салалық заңдарында мұндай нормалар мүлдем жоқ.

«Қабылданған шаралар одан әрі жүйелі және дәйекті дамытуды әрі тексеруді қажет етеді. Мәселен, еліміздің құқық қорғау қызметі туралы, әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі, арнаулы мемлекеттік органдары туралы салалық заңдарда шет мемлекеттің азаматтығы қызметтен шығару үшін дербес негіз ретінде қаралмайды. Осы мәселе қаралу керек», - деді Нұржан Нұрсипатов.

Сенатор сонымен қатар бұл бөлімдегі заңнамалық нормалар алдын-алу болуы керек деп санайды. Яғни, құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтықтан шығу фактісі бойынша емес, олардың өздері, жұбайлары немесе жақын туыстарының осындай ниет білдірген кезден бастап өз басшылығын хабардар етуі тиіс.

Салық түсімдерін жағдайы төмен отбасыларға жұмсау

Депутаттық сауал жолдаған келесі сенатор Сергей Ершов акциздердің өсу есебінен көбейген салық түсімдерін халықтың әлеуметтік-осал топтарына жұмсаудың маңызы зор екенін жеткізді.

Депутаттың айтуынша, кейінгі бірнеше жылда ЕАЭО аясындағы көптеген тауарларға қандай да бір мөлшерлеме мен акциздерді үйлестіру барысында акциздік салық салу айтарлықтай өсті. Олардың қатарында бензин, дизель отыны, жеңіл автомобильдер, алкоголь және темекі өнімдері бар. Мәселен, бензинге акциз ставкасы 2 еседен астам - 10 500 теңгеден 24 435 теңгеге дейін, темекіге - 1 000 теңгеден 11 100 теңгеге дейін, яғни 10 еседен аса өсті.

Сенатор акциздер ұлғайғанда бюджетке салық түсімдері де сол бойынша едәуір ұлғаюы тиіс екенін атап өтті, бұл тиісінше қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатында көрініс тауып, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге әсер етуі керек.

«Дегенмен, бірінші қажеттіліктегі азық-түлік бағасының күрт көтерілуінен басқа, акциздік мөлшерлеменің көтерілуіне байланысты отандастарымыздың материалдық әл-ауқатында айтарлықтай өзгерістер байқалмады. Осы жерде «Акциздердің өсуінен түскен табыс қайда жұмсалады?» деген сұрақ туындайды. Бұл мәселеде салық түсімдерінің осы түрлерін пайдалануда оның кімге арналатыны мен нысаналық сипаты болатыны туралы қағиданы енгізу керек", - деді сенатор.

Оның айтуынша, бұл осы қаржыны нақты алушыларға, бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарына және белгіленген бағыттар бойынша бөлуді көздейді. Бұл қазіргі акциздік салық салу жүйесінің қаншалықты әділ екенін анықтауға, сондай-ақ оларды қолдану жөн екенін түсінуге мүмкіндік береді.

Тараз қаласында су тазалау құрылғыларының ескіруі

Депутат Бекболат Орынбеков Тараз қаласында су тазалау құрылғыларының құрылысын жүргізу қажеттігін айтып, сауал жолдады. Ол өңірдегі бірқатар проблемаларды тізіп шықты. Мәселен, Тараз қаласындағы 1962 жылы салынған кәріз желілерінің де, 4 кәріздік сорғы станциясының да техникалық жағдайы өте төмен.

Қалалық кәріз желісіне сонымен бірге сарқынды суларды ағызатын тұрғын үй құрылыстары мен өнеркәсіп кәсіпорындарының қалдықтары қосылады. Ал бұл сүзу алаңдарына шамадан тыс қысым туғызып, гидравликалық ауыртпалыққа әкеліп соғады. Осының салдарынан жер асты сулары ластанып барады. Бұл Жамбыл ауданының жақын маңдағы Бірлесу-Еңбек, Қостобе, Өрнек, Ерназар, Тастөбе атты бес елді мекенінің тұрғындарын ауыз судан айырып, ауыл шаруашылығы алқаптарын батпаққа айналдырды, ал елді мекендерді су басатын болды.

Депутаттың айтуынша, мемлекеттік кепілдікпен халықаралық қаржы ұйымдарынан қаражатын тарту арқылы бірнеше қалада кәріздік тазарту имараттарын салу және реконструкциялау жобасы жоспарланған. Алайда, бұл қалалар тізіміне 400 мыңға жуық тұрғыны бар Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласы кірмей қалған.

«Осында айтылған мәселеге орай Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне және экологиялық тұрғыдан маңыздылығын ескере отырып, оны тездетіп шешу үшін Тараз қаласын кәріз-тазарту имараттарын салу жоспарының 1 кезеңіне қосуға қолдау көрсетуіңізді сұраймыз», - деді Бекболат Орынбеков.

Кіші Аралда су деңгейі тағы төмендеді

Сенатор Мұрат Бақтиярұлы Арал теңізіне қатысты мәселені көтерді. Ол Арал теңізінің солтүстігіндегі Кіші Арал бассейнінде су деңгейінің төмендеуіне алаңдады. Оның айтуынша, Кіші Аралдағы су көлемі қазір 22 млрд. текше метрді құрайды. Ол алдыңғы жылдарға қарағанда 5 млрд. текше метрге азайған. Кіші Аралға құятын Сырдария өзенінің суын пайдаланудың қазіргі қарқыны сақталар болса, алдағы 5-7 жылда теңіздің солтүстігі құрғаққа айналып, экологиялық апатқа ұшырауы мүмкін.

Осыған орай сенатор теңізді сақтап қалу үшін кешенді шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Соның аясында су дипломатиясын белсенді жүргізу, су тұтыну көлемін азайту және тиісті заңдарға өзгертулер енгізудің берері мол екенін тілге тиек етті.

«Осыдан 17 жыл бұрын қабылданған Еліміздегі су ресурстарын басқару заңы қазіргі талаптарға жауап бере алмайды. Сондықтан суды пайдаланудың жаңа тұжырымдамасы жасалып, ол тек суға қажеттілікті реттеп қоймай, су нысандарымен байланысты табиғи экожүйелерді сақтап, суды үнемдеуге ынталандыру үшін тұтыну саласындағы тарифтерді қайта қарап, озық технологияларды енгізуге мұрындық болуға тиіс», – деді Мұрат Бақтиярұлы.

 Бірқатар заң қаралып қабылданған, өңірлердегі өзекті мәселелер көтерілген Сенаттың кезекті отырысы аяқталды.


Барлық жаңалықтар