• Басты
  • Сайлау тәуелсіз Қазақстанның демократиялы ел екенін айқындайды

Сайлау тәуелсіз Қазақстанның демократиялы ел екенін айқындайды

16 Желтоқсан, 2020 10:08

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қазақстан халқының сайлауға қатысуы, сайлаудың Қазақстанның саяси өміріндегі орны мен көппартиялы Парламент құру жүйесі туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалынан біліңіз.


16 желтоқсан Тәуелсіздік күні – Қазақстанның ең басты мерекесі. Азаттық күнін тойлауды бабалар аңсап, арманда кетті. Бүгінгі ұрпақ тәуелсіз елде өмір сүру деген бақыттың дәмін татып отыр. Жалпы тәуелсіздіктің қадірін түсіне алып жүрміз бе? Оның қадіріне бабалар тарихын оқыған, тәуелсіздік белгілерін түсініп, өзге тәуелді мемлекеттердің қандай халде екенін білген адам адам ғана жететін болар, бәлкім.

Тәуелсіздіктің құнды белгілері – мемлекеттік рәміздері, мемлекеттік тілі, Конституциясы, ұлттық валютасы, мәдениеті мен тарихын ұрпаққа ашық насихаттау, сонымен қатыр тәуелсіз мемлекетте шоғырланған халық үнінің билікке жетуі. Соңғысын басқаша демократия деп атайды. Қазақстан Републикасының Ата Заңы конституциясында Қазақстан өзін демократиялы, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп көрсетеді. «Democracy» деген ағылышын сөзі көне грек тілінің «demos» деген сөзінен пайда болды, оның мағынасы – халық.

Басқаша айтқанда, демократия – халықтың дауысы. Оның мағынасы – кез келген мемлекеттің халқы өз пікірін білдіруге елдің билік жүргізуші үкіметіне дауыс бере алады дегенді білдіреді. Қазақстандағы демократияның көрінісі – халықтың Президент сайлауына, Парламент сайлауына, мәсслихат депуттарын сайлауға қатысуы. Бір айдан соң өтетін сайлау Парламент депутаттарын сайлау болғандықтан, бүгін сол тақырыпты ашып көрелік. 10 қаңтарда қазақстандықтар Парламенттің төменгі палатасы Мәжіліс депуттары мен өңірлік, аудандық, қалалық мәлихат депутаттарын сайлауға қатысады.

 Бұл сайлау тәуелсіз Қазақстан тарихындағы сегізінші парламент сайлауы болмақ. Бұған дейін Қазақстан азаматтары 7 рет Мәжіліс депуттарын таңдады. Саяси сарапшылардың айтуынша, жеті сайлау Қазақстан қоғамы демократиялануының едәуір өсе түскенін көрсетті. Мұндай сайлау Конституциялық Заңға сәйкес 4 жылда бір рет өтіп тұруы тиіс.1994 жылы наурыз айында Жоғарғы кеңес сайлауы нәтижесінде жалғыз палаталы Парламентке бір мандатты округтерден өзін-өзі ұсынған – 59, қоғамдық ұйымдардан – 75 және президенттік тізім бойынша 42 депутат бес жыл мерзімге сайланды. Алайда 1995 жылы 9 желтоқсанда Парламент Мәжілісінде сайлау қайта өтті. Мажоритарлық жүйе негізінде 67 депутат сайланды. 1999 жылғы екінші сайлауға 10 саяси партия қатысты. Парламентке 5 партия мен кәсіподақтар федерациясы және 23 тәуелсіз депутат өтті. Депутаттар саны 10-ға артып 77 болды. Жалпы сайлау барысында кандидаттар саны - орта есеппен бір орынға 8 адам тіркелді. 2004 жылдың қыркүйегінде үшінші шақырылымға 5 партия түсіп, 18 тәуелсіз депутат сайланды. Палата құрамында 69 ер адам және 8 әйел болды. Төртінші сайлау 2007 жылдың тамызында өтті. Парламент құрамына 107 депутат сайланды. Бесінші сайлау 2012 жылғы қаңтарда өтті. Сайлауға жеті саяси партия қатысты. Олардың үшеуі сайлаушылардың 7 пайыздан аса дауысына ие болып, Парламент Мәжілісіне өтті. Ал алтыншы Мәжіліс сайлауы 2016 жылы 20 наурызда өтті. Сайлауға қатысқан алты партияның үшеуі сайлаушылардың 7 пайыздан астамының дауысына ие болып, Мәжіліс құрамына кірді. 

2021 жылы 10 қаңтарда кезекті сайлау өтеді. Оған 5 саяси партия қатысады. Олар: «Nur Otan» партиясы, «Ауыл» партиясы, «Адал» партиясы, «Ақжол» партиясы және «Халық» партиясы. Биыл мамырда «Саяси партиялар туралы» және «Сайлау туралы» заңдарға енгізілген өзгерістерге сай, Қазақстанда саяси партияны тіркеу үшін бұрынғыдай 40 мың емес, 20 мың мүшесі болса жеткілікті. Партиялар мәжіліс пен мәслихат депутаттарына кандидаттар тізімін жасақтаған кезде әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота қарастыруы тиіс. Қоғам белсенділері сайлау заңына тәуелсіз кандидаттардың сайлауға түсуіне мүмкіндік беретін өзгеріс енгізу қажет деп санайды. Бүгін партия өкілдерінің үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудің 7-күні. Әр партия өз бағдарламаларымен қала, аудан, ауылдарды аралап, халықпен кездесулер жасап жүр.

ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында парламентте партиялардың бірігуі туралы жазған болатын.

«Парламент партиялары ықпалдастықтың жаңа тұрпатын түзейді, бірнеше фракция бас қосқан палатада жұмыстың өзара сындарлы механизмін қалыптастыруы керек», - деп жазды ол.

Көппартиялы Парламент – үдемелі демократиялық жаңғыру бағытын таңдаған Тәуелсіз Қазақстанның белгісі, мызғымас Конституцияның дәлелі.

Мәжіліс жүз жеті депутаттан тұратыны белгілі, олардың 98-і Парламент Мәжілісі депутаттарын партиялық тізімдер бойынша тепе-теңдік сайлау жүйесі бойынша сайланады, тоғыз депутатты Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Жасы жиырма беске толған ҚР азаматы Мәжіліс депутаты бола алады. Саяси партиялар Парламенттің төменгі палатасының құрамын сайлаудың тепе-тең жүйесі арқылы партиялық тізім бойынша құрады.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында биыл сайлау, саяси партиялар туралы заңдарға өзгерістер енгізілгенін меңзеп, «саяси жаңғыру, көппартиялықты дамыту және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне азаматтардың қатысу аясын кеңейту жөнінде шаралар» қабылданды деп атап өткен. Сайлаудың нәтижесін, көппартиялы Парламентке неше партияның сайланатынын 2021 жылдың 10 қаңтарынан кейін білеміз. Айтпақшы, бұл сайлау Тоқаев президенттік еткен Қазақстандағы алғашқы сайлау болмақ.

Барлық жаңалықтар