• Басты
  • Сайлау науқанында барлық партияның дайындығы мен белсенділігі көрінді. Сарапшылар пікірі

Сайлау науқанында барлық партияның дайындығы мен белсенділігі көрінді. Сарапшылар пікірі

14 Қаңтар, 2021 16:10

Саясаттанушы, Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы Бауыржан Серікбаевтың пікірінше, партиялардың сайлауға жан-жақты дайындықпен келгені көрінді. Ал саясаттанушы, "Альтернатива" өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботаревтың пайымынша, бұрын белсенділігі сезілмеген партиялар биыл белсенділікпен көзге түскен. Сарапшылардың пікірін толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан біліңіз.



«Меніңше, сайлауға қарағанда праймериз өте тартысты өтті. Әсіресе, «Nur Otan» партиясы сайлауға жан-жақты дайындықпен келгені анық көрініп тұр. «Nur Otan» 2019 жылы праймеризге дайындық ретінде әр өңірден қалалар мен аудандарды таңдап, праймеризді тест ретінде бір сынақтан өткізіп көрген. Ал 2020 жылы праймериз тұтас ел аумағын қамтыды. Праймериз аясында 10 мыңнан астам азамат тікелей саяси додаға түсті», - деді ол.

Серікбаев сайлау науқаны кезінде өткізілген дебаттарға баға берді.

131117760_1572916313097718_8924886626279959238_n.jpg

«Аудан, қала, ауылдарда дебаттар ұйымдастырылып, пікіралуандылығы орын алды, процеске қатысқан халықтың саяси мәдениеті көтерілді», - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сайлау бағдарламаларының да көптігі мен әралуандығын және оны халыққа түсіндіру жұмыстарын да сөз еткен. Оның айтуынша, әр аудан, қала бойынша 216 сайлауалды бағдарлама әзірленіп, нақты істердің атқарылар уақыты, тізімі бекітілді.

«Праймеризге қатысқан азаматтар осы бағдарламаларды негізге ала халықтың алдында үгіт-насихат жұмыстарын өткізді. Елге түсіндіру жұмыстары қатысушы азаматтар тарапынан іске асқан сәтті жоба болды», - деді ол.

Ол төрт жылдан кейін өтетін сайлауда партиялардың жұмыс істеу тәртібіне нұсқаулық та бере кетіпті.

«Біздің саясатта футболдағыдай екі лига бар. Жоғарғы лига және төменгі лига. Жоғарғы лигада билікте отырған "Нұр Отан" партиясы ғана бар. Өзге саяси партиялар да сайлауға бір ай қалғанда белсенуді қойып, 2026 жылғы сайлауға дайындықты елмен тұрақты жұмыс істеуді үйреніп қазірден бастауы қажет. Партиялар арасындағы саяси бәсеке жоғарғы лиганың деңгейіне шығуы тиіс. Лайым солай болсын», - деді ол.

Саяси ғылымдардың кандидаты Андрей Чеботарев 10 қаңтарда өткен сайлауды 2021 жылдың саяси кезеңінің қақпасын ашып берді деп есептейді.

123141357_3728589563870637_3022531734881502946_n.jpg

Ол сайлау күні Мемлекет басшысының жаңа реформалар туралы айтқанын еске салды. Жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің жаңа құрамы Президент білдірген ұсыныстарды заңнамалық тұрғысынан жүзеге асыратынын айтты.

«Бүгін өкілеттілігі басталған депутаттарға үлкен жауапкершілік артылғалы отыр. Бес партияның кейбірі сайлауда өтпей қалса да, олардың өкілдері жергілікті мәслихаттарда болар деген сенімдеміз. Себебі өңірлерде белгілі бір адам әкімдіктің көмегімен сайланып жатса, ештеңе істемей, өз мүддесімен жүрсе – еш нәрсе өзгермейді. Естеріңізге түсіріп көріңіздерші, пандемияның шырқау шегінде мәслихаттардың тіпті барын ұмытып кеттік. Ал қазір мәслихаттардың құрамында саяси партиялардың өкілдері болса, оларға деген талап та күшейер еді», - деді ол.

Ол партиялардың сайлау науқанындағы белсенділігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, осы сайлауда бес партияның қайсысы болмасын, белсенділікпен көзге көрінді.

«Nur Otan» партиясы көшбасшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген өзінің бағарламалық бағытынан таймай келе жатқанын көріп отырмыз. Парламенттік «Ақ жол» мен «Қазақстанның халық партиясы» және парламенттік емес «Адал» мен «Ауыл» партиялары да белсенді. «Адал» партиясы көптеген байқаушыларды таң қалдырып, сайлау процесінде алға ұмтылып шықты. Бұрын «Бірлік» партиясы болған кезінде ешқандай қызметін жүргізбеген, нақты көзқарасын білдірмеген еді. Тек 2016 жылғы парламенттік сайлауға қатысқаны болмаса», - деді сарапшы.

 

Барлық жаңалықтар