• Басты
  • Сайлау науқаны алдындағы шаралар қорытындыланды

Сайлау науқаны алдындағы шаралар қорытындыланды

8 Қаңтар, 2021 13:16

Бүгін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Отырыста қаралған мәселелер мен қабылданған шешімбер Strategy2050.kz тілшісінің материалында.



Отырыста 10 қаңтарда өтетін ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі науқан барысында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау барысы талқыланды. Ортсайлауком мүшесі Ерлан Дауылбаевтың айтуынша, сайлау жарияланған кезден бастап, 21 қазаннан қазірге дейін Орталық сайлау комиссиясына 104 өтініш келіп түсті, оның ішінде: 46 – жеке тұлғалардан, 36 – заңды тұлғалардан, сондай-ақ 22 – бұқаралық ақпарат құралдарынан.

«Көтерілген мәселелердің сипаты бойынша өтініштер былайша бөлінді: 63,4% (66) – сайлау заңнамасын түсіндіру туралы; 13,5% (14) – сайлау процесін ұйымдастыру мәселелері бойынша ақпарат беру туралы; 4,8% (5) – ұсыныстар; 4,8% - (5) өтініштер; 13,5% - (14) – өзге де мәселелер. Көрсетілген кезеңде келіп түскен 104 өтініштің 81-іне ОСК аппараты өтініш берушілерге белгіленген мерзімдерде толық жауаптар берді; 12-і Ортсайлауком құзыретіне кірмейтін ретінде заңда белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдарға қайта жіберілді; 6-ы заңнамаға сәйкес қараусыз қалдырылды: олардың ішінде 4 азаматтың өтініші, өйткені оларда мәселенің мәні баяндалмаған, сондай-ақ жаңа дәлелдер келтірілмеген екі қайталама өтініш. 5 өтініш қаралуда. Орындалмаған өтініштер жоқ», - деп есеп берді ол.

Дауылбаев Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың және сайлау процесіне басқа да қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша жұмыстың маңыздылығын сезіне отырып, 2020 жылғы 26 қарашада өтініштерді қарау барысы және сайлау заңнамасын түсіндіру тәртібі туралы Қаулы қабылдағанын атап өтті.

«Орталық сайлау комиссиясы өкілеттілігі шеңберінде басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп түсіндіру жұмысын ұйымдастыру бойынша шаралар жүйесін құрды. Ортсайлауком ақпараттық-түсіндіру материалдары кешенін әзірледі (бейне-, аудиорликтер, плакаттар, әдістемелік және басқа да материалдар), олар бұқаралық ақпарат құралдарының барлық түрлерінде кеңінен орналастырылды», - деді ол.

Сонымен қатар, Ортсайлауком қаулысына сәйкес ЖАО-мен бірлесіп, уақытша тіркелген азаматтарды сайлаушылар тізімдеріне енгізу тәртібі туралы азаматтарға кеңінен ақпарат беру, соның ішінде онлайн-сервистер мен Call-орталықтар арқылы ақпарат беру ұйымдастырылды.

Спикер өз есебінде барлық өңірде сайлау науқаны басталған кезден бастап 187 Call-орталық жұмыс істейтінін де айтып өтті. Call-орталықтарға және онлайн-сервистерге сайлау процесі мен сайлау қызметінің мәселелері бойынша 381,5 мыңнан астам өтініш түскен.

«2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша, Әділет министрлігі жанындағы Call-орталыққа 1129 өтініш түсті, соның ішінде 821 – сайлау заңнамасын түсіндіру мәселесі бойынша, 308– аумақтық сайлау комиссиялары туралы, жергілікті атқарушы органдардың Call-орталықтары туралы байланыс (анықтамалық) ақпараты туралы сұраулар.Жалпы, ОСК-ға келіп түскен барлық өтініштердің үштен бірі 13 заңды тұлғадан келіп түсті, олардың жартысы-3 қоғамдық ұйымнан. Олардың әрқайсысынан сұрақтармен 5 өтініш келіп түсті, оларға тікелей жауаптар бейіндік заңда қамтылған», - деді ол.

Сонымен қатар бүгінгі отырыста сайлау науқаны кезеңінде сайлау учаскелерін материалдық-техникалық жарақтандыру, санитарлық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, мүмкіндіктері шектеулі адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету бойынша жергілікті атқарушы органдардың жүргізген жұмысы туралы баяндалды.

Ортсайлауком Төрағасы Берік Имашев Мемлекет басшысының 2020 жылғы 21 қазандағы Жарлығына сәйкес жергілікті атқарушы органдар кезекті сайлауды материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдауы тиіс екенін атап өтті. Бұдан басқа, әкімдіктер дауыс беруді ұйымдастыру және өткізу кезінде COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылдауы тиіс.

Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдардың өкілдері тыңдалды. Олар сайлау учаскелерін материалдық-техникалық жарақтандыру, санитарлық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, мүмкіндігі шектеулі адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету бойынша жүргізілген жұмыстар туралы баяндады.

Отырысты қорытындылай келе, Берік Имашев дауыс беру күнін ұйымдастыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жататын барлық мәселелер міндетті түрде шешілуі тиіс екенін атап өтті.

Барлық жаңалықтар