• Басты
  • Сайлау-2021: үгіт-насихат трендтері. Сарапшылар пікірі

Сайлау-2021: үгіт-насихат трендтері. Сарапшылар пікірі

4 Қаңтар, 2021 19:30

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында саясаттанушылар мен сарапшылар алда келе жатқан сайлау қарсаңында болып жатқан үгіт-насихаттардағы жаңа трендтер туралы айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы, саясаттанушы Бауыржан Серікбаевтың айтуынша, үміткер партиялардың үгіт-насихат жұмыстарында ешқандай шектеу жоқ. Олар әлеуметтік желілердің көмегі арқылы да, сайлаушылармен тікелей кездесіп те, үгіт-насихатты ауқымды жүргізіп жатыр.

«Биылғы кезекті Парламент пен мәслихат депутаттарын сайлау алдында қатысқалы жатқан бес партияға бірдей мүмкіндіктер жасалған. Мәселен, бұл сайлау кезекті болып саналады, яғни Конституциялық мерзімге сәйкес өткелі жатыр. Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге алдын ала уақыт берілді. 10 желтоқсаннан бері кандидаттар мен сайлауалды штабтар сайлаушылармен кездесіп, оларға өз бағдарламаларын түсіндіріп те, олардың шағымдарын, проблемаларын тыңдап үлгерді», - деді сарапшы.

Бауыржан Серікбаев биылғы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының онлайн түрде белсенді жүріп жатқанын айта кетті.

«Үміткерлер онлайн да, офлайн да үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Партия мүшелері мен кандидаттар «есіктен есікке», «ауылдан ауылға» деген челленджбен әрбір үйге өзі тікелей барып үгіт-насихат жүргізді. Барлық партия әлеуметтік желілерде өте белсінді болғанын бәріміз көріп отырмыз. Әр партия Instagram, Facebook парақшаларында жазба жариялап, бейнероликтер салу арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Үгіт-насихат жұмыстарында шектеу жоқ. Мемлекеттік БАҚ-та әр партияның күнделікті атқарған жұмыстары туралы жазылып жатыр», - деді ол.

 Саясаттаннушы, заң ғылымдарының докторы, «Қазақстанның ғылымы мен өмірі» журналының бас редакторы Есберген Алаухановтың айтуынша, бұл сайлаудың басты ерекшелігі өз мерзімінде өтуінде. Үгіт-насихат жұмыстары ережеге сәйкес жүргізіліп жатыр.

«Бұл сайлаудың тағы ерекшеліктері бар. Мәселен, тұңғыш рет 30% әйелдер мен жастарға квота берілді. Жастардың белсенділігі әлеуметтік желіден көрініп жатыр. Мәслихат сайлауына кандидаттарға бірінші рет партиялық тізіммен өтуге және тұңғыш рет өңірлерде дебаттар өткізуде. Үгіт-насихат жұмыстарында ереже бұзушылық жоқ. Біз-сарапшылар куәміз. Халықтың сайлауға ықыласы бар. Әр партия халықпен, оның ішінде өңірлердегі қарапайым жұмысшылармен ашық диалог орнатып, олардың жағдайларын көзбен көру үшін іс-сапарларда жүр. Базарлар мен сауда орталықтарында да үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатыр. Үгіт-насихат жұмыстарының қорытындысын әр партия күнделікті өздерінің ресми парақшаларында жариялап отыр», - деді Алауханов.

Есберген Алаухановтың айтуынша, биыл партия мүшелері де сайлаушылар да белсенді.

«6 күннен кейін болатын сайлау өте жоғары дәрежеде өтеді деген сенімдемін. Біз құқықтық сауаттылығымыздың, құқықтық мәдениетіміздің жоғарылығын көрсетіп, құқықтық тәртіп бойынша дауыс береміз деп ойлаймын», - деді спикер.

Барлық жаңалықтар