Сайлау-2021: Бақылау комиссиясы қорытынды жасады

26 Шілде, 2021 11:40

"Сайлауды партиялық емес бақылау орталығы" кеше өткен аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлауын бақылауға белсенді қатысқан. Сайлауды бақылау қорытындысымен орталық төрағасы Төлеген Күнәділов елордада өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Strategy2050.kz тілшісі.

Ауылдық округ әкімдерінің сайлауын байқау процесін қамтамасыз ету мақсатында сайлауды Партиялық емес байқау орталығы құрылған болатын. Орталық қызметінің негізгі бағыты сайлауды, оның ішінде сайлау учаскелерінде байқау мен мониторинг жүргізу арқылы сайлау процесіне жүйелі түрде қатысу болып табылады. Айта кетейік, орталықтың филиалдары еліміздің барлық өңірлерінде бар.

«Дауыс беру күні таңғы сағат 7.00-ден бастап Орталықтың 2000-нан астам байқаушысы республиканың барлық облыстарындағы ең шалғай сайлау учаскелерін қоса алғанда, 1845 сайлау учаскесінде дауыс беруді байқауға қатысты», - деді Төлеген Күнәділов.
Оның айтуынша, өңірлердегі сайлауды байқау бойынша Партиялық емес байқау орталығының жұмысына 95 ҮЕҰ ұйымдары тартылған. Сонымен қатар, "Сайлауды Партиялық емес байқау орталығы" РҚБ жанында ахуалдық орталық жұмыс істеген. Онда өңірлерден келіп түскен мәліметтер өңделіп және талданған.

Орталық басшысының мәлімдеуінше, өңірлік байқаушылардың штабтарымен жедел байланыс тұрақты негізде сақталған және 14 облыстағы филиалдар басшыларының жұмыстарын үйлестіру жүргізілген. Сондай-ақ, барлық байқаушылар учаскелерге қолданыстағы сайлау заңнамасына сәйкес, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың талаптарына сай жіберілген.

«Байқаушылар электораттың жоғары келуін атап өтті. Сайлау комиссияларының жұмысына шағымдар мен теріс пікірлер түскен жоқ, сайлау учаскелерінде елеулі бұзушылықтар тірмеді», - деді Орталық басшысы.
Оның айтуынша, сайлауға ең жоғары қатысу ШҚО-да, одан әрі Жамбыл облысында және СҚО-да байқалған. Ол өз сөзінде анықталған бұзушылықтарға тоқталып өтті. Олар жекелеген азаматтардың өз отбасы мүшелеріне дауыс беру әрекеттері, дауыс беру кабинасына екі адамнан кіру, кейбір азаматтардың куәландыратын құжатсыз бюллетень алуға ниеті, және әлеуметтік қашықтықты сақтамаудың жекелеген фактілері екенін жеткізді. Ол бақылаушылардың барлығы осындай 12 бұзушылық тіркелгенін атап өтті.Алайда, оның айтуынша, олар сайлау процесінің заңдылығы мен ашықтығына әсер етпеген. Барлық аталған бұзушылықтар жедел жойылған.
«Дауыстарды санау процесі наразылық тудырмады. Бақылаушылар сайлау процесінің соңына дейін болды. Байқаушылар есептеу рәсімінің жариялылығы мен ашықтығын атап өтті», - деді ол.
Оның айтуынша, партиялық емес сайлауды байқау орталығының байқаушылары да сайлау процесін ақпараттық қамтамасыз етуге белсенді қатысқан. Атап айтқанда, әлеуметтік желілерде байқаушылардың 500-ден астам хабарламалары жарияланған. Өңірлік мобильдік капитандардың қатысуымен республикалық және жергілікті БАҚ-та 100-ден астам материал жарияланған.
Сонымен қатар, Төлеген Күнәділов алдағы уақытта партиялық емес бақылау орталығы бақылаушылардың этика кодексін әзірлеуді ұсынатынын айтты. Оның айтуынша, өткен сайлау байқаушылары көпшілігі өз миссиясын адал атқара бермейді. Бақылаудың негізгі мақсаты заңнаманың сақталуын бақылау болғанына қарамастан, көбінесе бақылаушылардың өздері заң талаптарын елеулі түрде бұзуға, соның ішінде бейне түсіруді жүргізуге және учаскелердегі басқа да дұрыс емес мінез-құлыққа жол береді екен. 

Оның пікірінше, бұл мінез-құлықтың көптеген фактілері сайлау заңнамасының білім деңгейінің жеткіліксіздігімен немесе тәжірибенің жоқтығымен байланысты екенін атап өтті.

«Бірақ сайлау процесінің беделін түсіру үшін әдейі арандатушылық әрекеттер жасайтындар да бар. Сондықтан бақылау институтын кәсібилендірудің және жалпы бақылау процесінің барлық қатысушылары сақтауы керек бірыңғай нормаларды әзірлеудің уақыты келді. Біз бақылаушылардың кәсібилігін дайындау үшін жүйелі және жоспарлы түрде жұмыс істейтін боламыз», - деді Төлеген Күнәділов.
Қорытындылай келе, ол партиялық емес бақылау орталығы бақылаушылардың этика кодексін құру туралы бастама көтеретінін атап өтті.



Барлық жаңалықтар