• Басты
  • Сайлау-2021: Ауыл әкімін сайлауды ұйымдастыру, кандидаттарды тіркеу және өту барысы

Сайлау-2021: Ауыл әкімін сайлауды ұйымдастыру, кандидаттарды тіркеу және өту барысы

2 Шілде, 2021 15:15

Мемлекет басшысы 2021 жылдың мамыр айының соңында сайлау заңнамасына енгізілген түзетулерге қол қойды. Құжатқа сәйкес, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың және ауылдық округтердің әкімдері тікелей сайлау арқылы сайланатын болады. Ауыл әкімдерін сайлау осы күзде өтеді. Заңнамалық база және осы сайлауға дайындық туралы мәліметті толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз.

Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегi Қазақстан халқына Жолдауын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2021 жылғы 15 қаңтардағы VII шақырылымдағы Парламенттiң бiрiншi сессиясында айтылған аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердiң, ауылдық округтердiң әкiмдерiн тiкелей сайлауды ендiру туралы тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асқан еді.

"Сайлау туралы" ҚР Заңына сәйкес сайлау округтерінің тізімі, олардың шекаралары, аумақтық сайлау комиссияларының орналасқан жерлері мен оның құрамы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болады.

Ауыл әкімін сайлауды ұйымдастыру

Әкім лауазымына Мемлекеттік қызмет туралы заңнамадағы біліктілік талаптарына сәйкес келетін 25 жастан асқан ҚР азаматтары сайлана алады. Сайлауға саяси партиялар ұсынған кандидаттар және дауыс беруге құқығы бар сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1% - ына қол жинау арқылы өзін-өзі ұсынушылар қатыса алады. Бұл ретте аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі ұсынылған кандидаттар болмаған не біреуі ғана ұсынылған жағдайда, тиісінше екі не бір кандидатты ұсынуға құқылы.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен Республикалық маңызы бар қала басшыларының, сондай-ақ Президент Әкімшілігі мен Үкімет басшылығының қатысуымен өткен ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөніндегі кеңес барысында партиялық бәсекелестікті күшейтуге назар аудару керегін жеткізді.

"Партиялардан кандидаттарды ұсыну мемлекеттің институционалдық тұтастығын нығайтады және ашық саяси процеске ықпал етеді", - деп атап өтті Президент.

Саяси партиялардан кандидаттардың сайлауға қатысуы

Қазіргі уақытта партиялардың көпшілігі ауылдық округ әкімдеріне өз кандидаттарын ұсынуға дайын екендіктерін мәлімдеген. Соның ішінде, Қазақстанның Халық партиясы сайлауға қатысуға ниет білдірген.

"Біз өз ауылының тағдырына алаңдайтын, көшбасшы болуға дайын азаматтарды Қазақстан Халық партиясының «Халық әкімі бол» сайтына жүгінуге шақырамыз!", - деп хабарлады Қазақстан Халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз конференциясы барысында.

Ақмола облысында 95 әкім ауысады

Өңірлер де сайлауға қызу дайындалуда. Мысалы, Ақмола облыстық сайлау комиссиясы кенттер, ауылдық округтер мен ауылдар әкімдерін сайлауға қатысатын саяси партиялармен кездесу өткізген. Ондағы талқылаудың негізгі мәселесі сайлауға қатысу үшін саяси партиялардан және өзін-өзі ұсынушылардан кандидаттардың құжаттарын дайындауды ұйымдастыру рәсімінің тетігін түсіндіру болған.

Ақмола облысында атқарушы 239 әкімнің 95-і (40%) сайланады. Сайлауға 100000 ақмолалық қатысады деп жоспарлануда. Бұл сайлаушылардың жалпы санының 19%-ын құрайды. Аршалы, Жарқайың, Ерейментау, Целиноград аудандарының тұрғындары аудан орталықтары әкімдерінің басшыларын сайлайды.

Осыған ұқсас жұмыс еліміздің басқа өңірлерінде де жүргізілуде.

Сайлау науқанын өту барысы

«Саяси партиялардың өз мүшелерінің арасынан ауыл әкімдеріне кандидаттарды ұсынуы олардың аймақтағы және әсіресе ауылдық жерлердегі белсенділіктерін арттыруға көмектеседі», - деді Альтернатива»  өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев.

Айта кету керек, бірінші кезекте 729 ауыл әкімін сайлау өтеді. Сондай-ақ, жыл соңына дейін тағы 46 басшыны сайлау жоспарланып жатыр. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысы барысында сайлау науқаны қалай өтетіні айтылды.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ерлан Дауылбаев өз сөзінде сайлауды аумақтық сайлау комиссиялары кемінде 40 күн бұрын тағайындайтынын және қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 10 күн бұрын өткізетінін хабарлады.

"Әкімнің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда сайлау бір ай ішінде тағайындалады және олар тағайындалған күннен бастап бір ай мерзімде өткізіледі", - деп түсіндірді ол.

Кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейін басталады және сайлау өткізілетін күннен он бес күн бұрын жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады.

"Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі болып сайлану үшін Қазақстан Республикасының азаматы жасы 25 - тен асқан, әрекетке қабілетті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін, сондай-ақ заңда соттылығы және сыбайлас жемқорлық қылмыс, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау фактісі болмауға тиіс", - деп хабарлады Дауылбаев.

Кандиданттарды тіркеу

Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдігіне кандидат өзін-өзі ұсынған жағдайда, дауыс беруге құқығы бар тиісті сайлау округі сайлаушыларының жалпы санынан кемінде бір пайызы дауыс беруі тиіс. Сайлаушыларды қолдау олардың қолдарын жинаумен куәландырылады.

Кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттарды алғаннан кейін ғана басталады. Сонымен қатар, сайлау күнінен 10 күн бұрын жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады. Орталық сайлау комиссиясы хабарлағандай, кандидаттардың сайлау алдындағы үгіті кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады. Яғни сайлау күніне 10 күн қалғанда және сайлау болатын күннің алдынғы күнінде жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.

Сондай-ақ, кандидаттар бірқатар құжаттарды ұсынуға міндетті: Олар: ҚР азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, осы тізбеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдігіне кандидаттың қызметтік тізімі, еңбек кітапшасының көшірмесі және білімі туралы құжаттардың көшірмелері.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 2 346 әкім бар. Жаңа нормалар енгізілгеннен кейін олардың барлығы қолданыстағы өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін тікелей дауыс беру арқылы сайланады. Жыл соңына дейін жоспар бойынша 775 әкім сайланбақ. Осы санаттағы қалған әкімдерді тікелей сайлау олардың өкілеттіктерінің аяқталу мерзімдерінің әртүрлі болуына байланысты 2022-2025 жылдары өтеді. Бұл ретте әкімдерді сайлауды өткізуге республика бюджетінен шамамен 17,6 млрд теңге, оның ішінде биыл 4,8 млрд теңге бөлінетін болады.

Барлық жаңалықтар