• Басты
  • Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр

9 Сәуір, 2021 16:43

Бүгін ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның және өңірлік комиссиялардың (филиалдардың) ағымдағы жұмысы сөз болды. Брифингке қатысушылар ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл ретте қандай жұмыстар жасалып жатқаны туралы айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.



2021 жылғы 8 сәуірде ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Е.Көшербаевтың төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның екінші отырысы өткен болатын. Осы отырыста саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мен оның өңірлік филиалдарының ағымдағы қызметі талқыланды. Мемлекеттік комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев Мемлекеттік комиссияның жұмысын ұйымдастыру кезеңі аяқталып, еліміздің түрлі архивтерінде ғалымдардың және сарапшылардың белсенді зерттеу жұмыстары басталғанын атап өтті.

Мемлекеттік комиссияның қызметін қамтамасыз ету үшін арнайы Жобалық офис құрылған, оның құрамына ғалымдар, зерттеушілер және мемлекеттік органдардың өкілдері кірген. Мемлекеттік комиссия қызметінің барлық бағыттарын жан-жақты қамту үшін 11 жұмыс тобы құрылды. Әр топ өз қызметін қуғын-сүргін құрбандарының санатына сәйкес тақырыптық жоспарлар мен белгілі бір әдістемелер аясында жүзеге асырады.

Ералы Тоғжанов атап өткендей, мемлекеттік комиссия елімізге белгілі тарихшы ғалымдардан, қоғам қайраткерлерінен, Парламент депутаттарынан, мемлекеттік органдардың өкілдерінен – барлығы 49 адамнан құралған. Бағдарламаны іске асыру үшін қажетті қаржы көлемі 750 млн тг. құрайды, биылға 250 млн тг. 2022-23 жж. 500 млн тг.

«Жалпы мемлекеттік комиссия алдына бірнеше міндеттер жүктелді», - деді Е.Тоғжанов.
Олар: саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру бойынша;

жазықсыз сотталған және саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды ақтау процестерін ғылыми зерделеу жөнінде;

жабық мұрағаттардағы саяси қуғын-сүргін жөніндегі материалдардың зерттеушілерге қолжетімді болуын қамтамасыз ету бойынша;

еліміздің азаттығы, тәуелсіздігі мен тұтастығы үшін күресте ерлік көрсеткен саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте қалдыру бойынша ұсыныстар әзірлеу сияқты бірқатар маңызды міндет қойылып отыр», - деп нақтылады Премьер-министрдің орынбасары.

Жарлыққа сәйкес мемлекеттік комиссияның жұмыс органы ретінде Білім және ғылым министрлігі бекітілген.

Брифингке қатысқан ҚР Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жұмыс топтарының барлық мүшелері жабық және арнайы архивтерде жұмыс істеуге рұқсат алғанын атап өтті. Ғалымдар жалақысы мен барлық әлеуметтік төлемдері сақтала отырып, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарындағы негізгі жұмыстарынан уақытша босатылды.

«Мемлекеттік комиссияның жұмыс бағыттары бойынша бойынша 11 жұмыс тобы құрылды. Бұл топтардың жұмысына еліміздегі жетекші ғылыми зерттеу институттарының, жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлері – барлығы 57 адам тартылған», - деді Асхат Қанатұлы.

Министр жұмыс топтары қарайтын тақырыптарға тоқталды. Олар келесі тақырыптар бойынша зерттеу жүргізеді:

·        Бұрынғы КСРО жоғарғы мемлекеттік актілерін іздеу жөніндегі;

·        Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннің сипаты мен ерекшеліктерін зерттеу жөніндегі;

·        372 көтерілісті басу кезінде сотсыз немесе тергеусіз атылған зерттеу жөніндегі;

·        Қазақстанға күштеп көшірілген халықтар мен арнайы қоныстанушылардың ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі;

·        Кулактар, байлар, жартылай феодалдар (орта шаруалар) және шаруалардың ақталмаған жөніндегі;

·        1916-1930 жж. мемлекеттің жазалаушылық әрекеттері мен биліктің саяси қуғын-сүргін кезіндегі түрлі зорлық-зомбылық саяси науқандар;

·        Большевиктік-сталиндік режимнің шаруаларға қарсы күшейтілген ұжымдастыру, сатып алу науқандарының құрбандарын зерттеу;

·        НКВД ГУЛАГының 26-​​лагерінде болған саяси қуғын-сүргін құрбандары, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне қатысты;

·        адамдардың саяси баяндамаларына қатысушылардың құқықтық және саяси ақтауға арналған пікірлер мен ұсыныстар дайындау жөніндегі;

·        1939-1945 жж. фашистік Германия, Финляндия және басқа Еуропа елдерінде қамауға алынған қазақстандық әскери тұтқындарды ақтау бойынша зерттеу;

·        Дәстүрлі дін өкілдері – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеу;

Бұл Жобалық офис құрамында 11 мемлекеттік орган өкілдері, 6 ғалым, барлығы 17 адам жұмыс істеуде.

Аймағамбетовтың айтуынша, барлық өңірлерде әкім орынбасарлары басқаратын өңірлік комиссиялар құрылды. Олардың құрамына жергілікті ғалымдар, қоғам өкілдері және мәслихат депуттатары енгізілген.

«Өңірлік комиссиялар жергілікті жерлердегі мұрағаттарда жұмысты ұйымдастыратын болады. Осылайша, барлық деңгейлерді және зерттеу топтарын қамтитын бірлесіп жұмыс жасаудың нақты механизмі қаматамасыз етілген», - деді ол.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен (2020 жылғы 24 қарашадағы №456) Саяси қуғын – сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылған болатын.

 ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы айтуынша, қазіргі уақытта басты жұмыс мұрағаттарда, жабық қорларда жүргзіледі. Бірақ мемлекеттік комиссияның рұқсат қағазы болғанымен мұрағатта жұмыста кедергілер көп. Осыны шешу үшін құжаттарды құпиясыздандыру керек.

«Кейбір құжаттар Ресей, Украина және басқа да мемлекеттерде интернетте, кітаптарда шығып жатыр. Ал бізде әлі де болса, құпия. Бас прокуратура, Жоғарғы сот, ІІМ, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен және мұрағат мамандарымен бірігіп, арнайы комиссия ұйымдастырылып, құжаттарды кезең-кезеңмен құпиясыздандыру қолға алынады. Бұл ғалымдар үшін ғана емес, өз бабаларын іздеп жүрген азаматтарға да жеңіл болуы керек. Мемлекеттік комиссияның шешімімен арнайы комиссия құрылды. Оған тиісті өкілетті органдардың мүшелері енді. Жұмыс жоспары әзірленеді», - деді Берік Әбдіғалиұлы.

Бұл бағытта Қазақстанның аймақтарында осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның айтуынша, өңірлерде де тиісті жұмыстар жүргізілуде. Облыстық мұрағаттарда, Алматы қаласының мұрағаттарындағы жабық қорлар да біртіндеп ашылып жатыр.

Барлық жаңалықтар