• Басты
  • Саясаттанушы: Кішкентай балаларды бейбіт шеруге алып келуге қарсымын

Саясаттанушы: Кішкентай балаларды бейбіт шеруге алып келуге қарсымын

18 Ақпан, 2020 16:48

Еліміздің бас қаласында М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЗУ қолдауымен #TaldaKZ сарапшылық тұғырнамасы алаңында белігілі саясаттанушылар, қоғамдық ұйым өкілдері және ҰҚСК мүшелері бейбіт шеру өткізу туралы заң жобасын талқыға салды. Жиынға қатысқан Еуразиялық интеграция институтының қызметкері, саясаттанушы Самат Нұртаза жаңа заң бойынша пікір білдіріп, өзінің ұсыныстарын айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Оның айтуынша, митингке келген кішкентай бөбектер сыртқы күштердің құрбаны болып кетуі ғажап емес.

"Бізге либерализация керек. Мен бейбіт шерулерді белгілі бір жерде өткізу дегенмен келіспеймін. Әлем бойынша адамдар орталық алаңдарға жиналады. Еропада да, Америка Құрама Штаттарында да солай. Орталық алаңдарға жиналу ешқандай қорқыныш тудырмайды. Тек құқық қорғау органдарының өкілдері өздерінің жұмысын істеу керек. Қадағалау қажет. Ешқандай провакацияға берілмеу қажет. Тағы айта кету керек бір дүние, мен кішкентай балаларды бейбіт шеруге әкелуге қарсымын. Себебі кішкентай бөбектер сыртқы күштердің құрбаны болып кетеді", - деді саясаттанушы.

Сонымен қатар ол бебіт шеру өткізуге тек жергілікті құқық қорғау органдары ғана емес, ұйымдастырушылар да жауапты болуы тиіс екенін атап өтті.

"Тек жергілікті құқық қорғау органдары ғана емес, ұйымдастырушылар да жауап беруі қажет. Мәселен, саған қолдау көрсетуге келген адамдар үшін сен жауап беруге тиіссің. Қоқыстан бастап бейбіт шеру барысында айтылған сөздерге дейін жауаптысың. Мысал ретінде жануарлардың құқығын қорғаушылар ұйымдастыратын митингті айтуға болады. Олар Ұлыбританияның Биг Беннің жанына жиналып, жиын біткен соң пластикалық бөтелкелерге дейін жинап кетеді. Бәйтеректің жанында бейбіт шеру ұйымдастырғанда тұрған ештеңе жоқ. Біздің халықтың мәдениеті қалыптасты, дегенмен әлі де жетілдіруді қажет етеді", - деді Самат Нұртаза.

Сондай-ақ ол жаңа заңда көрсетілген митингке қатысушылардың саны жөнінде пікір білдірді. Болашақта қатысушылардың саны шектелмей, оны көбейтуге мүмкіндік болатынын атап өтті.

"Жаңа заң бойынша,бейбіт шеруге жиналғандардың саны 250-ден аспау қажет дейді. Оған дүрлігудің қажеті жоқ. Бұл тек алғашқы қадамдардың бірі деп есептеймін. Біз Еуропа елдері секілді 12-13 ғасырлардан бері демократияда өмір сүріп отырған жоқпыз. Бізге 250 адам деген жеткілікті. Келесі жылдан бастап қатыушылардың санын көбейтуге мүмкіндік болады деп ойлаймын", - деді ол.  
Назерке Сүйіндік
Барлық жаңалықтар