• Басты
  • Сарапшылар: Түркі Кеңесі ұйымға айналса, түркі елдері арасында ынтымақтастық нығаяды

Сарапшылар: Түркі Кеңесі ұйымға айналса, түркі елдері арасында ынтымақтастық нығаяды

1 Сәуір, 2021 15:01

Кеше өткен Түркі кеңесінің бейресми саммиті туралы сарапшылар өз ойларымен бөлісті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, PhD докторы Айболат Дәлелханның айтуынша, Кеңеске мүше мемлекеттердің шынайы ниеті мен жауапты тұлғалардың нақты әрекеттері қажет.

«Түркі тілдес мемлекеттер өздерінің мәдени-рухани, тілдік, діни, ұқсастықтарына, тарихи және жағырафиялық жақындығына қарамастан елдер үшін ортақ пайда болмай келді. Кеңес Одағының ыдырағанына отыз жылдан асып кетсе де, бұл мемлекеттер экономикалық ынтымақтастық орнатпаған. Әскери қауіпсіздік пен саяси байланыс жағына келгенде де әр мемлекет өз бетінше әрекет етіп келді», - деді ол.

Сарапшының пікірінше, Армения мен Таулы Қарабақ мәселесі осындай жағдайлардың нәтижесі. 2015 жылы НАТО-ға мүше болып табылатын Түркия ресейлік әскери-жойғыш ұшақты атып түсірген соң қалыптасқан дағдарысты жағдайды шешу бағытында Қазақстанның көп еңбектенуіне тура келді.

«Елбасының белсенді дипломатиялық қабілетінің арқасында орыс-түрік шиеленісі оң шешіліп, еуразиялық геосаяси жағдай мүлде басқа бағытта дамыды. Осы жағдайларды есепке ала отырып, Түркі Кеңесі саммиттерінде соңғы уақыттары көтеріліп жүрген бастамаларды нақты, толыққанды жүзеге асыруға жұмыс жасау керек», - деген пікір білдірді Айболат Дәлелхан.

Кешегі бейресми саммитте Түркия Президенті Р.Т.Ердоған Кеңесті Ұйым деңгейіне көтеру уақытының келгенін айтты. Осы ретте, спикер Кеңес Ұйым деңгейіне көтерілсе, ұйым шеңберінде қабылданатын құжаттар мен келісімдер анағұрлым салмақты болады деп санайды.

«152 млн. халқы бар, 1,5 трлн. АҚШ долларын құрайтын экономикалары бар түркітілдес мемлекеттер өзара ортақ саяси-экономикалық ұстанымдар қалыптастыра білсе қазіргі алма-ғайып халықаралық қатынастарда сырттан төнер қауіп-қатерлер мен жаңа сын-тегеуріндерге бірлесе төтеп берері сөзсіз. Қазіргі әлі де болса толық қалыптасып үлгемеген әлемдік тәртіпте түркітілдес мемлекеттердің өзінің лайықты орнын алуына толыққанды құқығы, әрі мүмкіндігі бар. Ол үшін Кеңеске мүше мемлекеттердің шынайы ниеті мен жауапты тұлғалардың нақты әрекеттері қажет», - деп қорытты ол.

«ҚазАқпарат» ХАА АҚ басқарма төрағасы Асқар Умаровтың пікірінше, Түркі әлемінің жүйелі интеграциясы үндеулер мен хайпсыз жалғасып жатыр.

«Step by Step» түркі интеграциясының әдісі де осымен ерекшеленеді. 1993 жылдың басында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық бағытында ТҮРКСОЙ құрылды. Содан кейін 2008 жылы парламентшілер арасындағы ынтымақтастық ретінде ТүркПА пайда болды. 2009 жылы Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі пайда болды. Сол жылы ғылыми ынтымақтастық бағытын дамыту мақсатында Түркі академиясы құрылды. 2012 жылы Түркі мәдениеті мен мұрасының қоры құрылды. Қазір түркі кеңістігін институциялауды экономикалық және қаржылық бағыттар тұрғысынан да дамытып, жетілдіру керек, - деп жазды Умаров.

Умаров Түркия Президенті Ердоғанның Кеңесті ұйымға айналдыру керек деген пікіріне қолдау білдірді. Сонымен қатар түркі президенттерінің түрлі саладағы тәжірибе алмасу мен ынтымақтастық орнату туралы ұсыныстарына көзқарасын білдірді.

"Дағдарыстан кейінгі жаңа әлемде тек прагматиктер ғана мықты болатынын түсіне отырып, түркі Президенттері цифрландыру, білім беру, логистика, сауда мәселелерін өзекті санап отыр. Әрине, мәдениет, ғылым және өнер де ұмытылмайды. Прагматизмді идеялар қолдауы керек. «Түркістан декларациясы» құжатының атауында қыпшақтар, оғыздар, қарлұқтар, барлық түркі тайпасы өмір сүрген, Батыс пен Шығыспен ынтымақтас болған көне Түркістан өлкесі жатыр. Мұнда көптеген заманауи мәдениет үшін негіз болған қайталанбас түркі қалалық өркениеті дүниеге келді", - дейді Асқар Умаров.


Барлық жаңалықтар