• Басты
  • Сарапшылар пікірі: «Саяси реформа жасалып, халықтың уәжі жоғары жаққа жетуі тиіс»

Сарапшылар пікірі: «Саяси реформа жасалып, халықтың уәжі жоғары жаққа жетуі тиіс»

5 Қаңтар, 2021 15:19

Бүгiн «Егемен Қазақстан» газетiнде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елiмiздiң отыз жылда жеткен жетiстiктерi, жүрiп өткен жолы мен басынан өткерген қиындықтары жөнiнде толғанған «Тәуелсiздiк бәрiнен қымбат» атты мақаласы жарық көрген едi. Осы орайда, мақалаға байланысты бiрқатар сарапшы ойымен бөлiстi, деп хабарлады Strategy2050.kz тiлшiсi.

"Байтақ болашақ" Экологиялық Альянс республикалық қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Азаматxан Әмiртай мемлекет басшысының жердiң сатылмайтыны жөнiнде айтқанын тiлге тиек етiп, халқымыздың рухын көтеру үшiн саяси-экономикалық реформалар жасау керегiн атап өттi.  

«Президент төртiншi онжылдықтағы мәселе тәуелсiздiк екенiн атап өттi. Ол дегенiмiз жерiмiздiң бүтiн, елiмiздiң мықты, экономикамыздың қуатты болуы. Сонымен қоса, мемлекет басшысы жердiң шетелдiктерге сатылмайтынын да баса айтты. Сондай-ақ, бiздiң идеологиялық рухымызды көтеру үшiн экономикалық, саяси реформаларды жүргiзуiмiз керек. Мемлекет басшысы да көппартиялы жүйенi, пiкiралуандылығын қолдап отыр. Осы орайда, саяси реформа жасалу керек. Саяси реформа жасалып, халықтың уәжi, проблемасы жоғары жаққа жетпейтiн болса, баяғы жартас сол жартас болып қалады. Сондықтан халықтық партиялардың пайда болуы, олардың саясатқа араласуын қамтамасыз ету, заңдастыру ол билiктiң жұмысы болуы тиiс. Осы турасында да президент нақты айтып өттi», - дедi Азаматхан Әмiртай.

Сонымен бiрге, ол мемлекет басшысының мақаласында көтерiлген ұлттық рухты көтеру, тарихты тереңiрек зерттеу мәселелерiне тоқталды. Оның айтуынша, тек берiректегi емес, осыдан мың жыл бұрынғы тарихымызға үңiлуiмiз керек.

«Мақалада төртiншi онжылдыққа бiз қуатты мемлекет, санасы жаңарған ел боламыз деп айтыпты. Осыған қатысты ойлармен мен толықтай келiсем. Ең бiрiншi ұлттық санамызды қалыптастыру, яғни соңғы жүз жылдық не екi жүз жылдық емес, одан да тереңiрек, яғни мыңжылдық тарихымызға қарау, ұлттық кодымызды анықтауымыз керек. Осы орайда, мемлекет басшысы дае тарихи ұлттық құндылықтарымызды анықтау мәселесiне кеңiрек тоқталған. Бiз ұлттық рухымызды көтеруiмiз керек, ал ұлттық рух тек тарихымызбен ғана көтерiледi. Оның да әртүрлi технологиясы бар. Мәселен, тарихты қарап шығу, тарихи кинолар түсiру. Өйткенi, рухы мықты мемлекет мықты ел болады», - дедi сарапшы.

Бұдан бөлек, ҚР Президентi жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенова мемлекет басшысы мақаласында мемлекеттiк тiлге, оның проблемасына баса мән бергенiн атап өттi.

«Қазақ жазушыларының үздiк шығармаларының таралымын көбейтiп, сонымен бiрге балаларға арналған шетелдiк авторлардың туындыларын мемлекеттiк тiлге аудару арқылы ана тiлiмiздiң дамуына, жетiлдiрiлуiне жаңа серпiн берiлмек. Сонымен қоса, айта кету керек, бұл жерде бiздiң азаматтарымыз да өз тiлiн игеруге ат салысу керек. Қазiргi таңда ана тiлiне бей-жай қарамайтын, оны үйрегнiсi келетiн азаматтарды қолдау қажет. Тiл үйренуде орта маңызды екенiн естен шығармаған жөн. Сондықтан да қазақ тiлiн үйренем дейтiндерге қолайлы орта құрып, ынталандыру керек», - дедi институт директоры.

Бұдан бөлек, ол президент атап өткендей, өткен тарихымызға баға беру арқылы халықтың рухани жаңғыруына мүмкiндiк беретiнiн тiлген тиек еттi.

«Алаш қайраткерлерiнiң мұрасына, ХХ ғасырдың басындағы ашаршылыққа, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына ғылыми тұрғыда баға беру, елiмiздiң жаңа тарихын жүйелi зерттеу – бiзге тарих артып отырған аманат, келер ұрпақ алдындағы парыз. Бұл бағыттағы жұмыс жас ұрпақтың санасын, ұлттың жадын оятып, қазақтың сан ғасырлы тарихын барша халықаралық қауымдастыққа паш етуге мүмкiндiк беретiн мемлекеттiк маңызы бар iс, - дедi мекеме басшысы. 
Барлық жаңалықтар