• Басты
  • Сарапшылар пікірі: «Президент тапсырмасы – адам құқығын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған»

Сарапшылар пікірі: «Президент тапсырмасы – адам құқығын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған»

10 Маусым, 2021 15:20

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды. Онда адам саудасы құрбандарының құқығын қамтамасыз ету, әйелдерге қатысты кемсітуді жою, пікір білдіру бостандығы, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау сияқты бағыттар қамтылған. Осы орайда, еліміздегі адам құқығы, әйел құқығына қатысты сарапшылардың пікірін білген едік. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Мемлекет басшысы өз жарлығында адам саудасы құрбандарының құқықтарын қамтамасыз ету, мүгедектігі бар азаматтарға қатысты адам құқықтары, әйелдерге қатысты кемсітуді жою, бірлесу бостандығына құқық, пікір білдіру бостандығына құқық, адамның өмір сүруге және қоғамдық тәртіпке құқығы, үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру,  адамның қылмыстық сот төрелігі, атқару және азаптаулар мен қатыгез іс-әрекеттердің алдын алу саласындағы құқықтары іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Осы орайда, «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығының төрағасы Ләззат Қалтаева құқықтық мемлекеттің дамуы үшін адам құқықтары мәселелерін шешу өте маңызды шешім екенін атап өтті.

«Әрбір қазақстандық азамат мемлекет елімізде адам құқықтарының қорғалуына кепілдік беріп қана қоймай, оны қамтамасыз ететінін түсінуі қажет», - деді Ләззат Қалтаева.

Оның айтуынша, еліміз көптеген халықаралық құжаттарды қабылдады. Соның ішінде, БҰҰ-ның алдында міндеттемелері бар. Құқық қорғау институттарының өзінің қызметін тиімді іске асыру үшін барлық мүмкіндікті қарастырғаны маңызды. 

«Заңдағы адам құқықтары саласындағы жұмыстарды жүзеге асыру барысында бүкіл қоғамның, мемлекеттің, азаматтық қоғамның, сонымен қатар бизнестің адам құқықтары саласында өзара әрекеттесіп, бірігіп жұмыс істеуі маңызды рөл атқарады. Осы орайда, ҮЕҰ адамдар мен үкімет арасындағы қатынастарда шешуші рөл атқаратынын атап өтікм келеді», - деді ол.

Мемлекет басшысы жыл сайын 25 қаңтарға дейін жыл қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне іс-шаралар жоспарының орындалу барысы туралы ақпарат ұсынуды талап етті. Ләззат Қалтаеваның айтуынша, осы президент берген тапсырмаларды уақытылы орындау үшін адам құқықтары тетіктерін күшейтуге бағытталған нақты жоспар мен іс-шараларды, адамдардың құқықтары саласындағы проблемалар туралы есеп беру мүмкіндіктерін қарастырып, проблемаларды тиімді шешу қажет.

Сонымен бірге, заңгер Марат Башимов мемлекет басшысының бүгінгі жарлығына байланысты Фэйсбук парақшасында жазба жариялады.

Ол жазбасында «Қазақстан - халықаралық шарттарға қол қоюшы ел. Алайда, еліміз өз құқықтарын іске асыруға қол жеткізе алмай жататын жағдайлар кездеседі. Бұл біздің мемлекетіміздің халықаралық имиджіне қатты әсер ететінін ескере отырып, мемлекет басшысы Қазақстан Үкіметіне нақты және анық тапсырма берді», - деп жазды.

Мұның бәрі, оның пайымынша, мемлекеттік құқық қорғау тетігін қайта жүктеуге, оның бүкіл жұмысын қайта құруға мүмкіндік береді. Сонымен қоса, халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтін заңнаманы, сот жүйесін, прокуратура, сонымен қатар барлық мемлекеттік органдардың жұмыс тәжірибесін қайта қарау ұсынылатын да тілге тиек етті.

Сонымен қоса, ол адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралар жоспары бірнеше жұмыс бағыттарына бөлінетінін, соның ішінде, БҰҰ-ның шарттық органдарымен және БҰҰ-ның Адам құқықтары бойынша кеңесінің арнаулы рәсімдерімен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру мақсаты көзделгенін атап өтті. 

Барлық жаңалықтар