• Басты
  • Сарапшылар пікірі: "Президент Үкімет отырысында ең өзекті мәселелердің шешімін айтты"

Сарапшылар пікірі: "Президент Үкімет отырысында ең өзекті мәселелердің шешімін айтты"

27 Қаңтар, 2021 15:15

26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысының сөйлеген сөзі қоғамның қызу талқуында. Мемлекеттік қызметкерлер мен саясаттанушылардың пікірі Strategy2050.kz тілшісінің материалында.


Бауыржан Серікбаев: Президент кез келген мәселені прагматикалық жолмен шешеді

200217134022091e.jpg

Саясаттанушы, Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы Бауыржан Серікбаев Президенттің жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты мораторийлердің аяқталатынына тоқталды.

«Қасым-Жомарт Кемелұлының кеше көтерген мәселелерінің қайсыбірі де өзекті. Мәселен, Жер кодексінің кейбір нормаларына жарияланған мораторийдің биыл аяқталатынына назар аударды.Осы жылдың қараша айына дейін осы мәселені шешуге пәрмен беріп отыр. Ол сонымен қатар қоғам пікіріне құлақ аса отырып, халықпен ақылдаса отырып жұмыс істеу керектігін айтты. Үкіметке Жер комиссиясының жұмысын қайта жандандыруды, ұсыныстарды байыппен талқылап, нақты шешім қабылдауды тапсырды. Ауыл тұрғындары үшін жайылымдар жері қолжетімді болмақ. Бұл өте пайдалы шешім деп ойлаймын», - деді ол.
Саясаттанушы вакцинация туралы да пікірін айтты.

«Кешегі Үкімет отырысында Президент бірнеше рет вакцинация мәселесін көтерді. Тек Қазақстан емес АҚШ та қазір вакцинация науқанын бастады. Канада премьер-министрі наурыз айынан бастап канадалықтардың жаппай екпе алатынын мәлімдеді. Түркия да қазіргі таңда вакцинаны көптеп сатып алып жатыр. Отандық вакцина тестілеудің барлық түрінен өтсе, ешбір шетел вакцинасынан кем болмайды. Вакцинациялау науқаны бүкіл әлемнің экономикасын дағдарысқа ұшыратқан коронавирустық пандемияның алдын алуға бағытталған бірден бір тәсіл. Президент отандық вакцинаны салдыратынын айтты. Жалпы, Президентіміз халықаралық ұйымдарда жұмыс істеген тәжірибесін ел басқару ісінде ұтымды пайдаланып, кез келген мәселені прагматикалық жолмен шешуге тырысады. Ол кешегі жиында сөйлеген сөзінде қоғамдағы мәселелердің бәрінен хабардар екенін білдірді, халық үніне құлақ аса отырып жұмыс істеу керектігін Үкіметтің есіне қайта-қайта салды», - деді Бауыржан Серікбаев.
Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы: Президент шұғыл шешім қабылдауды қажет ететін мәселелерді көтерді
WhatsApp Image 2021-01-15 at 12.21.02.jpeg

Саясаттанушы Президент көтерген мәселелердің өзектілігіне тоқталды.

«Президент кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында шұғыл шешім қабылдауды қажет ететін мәселелері бар экономиканың маңызды салаларына назар аударды. Қасым-Жомарт Кемелұлы пандемия салдарынан болған экономикалық дағдарыс кезеңінде халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған тапсырмалар берді. Мәселен, халықты жұмыспен қамтамасыз ету, тұрғын үймен қамтамасыз ету сонымен қатар пандемия кезінде кенжелеп қалған білім беру сапасын жақсарту туралы нақты шараларды атады», - деді ол.
Майгелдинов жер дауына нүкте қойылғанын жеткізді.

«Жер мәселесі де қоғамның көкейінде жүрген өзекті мәселелердің қатарында еді. Тоқаев 2020 жылғы Жолдауында жер шетелдіктерге сатылмайтынын айтқан болатын. 2021 жылы Жер кодексіне енетін нормаларға бұл мәселе енгізілді. Ауыл шаруашылығын, агросекторды дамытудағы кедергілерді шешуге қатысты да тапсырма берді», - деді ол.
Оның айтуынша, Тоқаев тиісті жерінде кебір салалардың дамуын сынады.

«Президент жұмыспен қамтамасыз ету «Жол картасының» тиісті деңгейде орындалмағанын айтты. Азаматтардың қағаз жүзінде жұмысқа орналасқанын, бірақ салық пен зейнетақы төлемдерінің орындалмағанын айтты. Халықтың жұмыспен қамтамасыз ету төменгі деңгейде екенін ашық айтып, нақты тапсырма берді», - деді спикер.
Қазбек Майгелдинов Президент шешімдерін оңтайлы екенін айтып, дағдарыстан шығу жолдарына тоқталды.

«Дағдарысқа қарсы шаралардың бірі көлеңкелі экономикамен күрес. Кәсіпорындардың салықтан жалтаруы мен шағын және орта бизнесте орын алатын жалған кәсіпкерлікті тыю мақсатында экономикалық қылмыстармен күресу агенттігін құру туралы тапсырма берді. Бұл да оңтайлы шешім. Бұған дейін мұндай агенттік болған, бірақ 2014 жылы жабылған еді. Қазіргі тәжірибе экономикалық қылмысқа қарсы тұратын органның қажеттілігін көрсетті. Тұрғын үй нарығындағы алаяқтықты жою туралы әкімдіктерге тапсырма берді. апасыз университеттердің көбеюі салдарынан сапасыз мамандардың шығып жатқаны туралы да айтып, білім беру сапасына назар аудару керектігін айтты. Университеттер тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін 15 базалық өңірлік жоғары оқу орындарын жаңғырту керектігі айтылды. Олар таланттарды тартудың өңірлік орталықтары ретінде қызмет етеді. Осы орайда Үкіметке әкімдіктермен бірлесе 1 шілдеге дейін тиісті қадамдармен, кезеңдермен әрі қаржыландыру көлемімен тыңғылықты жол картасын енгізу жүктелді», - деді.

Мәулен Әшімбаев, Сенат Төрағасы: Президент қазақстандықтардың табысын арттыруға назар аударды

zvVBbUlt.jpg

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, бағыт-бағдар мен негізгі мақсат-міндеттер пысықталды.

«Президентіміз өз сөзінде қазақстандықтардың нақты табысын арттыру, шағын және орта бизнесті қолдау, экономикалық өсуді қамтамасыз ету мәселелеріне баса мән берді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік шығындарды оңтайландыру, азаматтардың өтініштерін қараудың тиімділігін арттыру және интернеттің сапасы мен жылдамдығына қатысты мәселелерді шешу жұмыстары бойынша тапсырмалар берді», - деді ол.

Ол сонымен қатар денсаулық сақтау саласына қатысты айтылған мәлімдемелерге тоқталды.

«Денсаулық сақтау және білім беру салаларын әрі қарай реформалауға қатысты жаңа бастамалар да айтылды. Соның аясында денсаулық сақтау ұйымдарында инвентаризация жүргізіледі және жыл соңына дейін 200 жаңа мектеп салынады. Одан бөлек, Қазақстан тарихы және дүниежүзі тарихы пәндері бойынша бірыңғай оқулық әзірленеді. Мемлекет басшысы халықты вакцинациялау мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Бұл тақырып қазір қоғамда жан-жақты талқыланып жатқаны белгілі. Осы ретте Денсаулық туралы кодексті қабылдау кезінде сенаторлар емдеуден және профилактикалық екпелерден бас тарту мүмкіндігі туралы түзетулер енгізгенін атап өткен жөн. Сондықтан әлеуметтік желілерде айтылып жүрген кейбір пікірлерге байланысты Қазақстанда вакцина егуді мәжбүрлі түрде жүргізу мүмкін еместігін айтқым келеді», - деді ол.

Сенат төрағасы тек вакцинация арқылы ғана пандемияға тосқауыл қоюға болатынын түсіндіруге тырысты.

«Тарихта мұндай жағдай алғаш рет болып отырған жоқ. Індет жайлаған кезеңдерде вакцина адамзатты бірнеше рет аман сақтап қалды. Сондықтан қазір таңдау жасауымыз қажет. Қанша уақытқа жалғасатыны белгісіз, үлкен әлеуметтік салдары бар карантиндік шектеулерді әрі қарай күшейткен дұрыс па, әлде жаппай вакцинациялау арқылы ұжымдық иммунитет қалыптастырып, қалыпты өмірімізге қайта оралғанымыз жақсы ма? Жауап әркімге түсінікті болар. Вакцинациялау - мәжбүрлі шара емес. Бірақ, тұтас халықтың денсаулығын сақтау тұрғысынан өте маңызды қадам. Сондықтан мемлекеттік аппарат пен қоғамдық институттар бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуге тиіс», - деп жазды М. Әшімбаев.


Барлық жаңалықтар