• Басты
  • Сарапшылар пікірі: «Нұр Отанның» жеңісі – 2020 жылы атқарған жұмысының жемісі»

Сарапшылар пікірі: «Нұр Отанның» жеңісі – 2020 жылы атқарған жұмысының жемісі»

11 Қаңтар, 2021 10:54

Кеше, яғни 2021 жылдың 10 қаңтарында елімізде ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау өтіп,  Exit poll нәтижесі жарияланды. Осы орайда, бірқатар сарапшының алдын ала шыққан сайлау нәтижелеріне байланысты ой-пікірлерін ұсынамыз.

Саясаттанушы Расул Жұмалының пайымынша, дауыс беруге құқылы халықтың жартысынан астамының сайлауға келіп, дауыс беруі – өте жақсы көрсеткіш.

«Парламенттік сайлау өз мәресіне жетіп қалды. Алдын ала мәліметтер бойынша, ел аумағында дауыс беруге хақылы азаматтардың 63 пайызы өз ықтиярын білдірді. Халықаралық тәжірибеде бұл өте жақсы көрсеткіш болып табылады. Әсіресе пандемияға байланысты шектеулерге, ауа райының қолайсыздығына, сондай-ақ қордаланған күмән мен реніштерге қарамастан Қазақстан азаматтарының басым бөлігі реформалардың өркениетті жолын қалайтынын көрсетті», - деп жазды ол FB парақшасына.

Сонымен қатар, ол "Қоғамдық пікір" Орталығы ұйымдастырған Exit Poll нәтижелеріне тоқталды. Ол бойынша, «Нұр-Отан» партиясы бірінші орында тұр. Сарапшының пікірінше, аталған жетістік әкімшілік ресурс емес, негізінен партия өткен кезеңде, әсіресе Covid-19 жайлаған 2020 жылы атқарған жұмысының жемісі.

«Сайлау қорытындысына келер болсақ, әзірше "Қоғамдық пікір" Орталығы ұйымдастырған Exit Poll нәтижелеріне сәйкес дауыстар үлесі келесідей орныққан: Нұр-Отан - 71,97, Ақжол - 10,18, Халықтық партия - 9.03, Ауыл - 5,75, Адал - 3,07 пайыз. Әрине, бұл тек алдынала деректер. Десе де, әдетте Exit Poll көрсеткіштері ресми есептерден қатты алшақтамайтынын ескерсе, сайлау қорытындысының нобайы қазірдің өзінде түсінікті сияқты. Көріп отырғанымыздай, басым көпшілік дауысты бұдан бұрын болжанғандай Нұр-Отан еншіледі. Электоралдық науқан әжептәуір тең дәрежеде жүргізілгені аталған жетістік әкімшілік ресурс емес, негізінен партия өткен кезеңде, әсіресе Covid-19 жайлаған 2020 жылы атқарған жұмысының жемісі деп бағалауға болады», - деді сарапшы.

Бұдан бөлек, басқа партиялардың жайын тілге тиек етіп, сайлау атты сынақтан екінің бірі сүрініп, тіпті құлап жатқанда, Қазақстан ұпайын жоғалтпай, тәжірибе жинақтап толығып шыққаны қанағат тұтарлық шаруа екенін баса айтты.

«Басқа партияларға келсек Мәжіліске өту шегін Ақжол мен Халықтық партия бағындырды. Бұнда да айтарлықтай тосын жаңалық болмады. Әрине, Ауыл және Адал партиялары соңғы уақытта өте үлкен жұмыс атқарғанын мойындау керек. Десе де саясат - аса консервативтік алаң болған соң екі-үш айлық белсенділік ұзақ мерзімді кешенді тірлікті алмастыра алмасына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Бұл да оппозиция бағытында жүрген топтарға сабақ болғаны жөн. Түйінін айтқанда, меніңше, сайлау кереметтей болмаса да, демократиялық талаптарға бір табан жақын ахуалда өтті. Ал енді сайлау атты сынақтан екінің бірі сүрініп, тіпті құлап жатқанда, Қазақстан ұпайын жоғалтпай, тәжірибе жинақтап толығып шыққаны қанағат тұтарлық шаруа», - деді Расул Жұмалы.

Сонымен бірге, ҚР Парламенті Мәжілісі депуттатығына үміткер Еділ Жаңбыршин да пікір білдірді.

«Exit poll қортындысымен Nur Otan партиясы жеңіске жетті! Барлық партияластарымды және сайлаушыларды осы жеңіспен шын жүректен құттықтаймын! Сайлау әділ және ашық өтті! Қолдау көрсеткен маңғыстаулықтарға үлкен рахмет! Қиындықтарды еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!», - деп жазды ол ФБ парақшасына.

Барлық жаңалықтар