• Басты
  • Сарапшылар: Қазақстан «құқықтық мемлекет» құруға дайын ба
1 Қыркүйек, 2020 18:00

Сарапшылар: Қазақстан «құқықтық мемлекет» құруға дайын ба

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын бүгін барлық БАҚ арқылы жариялады. Осы орайда, сарапшылар, депутаттар мен құқық қорғаушылардың учаскелік полиция мәртебесі, сыбайлас жемқорлықпен күрес, көлеңкелі экономика туралы пікірлері Strategy2050.kz материалында.


Сарапшылар: Қазақстан «құқықтық мемлекет» құруға дайын ба

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин Президент Жолдауы – елді жаңғыртудың жаңа кезеңі екенін атап өтті. Ол Тоқаевтың алға қойған міндеттерінің ауқымдылығына тоқталып, олардың шешімі қазақстандықтардың өмірінің барлық саласын жаңғырту және қарқынды дамыту үшін қажет екенін айтты. Сонымен бірге, депутаттарға мемлекеттік басқарудың жаңа моделін заңнамалық қамтамасыз ету, квазимемлекеттік сектордағы реформаларды қолдау, салық заңнамасы мен бюджеттік саясатты жетілдіру мәселелері бойынша жұмыс жасау қажет екеніне тоқталды. Жұмыстың басым бөлігі азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартумен, соның ішінде, денсаулық сақтау, білім беру, балалардың құқықтарын қорғау мәселелерін шешумен байланысты.

Қ.Тоқаев өз Жолдауында: «учаскелік инспектордың мәртебесін заңнамалық тұрғыда көтеріп, оған нәтижелі жұмыс істеу үшін мүмкіндік беру керек. Ол азаматтарға таныс, қолжетімді және беделді болуы керек», - деген болатын. Заңгер, адвокат Абзал Құспан бұл мәлімдемеге өз ойын қосты.

60345884_1053778408344847_1251203799586963456_n.jpg

Қазіргі Қазақстан Полициясы – кешегі Кеңестік милицияның заңды жалғасы. Бұл екеуінің айырмашылығы көп емес. Бұрын милиция қаржылық, экономикалық, жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтың бәрін тексеретін еді. Ал қазір экономикалық қылмыстарды тергеу қызметі құрылды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі де бар, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзіретіне де бірнеше құқық қорғау қызметі берілді. Мұны мен неге айтып жатырмын?! Бұрын ішкі істер органдары Қазақстандағы барлық қылмыс түрімен айналысатын. Мұндай жағдайда жергілікті учаскелік полиция қызметіне түсетін жүктің салмағы ауыр еді. Ал қазір учаскелік полиция инспекторлары ауылдық жерде мал ұрлау, қалалық жерде бұзақылық сияқты қылмыстармен айналысады. Сонда қазір учаскелік полицияға артылатын міндеттер азайды деп айтуға негіз бар. Қазір учаскелік полицияның негізгі міндеті мен мақсаты айқын. Ол – қоғамдық құқық бұзушылықтар мен ұрлық қылмыстарды әшкерелеу мен түзету. Бұл қылмыстар жергілікті тұрғындардың көмегімен ашылады. Кеңестік полицияның тарихында учаскелік полиция инспекторына талап жоғары еді. Бұл мектеп өзін-өзі ақтады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жұмыссыздық жайлаған кезде, басқа маман иелері учаскелік полицияда жұмыс істеді. Сол кезде «учаскелік полицияның тұрақтылығы» деген институт жоғалып кетті. Өйткені, ауылдық жерлерде учаскелік полиция инспекторы бір өзі сол ауылдың барлық құқық бұзушылыққа қатысты проблемасын жалғыз шешеді. Қазақстанның территорияы кең. Ауылдар аудан орталықтарынан бірнеше шақырым қашықтықта орналасқан. Учаскелік полиция инспекторы өз қызметінде тұрақты болу керек. Ол сол аумақтың иті мен бие-тайлағын жақсы тануы керек. Ішкі істер қызметінің негізгі қызметі учаскелік полиция инспекторына тікелей қатысты. Демек, учаскелік полицейлердің қызметін қалыпқа келтіру арқылы бүтін бір елдің Ішкі істер органдарының қызметін жақсартудың кілті болып табылады, - деді Абзал Құспан.

Белгілі адвокат Президенттің Қылмыстық және қылмыстық-процесстік заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ету маңыздылығы жайлы мәлімдемесін қолдайтынын айтты. Қылмыстық және қылмыстық-процесстік заңнамаға жиі түзетулер мен өзгерістер енгізу құқықты қолдануға кері ықпал етеді және біркелкі тергеу және сот практикасын жасауға мүмкіндік бермейтінін Президент айтып, сынға алды.

Адвокаттың айтуынша, бұл мәселе жыл сайынн заңгер-практиктермен бірге жиі көтеретін өзекті мәселе.

2014 жылы қылмыстық процесстік кодекс пен қылмыстық кодексті қабылдадық. Содан бері бұл заңдарға 35 рет өзгеріс енгіздік. Сол Заңдар қабылдаған кезден бастап бір ай өтер-өтпестен өзгеріс енгізе бастады. Сонда не үшін біз Заң қабылдаймыз?! 2014 жылы қабылданған Заңда 486 бап болса, соның 300-ден аса баптарының мәтіні қайта жазылды. Заңның 3/2 бөлігі қайта жазылды деген сөз! Ұрлық, сыбайлас жемқорлық, жол-көлік апаттары бұрыннан келе жатқан қылмыс түрлері. Ай сайын жаңа қылмыс түрлері пайда болып жатқан жоқ. Олар жайлы Заңды қабылдай сала, біресе жазаны жеңілдетіп, біресе ауырлатып, баптарды толықтырып, реттеп жатады. Заң қабылданып жатқанда мамандар қайда қарап отырды деген заңды сұрақ туындайды. Маман ретінде мен де бұл мәселеде өзімді жауапты сезінемін, бұл проблема ішімде «қыжыл» боп тұрады. Қайта-қайта өзгертулер енгізе беру – кейін судьялардың үкім шығару кезінде бірізділікке салынуына кедергі келтіретін фактор. Заңның өзі жиі құбылатын болса, Сот шешімінің әділдігі туралы сөз қозғау қиын. Мен үшін Жолдауда айтылған мәселе емес, сол мәселенің шешім табуы үшін орындалатын жұмыс маңызды. Заңды ұсынушылар мен Заң шығарушылардың жеке және коллективті жауапкершілігі туралы мәселені қозғауымыз керек. Өйткені, Жолдауда Мемлекет басшысы көтерген мәселелер шешіліп, айтқан тапсырмалары орындалуы керек. Ешбір мәселе сөз күйінде қалмау керек, - деді Абзал Құспан.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы екенін Президент бүгінгі Жолдауында ерекше екпінмен айтты.

Заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет. Азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы тұрғыда құқық қорғау және сот жүйелеріне негізгі рөл жүктеледі. Бұл салаға реформа аса қажет, - деп толықтырды Тоқаев.

Президент Прокурор мен Соттың қызметіне қатысты шараларды нақтылады.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі қоғамда ушығып тұрған, шешімін таппай келе жатқан, Заң күшейсе де, заң бұзушылық азаймай тұрған өзекті тақырып. Президенттің айтуынша, жемқорлық барынша жүйелі сипат алуда. Жемқорлықтың пайда болу себептеріне көбірек назар аударылып, алдын алу жұмыстары жүргізілуде.

Енді жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізген жөн.Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен күрес жауапқа тартылудан қорыққан шенеуніктерді дербестік, бастамашылдық және жедел әрекет ету қасиеттерінен айырмауға тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайды. Жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керек. Біз сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдарды заң жүзінде қорғайтын жүйе қалыптастыруымыз қажет, - деді Президент.

Тоқаев мемлекеттік бақылауға балама ретіндегі қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастыру керектігін айтты.

Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырамын, - деді ол.

Мемлекет басшысы салық және кеден саласын цифрландыруға асығу керектігін айтты. Өйткені, «көлеңкелі экономиканың» өсуі тездетіп барады. Сыбайлас жемқорлық көлеңкелі экономикамен «қоректенеді».

Біз жаңа, ұқыпты, жауапты бюджет саясатын жасауымыз керек. Біз тек айқын бағыты көрініп тұрған жобаларды қаржландыруымыз керек. Негізгі бюджеттік коэффициенттердің жинағы мен ережесін жасау қажет.

Көлеңкелі экономика мен бюджет саясатына келгенде ҚР Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаевтың айтары бар. Депутаттың айтуынша, көлеңкелі экономика мәселесін шешіп алсақ, ашықтық арқылы экономикамыздың даму үрдісіне шығамыз.

07ec55676ddd642906259477e5d8290e.jpg

Мемлекет басшысы экономикамызда көлеңкелі экономиканың үлесі үлкен екенін айтып өтті. Ол экономикамыздың үштен бірі - көлеңкелі экономика екеніне, оның қауіп-қатеріне және сыбайлас жемқорлыққа әкеп отырғанына баса назар аударды. Ол құқық қорғау органдарының басты жұмысы - көлеңкелі экономикамен күрес болуы керектігін айтты. Бұл - өте дұрыс тапсырма. Осы мәселе шешімін тапса, ашық жариялау арқылы ел экономикасының дамуының жаңа кезеңіне өтер едік, - деді О. Өксікбаев.

Барлық жаңалықтар