Сарапшы: Жолдауда жастарға қатысты айтылған үш мәселені атады

2 Қыркүйек, 2021 10:14

Кеше ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауын жариялады. Осы тұста, "Жастар қызметкерлері қауымдастығы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлыбай Наурызбаев жолдауға қатысты өз пікірін білдірді. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Жастар қызметкерлері қауымдастығы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлыбай Наурызбаев Президент Жолдауындағы үш мәселеге тоқталып өтті. Соның ішінде, NEET санатындағы жастардың үлесін төмендету бойынша бірқатар шараларды қарастыру қажеттігін алға тартты.

 «Біріншіден, білім жүйесінен ерте шығу мәселесі. Менің ойымша бұл NEET санатындағы жастар санына (яғни, оқымайтын және жұмыс жасамайтын жастар) әсер ететін факторлардың бірі. Бүгінгі күннің өзінде, елімізде екі жүз мыңнан астам осындай жастар бар, сондықтан оларды білім жүйесіне қайта қосу немесе еңбекке тарту бойынша шаралар қарастыруымыз қажет», - деді "Жастар қызметкерлері қауымдастығы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

 Сондай-ақ, ол қазіргі таңда оқымайтын немесе жұмыс жасамайтын жастармен жүйелі шаралар атқару үшін әр жастар ресурстық орталығы деңгейінде арнаулы бөлімдер ашылып, осы санаттағы жастардың деректер базасы жасақталып жатырғанын атап өтті.

 Бұдан бөлек, цифрландыру құралдары арқылы жастарға көрсетілетін қызметтерді де кеңейту қажеттігін атап өтті. Ол үшін әр түрлі білім беру бағдарламаларын, ақпараттандыру немесе кеңес беру тәсілдерін де смартфон арқылы алу мүмкіндігін қарастыру екенін жеткізді.

«Екіншіден толыққанды цифрландыру. Бұл үшін біздің ИТ мамандардың біліктілігі толық жетеді деп ойлаймын, ең бастысы – бұл шараны ұзаққа создырмай тез арада енгізсек, халық «смартфондағы үкімет» қағидасының жемісін көрер еді? Цифрландыру құралдары арқылы жастарға көрсетілетін қызметтерді де кеңейтуіміз қажет», - деді Нұрлыбай Наурызбаев.

Наурызбаевтың айтуынша, үшінші мәселе ең төменгі жалақы мөлшерін жоғарлату екенін атап өтті. Сондай-ақ, тек осы шарамен тоқталып қалмай, барлық салалар бойынша жалақыны жоғарлату мәселесін де қарастыру қажет деген пікір білдірді. Оның пайымынша, бұл экономикалық тұрғыда осал топтар үшін қолдау.

«Мысалы, жастармен жұмыс жасау саласында қызмет атқаратын төрт мыңға жуық адамдар бар, олардың басым бөлімі жергілікті деңгейде мемлекеттік ұйымдарда жұмыс жасайды. Ал олардың жалақысы еліміз бойынша ең төменгілердің бірі. Сондықтан, үкімет осы саладағы азаматтарға да назар аударуы қажет деп ойлаймын», - деді Нұрлыбай Наурызбаев.

Барлық жаңалықтар