• Басты
  • Жаңалықтар
  • Сарапшы: Заңдағы өзгерістер - Қазақстан стратегиясының дұрыс бағытта екендігінің дәлелі

Сарапшы: Заңдағы өзгерістер - Қазақстан стратегиясының дұрыс бағытта екендігінің дәлелі

25 Мамыр, 2020 18:31

Мемлекет басшысы бүгін бірқатар заңға қол қойды. Оның қатарында "Саяси партиялар", "Бейбіт жиынды өткізу және ұйымдастыру" туралы заңдары бар. Осы орайда заңның халық үшін қаншалықты тиімді екенін білу мақсатында сарапшылармен сұхбаттасқанбыз. Саясаттанушы Самат Нұртазаның сөзінше, заңдағы өзгерістер - Қазақстан стратегиясының дұрыс бағытта екендігінің дәлелі, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

"Көпшілік көптен күткен бейбіт митингілер туралы заңға қол қойылды. Бірнеше жыл бойы мемлекет, қоғам және халық бұл күнді күтті. Либерализация және бостандыққа деген сүйіспеншілік әрдайым демократиялық елдердің жоғары құндылықтарының бірі болып келеді. Ұзақ жыл КСРО секілді алып империяның құрамында болып, талай қиындықты басынан өткерген жас мемлекеттен өткір демократиялық маневрлерді талап ету қиын. Алайда бұл заң Қазақстанның дұрыс жолда екенін тағы бір дәлелдеп берді", - деді ол.

Саясаттанушының сөзінше, "Сайлау туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуі - демократияға бастайтын қадамдардың бірі.

"Сонымен бірге "Сайлау туралы" заңнамадағы саяси партияны тіркеу үшін 40 мыңның орнына 20 мың қол жинау қажеттігі, 30 пайызы жастар мен әйелдер болу керегі - демократияға бастайтын қадамдардың бірі. Заңнамаға өзгерістер енгізу кезінде Германия, Франция және Норвегия секілді елдердің заң жобасы басшылыққа алынған. Сонымен қоса жастар квотасы бойынша 25 пен 29 жас аралығындағы азаматтардың мүмкіндікке ие болуы да бір белес", - деді Самат Нұртаза.

Оның айтуынша, 29 жасар Қазақстан үшін бүгінгі жетістіктер мен қоғамда, жоғары жақта болып жатқан өзгерістер дұрыс бағытта дамып келе жатқанының айғағы.

"Мұның бәрі жас мемлекет үшін үлкен қадам әрі болашақта елді либерализациялаудың іргетасы болып табылады. Мәскеу бір күнде салынған жоқ. Америка Құрама Штаттары Конституциясы 1776 жылы бекітілсе де, заңдағы қайшылықтармен әлі келіспеушіліктер көп. Егер Қазақстанды 29 жастағы жас жігіт дейтін болсақ, ол өз бағытын айқындаған, сол бағытта дамып келе жатқан мемлекет", - деді Самат Нұртаза.

Барлық жаңалықтар