• Басты
  • Сарапшы: Короновирус індетінен өлімнің көбеюіне созылмалы аурулар себеп болып жатыр
6 Шілде, 2020 13:18

Сарапшы: Короновирус індетінен өлімнің көбеюіне созылмалы аурулар себеп болып жатыр

Соңғы кезде короновирустық инфекция төңірегінде әлеуметтік желіде тарап жатқан түрлі кеңестерге қатысты бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "Коронавирус бойынша ағымдағы жағдай" тақырыбында өткен онлайн брифингте "Астана медицина университеті" КЕАҚ кафедрасының доценті Баян Тұрдалина және "Астана медициналық университеті" ҚЕАҚ қызметкері Нұрила Малтабарова баяндама жасады, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Сарапшы: Короновирус індетінен өлімнің көбеюіне созылмалы аурулар себеп болып жатыр

Өкпенің ісінуі КВИ кезінде ғана емес, басқа да ауруларға шалдыққанда да өкпе тінінің ісінуі жүреді, вирус осы интерстициальды кеңістікке әсер ете бастайды, онда сұйықтық жинақтала бастайды. Бұл туралы медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, жедел медициналық көмек, Анестезиология және қарқынды терапия кафедрасының меңгерушісі Нұрила Малтабарова хабарлады.

Сарапшының ақпараты бойынша, осы кеңістікте ауыр дәрежеде өкпеде сұйықтық көп жиналады және өліммен аяқталуы мүмкін. Вирус өкпе тініне тез әсер етеді.

Тәуекел факторлары өте көп. Бұл артериялық гипертензия аурулары, жүрек-тамыр жүйесі аурулары, қант диабеті, семіздік. Жүректің, тамырлардың жеткіліксіз жұмыс істеуіне байланысты ағзада сұйықтықтың шамадан тыс жүктелуі орын алады және өкпенің ісінуі дамиды.

Өлім-жітім себептерінің бірі өкпенің ісінуі болуы мүмкін деп айтатын болсақ, ағзаның сұйықтық жүктемесі инфузиялық препараттарға байланысты емес, жүрек-қан тамырлары жүйесі жұмысының жеткіліксіздігіне байланысты болады. Аталған жағдай созылмалы аурулар түрінде жоғарыда аталған қауіп факторлары бар науқастардың көпшілігінде орын алудa,-деп толықтырды Н.Малтабарова.

Маманның айтуынша, дүниежүзі бойынша пандемия орын алғанға дейін ҚР-да клиникалық хаттаманың ең алғашқы нұсқасы ақпан айында дайын болған. Сол уақыттан бері еліміздің жетекші ғалымдары, клиницистері клиникалық хаттаманың жаңартылуы бойынша жұмыс жасап келеді.

Клиникалық хаттаманың құрамындағы антибактериалды терапия бөліміне тоқталар болсам, коронавирус инфекциясы вирусты инфекция болғандықтан, оның тікелей көрсеткіштері жоқ. Науқасқа жекелей қолданған жағдайда антибактериалды терапияны егер қосалқы бактериалды инфекция қосылған жағдайда ғана қолданған дұрыс. Оны дәрігер ғана нақты айтып бере алады. Мұның барлығы клиникалық хаттамада жазылған және бұл клиникалық хаттаманы дұрыс емес деп айтуға болмайды, - деді.

Ол сондай-ақ "Дексаметазон" препаратын пайдалануға қатысты сауалдарға да жауап берді.

"Дексаметазон" препараты – көрсеткіштер бойынша қабынуға қарсы әсер ететін, амбулаторлық жағдайда емес, тек стационардағы жағдайы өте ауыр пациенттерге қолданылады. Бұл да клиникалық хаттамада көрсетілген. Жалпы, препараттардың жетіспеушілігіне байланысты сұрақтар да бар. Азаматтардың препараттарды қор ретінде сатып алу жағдайларының көп болғанына, кейбір ақпараттардың әлеуметтік желілерде дұрыс таралмауына байланысты осындай қиындықтар туындауда. Сондықтан, халыққа тек ресми дереккөздердің ақпаратына ғана сүйену керегін ескертеміз. Жергілікті жерлердегі дәрігерлерге де айтатынымыз – клиникалық хаттама ресми сайттарда жүйелі түрде хабарланып отырады. Сол арқылы қаншама науқас сауығып шықты. Әрбір дәрігер сол хаттама арқылы жұмыс жасауы керек, - деді ол.

Нұрила Малтабарова науқастардың тыныс алу жаттығуларын жасауға қатысты сұрақтарына жауап берді. Оның айтуынша, тыныс алу жаттығулары оңалу кезеңінде өте пайдалы. Бірақ, бұл жаттығуларды аурудың шарықтау кезінде жасағанды тоқтата тұру керек.

Нақты жаттығулар бойынша кеңестерді реабилитолог дәрігер беру керек. Әлеуметтік желідегі жаттығулардың қайсысы тиімді екенін мен реаниматолог болмаған соң айта алмаймын. Клиникалық хаттамада тыныс алу жаттығуларын жасау бар. Алайда, ол тек стационарда ем қабылдаған соң, амболаториялық жағдайда, оңалу кезеңінде жасалады. Кез келген инфекциялық аурулардың жедел кезеңінде қосымша тыныс алу гимнастикасы немесе физиотерапиялық әдістер қолданылатын болса, ол ағзаға тек зиян келтіреді. Сондықтан, тыныс алу гимнастикасын науқас негізгі емін алып болып, үйге шығарылғаннан кейін қолдануға болады. Оның өкпе қызметін қайта қалпына келтіруде маңызы зор,-деп тұжырымдады.

Баян Тұрдалина тыныс алу жаттығуынан бөлек жалпы спортпен шұғылдану да вирустық инфекция кезінде тиімді болмауы мүмкіндігін ескертті.

Сау иммунитет кез келген инфекциялық процестің жеңіл өтуіне немесе симптомсыз түрде өтуіне әсер етуі мүмкін. Алайда, ағзаға интенсивті түрде физикалық жүктеме түсіру дұрыс емес деп ойлаймын. Дене шынықтырумен айналысу қажет, бірақ шектен шықпай. Ал егер адам инфекциялық процестің жедел кезеңінде болса, онда дәрігерлер спортпен айналысуға кеңес бермейді, - деді ол.

Дәрігер Нұрила Малтабарова иммунитеті жақсы болған күннің өзінде "маған ешқандай вирус жұқпайды" деп ойлау дұрыс емес екенін айтты.

Иммунитетіңіз қанша жақсы болса да, жеке гигиеналық талаптарды ұстанып, бұқаралық шараларға бармай, бөлмелерді жиі желдету мен қолды жиі жуып тұру талаптарын сақтау керек. Коронавирус індеті - жоғары тыныс алуды зақымдайтын ауру. Сондықтан да, сұйықтықты көп мөлшерде пайдаланған жөн, - деді ол.

Дәрігер дәрумендерді қабылдауға қатысты да кеңес берді.

D, C дәрумендері – жалпы иммунитеттің нығаюына, зат алмасу процесінің реттеліп отыруына көмектесетін бірден-бір дәрумендер. Ал нақты коронавирус инфекциясы кезінде тікелей әсері бар деген дәлел жоқ. Халық арасында иммунитетті көтеру мақсатында дәруменді шекті мөлшерінен артық қабылдау керек деген түсінік болмауы қажет. Себебі, әр дәрумен әрбір адамның жасына, салмағына қарай жекелей тағайындалады. Сондықтан, дәруменді нормадан асыра пайдалануға болмайды, - деді.

Малтабарова қазіргі таңда жастар арасында кең тараған электронды темекі және темекі пайдаланатын адамдар қауіпті аймаққа кіретінін айтты.

Короновирустық инфекция кезінде темекі тартатын кісілер денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Бұл некотиннің өкпедегі ауа алмасу процесіне тигізетін әсерімен байланысты. Себебі, көмірқышқыл өкпеден шығып, оттегі кіреді. Осы арқылы біз өкпені вентиляциялаймыз. Ал адам ұзақ темекі шексе, оттегіге деген сұраныс ұлғаяды. Аурудың алдын алу, жұқтырған күнде де ауру жеңіл өту үшін темекі шекпеу керек. Тағы да айтамын, бұл оттегіні көп мөлшерде қолданудың тапшылығын тудырады, - деді ол.

Иіс пен дәм сезу жоғалған жағдайда мұны бірден короновирустық инфекция деп, компьютерлік томография немесе ПЦР тестін тапсыруға асықпау керектігін де мамандар бүгінгі брифингте айтып өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда COVID-19 індетінен бүгінге дейін барлығы 48 574 адам коронавирус жұқтырған. 15 860 науқас аурудан жазылды, ал 232 адам қайтыс болған.

Барлық жаңалықтар