• Басты
  • Салық заңнамасындағы жаңашылдықтар

Салық заңнамасындағы жаңашылдықтар

5 Тамыз, 2021 17:21

Салық саясатты кез келген мемлекеттің экономикасында айрықша мән-маңызға ие. Өйткені әр түрлі деңгейдегі салық түсімдерінен мемлекеттің қазынасы қалыптасады. Салықтың маңыздылығына ерте замандардан бастап барлық өркениеттер мен жекелеген мемлекеттік құрылымдардың билеушілері айрықша көңіл бөліп, салық саясаты бүгінге дейін жүйелі түрде жалғасып, түрленіп келеді. Бұл ретте, Қазақстан да тәуелсіз ел ретінде өз салық заңнамасын қалыптастырып, дамытып, оны жетілдіруге мүдделі. Бүгінгі мақаламызда осы тақырып төңірегіндегі мәселелерді қаузайтын боламыз.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр, яғни 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арналған өз жолдауында былай деген болатын:

Егер ұлттық табысты әділ бөлудің маңыздылығы туралы айтар болсақ, барша азаматтарға дәл сондай ұғынықты болатын салық саясатын әзірлеуіміз керек.

Бүгінде салықтар мен алымдардың 40-қа жуық түрі бар. Оны басқару ісі тым күрделі және негізінен мәжбүрлік сипатқа ие болып отыр.

Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп және депутаттық корпусты тарта отырып, Салық кодексін және заңға сәйкес актілерді егжей-тегжейлі қайта қарауды тапсырамын. Мақсатымыз – салықтық міндеттемелерді орындауды барынша жеңілдету және салықтар мен өзге де төлемдердің санын азайту.

Бюджетті әртараптандыру мен толықтырудың қосымша тетігі ретінде салықтық мөлшерлемелерді жіктеу жөнінде де ойлану керек.

Шағын және орта бизнес секторы бойынша пандемиядан көп зардап шеккен кәсіпкерлерге бөлшек сауда салығын айналым есебінен төлеуге мүмкіндік беру қажет деп есептеймін.

Халықаралық салық салу жүйесінің нормаларына да ерекше назар аударған жөн. Бұл нормалар шетел инвестициясын тартуға және тапқан табысты Қазақстанға қайта құюға барынша ынталандыруы керек.

Сонымен қатар трансферттік баға белгілеуді және капиталдың елімізден шығарылуын қатаң бақылауға алу қажет. Сарапшылардың айтуынша, еліміздің ішкі жалпы өнімінің үштен біріне жуығы есепке алынбай, көлеңкеде қалып келеді. Бұл бюджет табысын арттыруға мол мүмкіндік берер еді.

Салық және кеден саласын цифр­ландыру «көлеңкелі экономиканың» кез келген көріністерімен күресуге айтарлықтай көмектеседі. Тіпті, «көлеңкелі экономика» сыбайлас жемқорлыққа жол ашып отырғаны жасырын емес.

Сондықтан Қаржы министрлігіне қарасты Экономикалық тергеу қызметінің жұмысы негізінен «көлеңкелі экономикамен» күресуге бейімдеуді тапсырамын. 

Осыған байланысты 2021 жылғы 24 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Өзгерістердің негізгі мақсаты кеңестік кезеңнен қалып қойған кейбір қасаң нормалардан арылу және кәсіпкерлерге барынша қолайлы жағдай қалыптастыруды көздейді. Аталған өзгерістер бойынша елдегі салық саясатында бірқатар жаңашылдық пайда болғанын айта кету керек. Оның ішінде бизнесті тексеруді барынша автоматтандыру, яғни тексеруші құзыретті органның өкілдері мен кәсіпкерлердің арасында жеке оффлайн қарым-қатынас, байланыстың болуын мүмкіндігінше азайту шаралары қолға алынды. Бұл бір жағынан кәсіпкердің жұмысын жеңілдетсе, екінші жағынан сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алуға мүмкіндік береді.

Салық заңнамасына енгізілген бірінші өзгеріс арнайы «Е-SalyqBusiness» мобильдік қосымшасының көмегімен арнайы салық режимі енгізілді. Ендігі уақытта кәсіпкерлер осы қосымшаның көмегімен жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз қызметін тоқтата алады, сонымен қатар ЖТС, өзге де түрлі әлеуметтік төлмендер және декларация тапсыру сынды үдерістерді онлайн форматта жүзеге асыра алады.

Сондай-ақ, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 1000 АЕК көлемінен асатын сауда жасалған жағдайда фискалды түбіртекте сатып алушының жеке сәйкестендіру нөмірі көрсетілуі шарт. Мұның мақсаты ірі көлемдегі тауарды сатып алған кезде сатып алушы өзінің төлем қабілетін де дәлелдей алатын жағдайда болуы тиіс. Бұл өз кезегінде нақты сауда жасаушы тұлғалардың да «жарықта жүруіне» ықпал етеді.

Осы салада жасалған тағы бір заңнамалық өзгеріс – 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 6 АЕК (17 502 теңге) көлемінен асатын салық берешегі бар тұлғалардың шоттары бұғатталып, банк операциялары тоқтатылатын болды. Одан төмен болған жағдайда шот бұғатталмайды. Осы өзгерістің арқасында ендігі уақытта бұрындары жылдап созылатын салық берешегінің көлемі азаяды деген жоспар бар. Сонымен қатар, азамат берешегін өтегеннен кейін банкке барып қайтадан шотты аштыра алатын мүмкіндік жасалды. Бұрындары қарыз өтелгеннен кейін үш жұмыс күні өткеннен соң барып, тіпті кейде апталап шотты қайтадан аштыра алмай әлек болатын кәсіпкерлер болатын. Ал соңғы өзгерісті қарызын төлеген жан үшін қайта жұмысына жылдам кірісуге жасалған мүмкіндік деп санауға болады.

Сонымен қатар, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап пандемиядан зардап шеккен 114 қызмет түрі үшін екі жыл мерзімге арнайы бөлшек салық режимі енгізілді. 2023 жылдан 2025 жылға дейін қоғамдық тамақтану саласы үшін режим ұзартылады. Салық ставкасы 6% мөлшерінде белгіленген. Режимнің басты ерекшелігі – режимді төлеушілер ҚҚС пен әлеуметтік салықты төлемейді. 

Сондай-ақ, әлеуметтік салықтың мөлшері де азайған. Мысалы бұрындары кәсіпкер 11 пайыз төлейтін болса, ендігі уақытта бұл көрсеткіш 9,5 пайызды құрайды. Сонымен бірге әлеуметтік аударымдар да жаңа заң талаптарына сәйкес 5 пайыздан 3,5 пайызға дейін төмендеді.

Егер бұрын жеке табыс салығынан заңды тұлғалар 20%, жеке кәсіпкерлер 10% төлеумен қатар 20% корпоративтік табыс салығын төлеу қажет еді. Ал жаңадан енгізілген салық түрі жалпы түсімнің 3% төлеуге міндеттейді. Соған қоса, арнайы режимді таңдаған төлеушілерге үстеме салықтан босатылу және әлеуметтік салықтан босатылу түрінде жеңілдіктер қарастырылған. 

Азаматтардың өміріне елеулі әсері бар тағы бір жаңалық былтырдан бастап қолға алынған зейнетақы шотындағы жеткілікті сомадан асқанын үй, жер алуға, медициналық қызметтерге т.б. пайдалану мүмкіндігінің берілуі. Алайда аталған бөліктен де 10 пайыз жеке табыс салығының сол мезетте ұсталып қалатындығы туралы хабарландыру біраз наразылық туғызғаны да жасырын емес. Алайда бұл салықтың азаматтың жеке қалауы бойынша зейнет жасына толғаннан кейін де төлеу мүмкіндігінің берілуі осы салық саясатында жасалған оң өзгерістердің әсері екенін айта кеткен жөн.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ресми сайтындағы көрсетілген мәліметке сүйенсек 2021 жылғы 3 тамызға дейін зейнетақы жинақтарын бекітілген мақсаттарға жұмсау бойынша ел азаматтарының жалпы 376 147 өтініші қанағаттандырылған. Аталған өтініштер бойынша зейнетақы қорынан тиісті мақсаттарға аударылған қаражат көлемі 1 662 179 миллион теңгені құрайды. 

Салық заңнамасына енгізілген өзгерістердің арасында көпқабатты тұрғын үйде тұратын азаматтардың бұдан былай жер салығын төлеуден босатылатындығы жөніндегі жаңашылдық бар. Бұған дейін көппәтерлі тұрғын үйдің иесі де жер салығын төлейтін еді. Сонымен қатар азаматтар мүлік пен жер салығын бірге төлейтін болып бекітілді.

Көлік салығын төлеудің мерзімі де бұрынғы жылдарға қарағанда ұзартылды. Атап айтқанда бұған дейін көлік салығы тиісті жылдың соңына дейін төленуі қажет болса, жаңа талапқа сәйкес келесі жылдың, яғни салық төленуі тиіс кезеңнен кейінгі жылдың 1 сәуіріне дейінгі уақытқа ұзартылды.

Тек Қазақстан ғана емес тұтас әлемге тараған пандемия кесірінен бизнестің үлкен жапа шеккені белгілі. Осы орайда, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үш жылға салықтан босатылды. Сонымен бірге оларды тексеруге, барып профилактика жұмыстарын жүргізуге де үш жылдық мараторий жарияланды.

2021 жылы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері 2917 теңгені құрайды. Ал базалық әлеуметтік төлемдер мөлшерін есептеу үшін күнкөрістің ең төменгі мөлшері 34 302 теңге болып бекітілген. 2021 жылы ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңге күйінде қала береді. 1 қаңтардан бастап төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі 18 524 теңге. Бұл ретте минималды зейнетақы мөлшері – 43 272 теңге. 

Салық заңнамасындағы жақсы жаңалықтың бірі жаңадан тіркеліп, жұмысын бастаған кәсіпкерлер өндірген тауарларын сатқан кезде қосымша құн салығын 70 пайызға азайту туралы шешім қабылданды. Мұндай жеңілдікті аталған санаттағы кәсіпкер екі жыл бойы пайдалана алады. Мұны өз кәсібін жаңадан бастаған іскер азаматтарға жасалған маңызды жеңілдік деп қабылдауға болады.

Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібімен айналысушы шағын кәсіпкерлер негізгі қорларға инвестиция жасалған жағдайда тапқан пайдадан қосымша құн салығын алынбайтын болып шешілді. Мұны шикізаттық емес, өңдеу өнеркәсібін дамытудың және кәсіпкерлерді қолдаудың бірі көрінісі деп бағалау қажет.

Қорытындылай келгенде, салық саясатында бірқатар осы секілді өзгерістер орын алды. Бұл өзгерістердің басты мақсаты кәсіпкерлерге қолайлы жағдай қалыптастыру және салық операцияларын барынша цифрландыру, автоманттандыру. Бұл өз кезегінде ашықтыққа, сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алуға және оңтайлы тәсілдер арқылы салық төлеуді қамтамасыз етуге арналған. Кәсіпкерлікті дамытуға, ашықтық принциптерін қалыптастыруға және ел экономикасын жақсартуға бағытталған кез келген қадам құптауға және қолдауға тұрарлық.

Барлық жаңалықтар