• Басты
  • Салық заңнамасын жетілдіру: Саладағы өзгерістер

Салық заңнамасын жетілдіру: Саладағы өзгерістер

22 Маусым, 2021 18:20

Бүгін Орталық коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде салық заңнамасын жетілдіру, саладағы өзгерістер туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин мен Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазин айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Ұлттық экономика вице-министрі салық саясатын жетілдіру бойынша жүрігізіліп жатқан жұмыстарпен таныстырды. Осы орайда, ол былтыр короновирус пандемиясына байланысты бизнесті салықтық қолдау шаралары қабылданғанын атап өтті. Биыл осы бағытта және жалпы салық салу саласын жетілдіру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.

Былтыр төтенше жағдай кезінде қабылданған шұғыл шаралар:

-        Шағын және орта бизнестің барлық субъектілері үшін салықтар және әлеуметтік төлемдерді төлеу шегерілді.

-        Экономиканың ең әлсіз секторлары 2020 жылдың аяғына дейін мүлік салығынан босатылды.

-        Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 2020 жылдың 1 қазанына дейін қосылған құн салығының мөлшерлемесі 12% дан 8% -ға дейін төмендетілді.

«Экономиканың ең көп зардап шеккен жиырма тоғыз секторында 2020 жылдың 1 қазанына дейін салықтар және әлеуметтік төлемдердің нөлдік мөлшерлемесі белгіленді», - деді Азамат Амрин.

Сонымен қоса, ол былтырғы жылдың мамыр айында экономикалық өсуді қалпына келтіру бойынша кешенді жоспар қабылданғанын еске салды. Осы кешенді жоспардың шеңберінде тағы бірқатар салықтық жеңілдіктер көзделген.

«Жалпы жеті жүз мыңға жуық салықтөлеушілер 1 трлн. теңгеге мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған. Бұл салық төлеушілерге өз қызметін сақтап қалуга мүмкіндік берді. Біз мұны қазір салық түсімдерінен көріп отырмыз», - деді вице-министр.   

Сонымен қоса, ол биыл пандемияның салдарын азайту және іскерлік белсенділікті ынталандыру мақсатында жаңа салықтық өзгерістер қабылданғанын атап өтті. Тиісті заң жобасын биыл оныншы маусымда Сенат қабылдады. 

1.Арнайы мобильді қосымшаны қолданатын арнайы салық режимін енгізу.

«Осы шара жеке кәсіпкерді тіркеуді және қызметін тоқтатуды жеңілдетуге, салықтық міндеттемелерін орындауды жеңілдетуге бағытталған. Осы режимді тек қана оңайтылған декларацияны пайдаланатын жеке кәсіпкерлер қолдана алады. Яғни, салықтық міндеттемелерді орындауды смартфон арқылы жүргізуге болады», - деді ол. Оның айтуынша, осы өзгеріс 2022 жылдан бастап енгізіледі. Қазіргі кезде салық органдары осы қосымшаны әзірлеп жатыр.

2.Жеке құралдармен қамтамасыз ету

«Өздеріңіз білесіздер, былтыр да, осы жылы да жұмыс берушілер өз жұмыскерлерін жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етті. Салық кодексі бойынша осы құралдар жұмыскерлерге табыс ретінде саналады, сондықтан салық мәселесі туындайды. Енді осы өзгерістер бойынша аталған табыстарға салық салынбайды», - деді вице-министр.

3.Шоттардың бұғатталуы

«Осы заң жобасы әзірленгенде бизнес тағы бір мәселені көтерді. Ол салықтық берешектің мөлшері төмен болса да шоттарының бұғатталуы. Енді біз шекті мөлшерді белгіледік. Бұл мөлшер 6 айлық есептік көрсеткіш. Егер берешек одан төмен болса шот бұғатталмайды. Бұрын салық төлеуші берешегін төлесе, шотын үш күннен кейін, кейде бір аптадан кейін пайдалана алатын. Енді біз банктерге салық төлеуші берешегін төлегеннен кейін шотын бірден пайдалануға рұқсат бердік», - деді Азамат Амрин.

4.Қосылған құн салығын азайту

Оның сөзінше, Қазақстанда тауарларды өндіруді ынталандыру мақсатында жаңа тіркелген кәсіпорындар өз өнімін сатқанда, қосылған құн салығы 70 пайызға азайтылады. Осылайша, салық есептелген соманың 30 пайызы мөлшерінде ғана төленетін болады. Бұл жеңілдіктің мерзімі – екі жыл.

5. Корпоративтік табыс салығынан босату

«Өңдеу өнеркәсібі салаларында жұмыс істеуді ынталандыру мақсатында және осы салаларға инвестицияларды көбейту үшін жаңа норма көзделген. Егер шағын бизнес субъектілері өз пайдасын жаңа негізгі қорларға салатын болса, онда осы пайдасы корпоративтік табыс салығынан босатылады», - деді ол.

6.Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң

Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң қабылданғаны белгілі. Заңда қолдау шаралары көзделген. Олардың ішінде салықтық қолдау шаралары.

«Мәселен әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері мүлік салығының төмендетілген мөлшерлемесін пайдаланатын болады. Ол бір.   Екінші егер әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері өз жұмыскерлерін оқытатын болса, корпоративтік табыс салығын есептегенде жұмсалған шығындары екі еселеніп саналады», - деді вице-министр.

ҚР Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев Қаржы министрлігінің салық және кеден саласында жүргізген жұмысының негізгі бағыттары туралы айтты.

ШОБ-ты қолдау шаралары

Вице-министр ағымдағы жылдың 1 сәуірінде елдегі коронавирустық ахуалға арналған кеңесте берілген Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша шағын және орта бизнесті қолдау шараларын іске асырудың барысына тоқталды.

«Зардап шеккен салалардағы ШОБ үшін жалақы қорынан салық төлеу кейінге қалдырылды. Бұл шара 2021 жылдың 1 сәуірінен 1 шілдесіне дейін қолданылады. Салық және кедендік қарыздарды мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары тоқтатылды. Бұл шара 13,2 миллиард теңге қарызы бар 8,6 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектілерін қамтыды», - деді ол.

Сонымен бірге, ілеспе шот-фактураларды тіркеуге арналған пилоттық жобалардың мерзімі ұзартылғанын атап өтті.

Олар:

- акцизделетін тауарлар мен ЕАЭО елдері бойынша импортталған және экспортталған тауарлар үшін 2021 жылдың 1 қазанына дейін;

- басқа тауарларға 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін.

«Сондай-ақ, келесі жылдың 1 қаңтарында ҚҚС төлеушілердің электронды шот-фактураларын беру міндеттемесі кейінге қалдырылды. Бұрын бұл міндеттеме осы жылдың 1 сәуірінен бастап қарастырылған болатын», - деді ол.

Салық және кедендік әкімшілендіру

Министрлікке бюджеттің кірістерін қамтамасыз ету міндеті жүктелгенін атап өтті. Бұл жоспар жыл сайын артып келеді және сәйкесінше Министрліктің бастамалары көлеңкелі экономикаға қарсы тұруға және кірістер / шығыстарды есепке алудың ашық жүйесін қамтамасыз етуге бағытталған.

«Салықтық және кедендік әкімшілендіруде ең тиімді жолы - бизнес үшін салықтық міндеттемелерді орындау мен жеңілдетуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйелер мен цифрлық шешімдерді қолдану екеніне көзіміз жетті.

Осы мақсатта жеке тұлғаларға арналған «E-Salyq-Азамат» мобильді қосымшасы іске қосылды. Жеке кәсіпкерлер үшін ыңғайлы және қарапайым функционалдығы бар E-Salyq-бизнес дамып келеді. Бұл қосымшалар кәсіпкер мен халықтың салықтық міндеттемелерін орындауды жеңілдетуге арналған», - деді вице-министр.

Өткен жылы, пандемияға байланысты фискалды бақылау шаралар тоқтатылғанына қарамастан, 6 ай ішінде мемлекеттік кірістер органдары 710 миллиард теңге салықтық түсімдерді қосымша қамтамасыз етілгенін еске салды.

Жалпы, оның сөзінше, 86 түрлі тәуекел модельдерін қарастыратын тәуекелдерді басқару жүйесін қолданудың арқасында қашықтықтан басқарудың жаңа әдістері әзірленген. Жүйе үлкен деректерді талдау және деректерді жинау құралдарымен жабдықталған.

«Біз тексерістерге нақты мәліметтермен шыға бастадық. 2020 жылы тексерулер саны 58% -ға қысқарды, ал тиімділігі 29% -ға артты. Биыл фискалдық органдардың назары жер қойнауын пайдаланушылар мен құрылыс компанияларына түсті. Бірінші жартыжылдықта ТБЖ-ге 113 компания таңдалды.

«Электронды шот-фактуралар» ақпараттық жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс жалғасуда», - деді ол.

Оның сөзінше, аталған жүйе карантин кезінде өзектілігін көрсеткен. Яғни, салық төлеушілер қашықтықтан - бір-бірімен кездеспей жұмыс істеген уақытта. Жүйе фискалды органдарға жеткізушілер мен сатып алушылар арасындағы транзакцияларды онлайн режимінде көруге мүмкіндік береді.

«Бұрын біз мұндай операцияларды есепті кезеңнің соңында, алты айдан кейін ғана көрдік. Бүгінгі күні ЭСФ-дың арқасында сату тізбегі арқылы салық төлеуден жалтарғандар анықталуда. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, біз қашықтықтан ақпараттық өзара әрекеттесуге негізделген ірі бизнестің көлденең мониторингі бойынша жобаны бастадық», - деді ол.

Оның айтуынша, кедендік инфрақұрылымды жаңарту жоспарлануда, оның шеңберінде 10 өткізу пункті қайта жаңартылады және кедендік операцияларды автоматтандырылған бақылау үшін Бас диспетчерлік кеңсе салынады.Сонымен қатар, мемлекеттік шекарадағы заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимылдың кешенді жоспары әзірленген. Шет елдермен кедендік декларациялар бойынша ақпарат алмасу жұмысы жалғасуда. Бүгін ҚХР-мен ақпарат алмасу жүріп жатыр, ал Түркиямен жұмыс басталғанын атап өтті.

«Акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымымен күрес шеңберінде алкогольдік ішімдіктердің цифрлық таңбалауы бойынша пилоттық жүргізілуде.Біз ЭЫДҰ-мен осы жылдың екінші жартысынан бастап 100-ден астам юрисдикциядағы Қазақстан Республикасы азаматтарының есепшоттары туралы ақпарат алмасуды бастаймыз. Өткен жылы бұл жұмыс пандемияға байланысты, ЭЫДҰ мамандарының Қазақстанға келу мүмкін еместігіне байланысты тоқтатылды», - деді Марат Сұлтанғазиев.

Бүгінгі таңда Одаққа мүше мемлекеттермен бірге транзиттік бақылауды навигациялық пломбаларды қолдану арқылы электронды форматқа көшіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын еске салды. Бұл мәселеде біз қазақстандық тасымалдаушылардың мүдделерін қорғалатынын, соңғы цифрлық технологияларды қолдану бүкіл Одақ бойынша бірнеше күн ішінде еш кедергісіз тауар жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Жалпы, ЕАЭО интеграциясына қатысты, соңғы жылдары Одақ бөлген импорттық кедендік баж салығы есебінен Қазақстан бюджетіне кірістердің өсу динамикасы байқалғанын атап өткен жөн. 2020 жылы да бұл үрдіс жалғасын тапты. Өткен жылы 322,4 млрд теңге түсті, оң сальдо 77,3 млрд теңгені құрады. Үкіметтің алдында тұрған бірінші кезектегі міндет - көлеңкелі экономиканың деңгейін ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне - ЖІӨ-нің 15-17% дейін төмендету екенін атап өткім келеді. Бұл міндетті орындау бюджетті тұрақты кіріс көздерімен қамтамасыз етеді», - деді вице-министр.

Ол министрлік қолданып отырған шаралар көлеңкелі экономика деңгейін 2019 жылы ЖІӨ-нің 23,6% -ына дейін 27% -дан төмендеткенін атап өтті.

Барлық жаңалықтар