20 Наурыз, 2020 17:50

Салмақты сабақтастық

Биылғы жылдың 19 наурызында елімізде өткен айтулы саяси оқиғаға бір жыл толды. Дәл осы күні Президент өкілеттілігі Конституцияға сәйкес ҚР Парламенті Сенатының Төрағасына тапсырылды. Орталық Азия аумағындағы биліктің ауысуы соңғы онжылдықтарда жиі талқыланып келеді.


Салмақты сабақтастық

  «Бір көрпенің астында жатқанымен, түрлі түс көретін» Орталық Азия - халықаралық геосаясат пен геоэкономикада маңызды орын алатын аймақ. Ал оның ішкі тұрақтылығы тұтас құрлықтық қатынасқа әсер етеді. Көршілес Өзбекстан мен Қырғызстандағы Президент ауысуының сценарийлері мен кейінгі салдары Қазақстан үшін тәжірибе болды. Тіпті, кейбір елдердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың күрт төмендеп, деструктивтік үрдістердің орын алғаны да белгілі. Ал Тәуелсіз Қазақстан өз тарихында саяси және экономикалық модернизацияның бетбұрысты кезеңін бастап кетті.

Сарапшылар билік транзитінің қазақстандық үлгісі мен Қытай, Малайзия, Сингапур т.б салыстырып, параллель жүргізіп жатқанымен, Қазақстанның өзіне тән ерекшеліктері бар деп есептейміз. Оның бірнешеуіне жеке тоқтала кеткен жөн:

Саяси реформа негізінде билік транзитінің алғышарты қалыптасты. Н.Назарбаевтың алғашқы жылдары «Алдымен экономика, сосын саясат» ұстанымын алға тартқанымен, саяси реформалар қатар жүріп отырды. Тоқсаныншы жылдардан бергі Конституциядағы өзгертулер мен толықтырулар, 2017 жылғы билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлісу де Президенттің бірқатар құзіретін Үкімет пен Парламентке жүктеді. Полиция мен мемлекеттік қызметтің реформасы, «Азаматтарға арналған үкімет» жұмысы, цифрландыру да осы процестің бір бөлігі. Ел Президентінің ауысуы аяқасты қабылданған емес, салмақталған, бүгінгі тұрақсыз және күрделі, жедел өзгергіш уақытта дер кезінде қабылданған шешім болды. Саясаттанушы А.Сарымның пікірінше, «Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті ықтимал сая­си сын-тегеуріндер мен келе­шек­ке кесірін тигізер қауіп-қа­терлердің алдын алғандай. Н.Назарбаев ел алдындағы дербес жауап­кер­шілігін жақсы түсінді, оның сал­дарларын ескерді»( https://aikyn.kz/basty-muratqa-zhetkizer-kemel-qadam/).

Елдің саяси-экономикалық даму векторын айқындайтын ұзақмерзімді бағдарламалар – жол нұсқаушы болады. Президент алыс-жақын мерзімде ауысқан жағдайда негізгі басымдықтар белгіленіп қойған еді. Н.Назарбаев президенттігі кезеңінде қабылданған «Қазақстан-2050» стратегиясы, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары, 5 реформа және «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары, «Цифрлық Қазақстан» елдің даму векторын анықтайды. Президент кеңешісі Е.Қарин өз телеграм каналында «Биылғы бір жыл ішінде көптеген оқиғалар болды және ол шынымен барлығымыз үшін оңай соққан жоқ. Мемлекеттің жаңа үнқатуларды еңсергеніне қарай отырып, Тұңғыш Президенттің мықты мемлекеттік негіздер орнатқанын көруге болады» деді. (https://strategy2050.kz/ru/news/elbasy-udalos-podgotovit-stranu-k-transformatsii-i-obespechit-myagkiy-tranzit-vlasti-erlan-karin/) Енді қоғамда қордаланған мәселелерді жаңа статус-квода шешу үшін тың тетіктер қарастырылды. Қ.Тоқаевтің қолға алған «жүйелілік, жеделдік, нақтылық және бастамашылдық» ұстанымдары, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы, сондай-ақ, парламенттік оппозиция институтын енгізу, бейбіт шеру өткізу туралы бастамасы оң қабылданды. Ал жұмысшы жастарға 9 мыңға жуық пәтердің берілуі, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдау, азаматтардың борыш жүктемесін азайту, студенттердің шәкіртақысын 25 пайызға өсіру шаралары Елбасының 5 әлеуметтік инициативасының табысты орындалуы болды. Яғни, Президент Қ.Тоқаев алдыңғы даму курсын жалғастыра отырып, жаңа міндеттерді шешуге белсенді кірісті.

Биліктің ауысуы бейбіт және ашық жағдайда өтіп, Қ.Тоқаев сайлау нәтижесінде халықтың мандатына ие болды. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев осы уақытқа дейінгі Президент сайлаулары мен халықтық референдумдарда басымдықпен жеңіске жетіп, өз өкілеттілігін жалғастыруға қажетті саяси мандатты алып келді. Елбасының бастамаларын жалғастыратынын нақты айтқан Қ.Тоқаев та халықтың қолдауына ие болды. Ішкі және сыртқы саясатта, биліктің әр сатысында табысты қызмет еткен Қ.Тоқаевтің оң имиджі алғашқы реформаларды жемісті орындауына жол ашты. Президенттің тікелей қолдауымен іске асқан «Бірге» жалпыұлттық акциясы, Президенттік жастар кадрлық резерві және Педагог мәртебесі туралы заңы мемлекеттік қызмет, білім беру және жалпы қоғаммен байланысты ашық және жедел сипатқа көшірді. Ұлт руханиятына, оның ішінде латын графикасын жетілдіру, Абайдың 175 жылдығы, әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы сынды даталарға Мемлекет Басшысы қолдау көрсете отырып, оны «той тойлау, ой ойлау үшін» өткізуді қатаң тапсырды. Мемлекет ісіндегі прагматизм мен оперативтілік бір жыл ішіндегі Қ.Тоқаевтың басқару стилі ретінде қалыптасты деуге болады. Президенттің Баспасөз хатшысы айтқандай, Қ.Тоқаев өткен жылдың науызынан 500-ге жуық іс-шараға қатысып, өңірлерге 26 іссапар жасап, 100-ден аса сыртқы саяси кездесу өткізген. Оның Twitter парақшасында 1,1 мыңға жуық хабарламасы және Instagram-да 72 жазбасы жа­рияланды. 

Қазақстанда билік ауысқаннан кейін қоғамдағы «қос билік» туралы және басқа да алып-қашпа пікірлердің болғанына қарамастан, билік транзиті Конституцияға сәйкес өткізілді және салмақты сабақтастық сақталуда. Қоғаммен байланыста ашықтық және әділдік принциптерін қою арқылы саяси-экономикалық модернизацияны тиімді іске асыруға болатынын көріп отырмыз. Ата заңда Мемлекет Басшысының анық көрсетілген және Қауіпсіздік кеңесінің Төрағасы Н.Назарбаев барлық азаматтарды жаңа Президенттің айналасына топтасуға шақырды. Қазіргі әлемді шарпып өткен коронавирус жағдайында да осы міндет күшейтілетіні сөзсіз.

Олжас Бейсенбаев

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды