• Басты
  • С.Құттықадам: "Көпұлтты мемлекет" идеологиясынан бас тарту қажет
12 Ақпан, 2020 17:15

С.Құттықадам: "Көпұлтты мемлекет" идеологиясынан бас тарту қажет

Еліміздің бас қаласында Абайдың 175-жылдығына арналған "Ұлттық кеңес. Ұлтық ынтымақ пен ықпалдастық аясындағы Абай тағылымы" тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аталмыш шараға мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық сенім кеңесінің мүшелері, ғалымдар мен сарапшылар қатысып, қазіргі қоғамдағы Абай мұрасының өзектілігі, ұлы ойшылдың ілімінің бүгінгі қоғамдық трансформацияға әсері секілді мәселелерді талқыға салды. Жиынға қатысып, алғаш болып сөз алған саясаттанушы, қоғам қайраткері, Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Сейдахмет Құттықадам Қазақстан көпұлтты мемлекет идеологиясынан бас тарту қажеттігін айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

С.Құттықадам: "Көпұлтты мемлекет" идеологиясынан бас тарту қажет
"Қазақстан көпұлтты мемлкет" деген кеңестің клишесін пайдаландық. Кеңес одағы кім, біз кімбіз? Одақта 300 млн халық, 300-ден астам ұлт болды. Бүгінде қазақтың саны 70 пайызға жетті. Қайдағы көпұлттылық? Қөпұлтты мемлекет дегенді қою керек. Осы уақытқа дейін ұлтаралық қақтығыстардың барлығына басу айтқанмын. Бұл жолы ашығын айту керек, бұл дұрыс емес. Қазақтың орны бөлек. Қазақ осы елдің иесі", - деді ол.

Сонымен қатар Сейдахмет Құттықадам Қазақстанда ең нашар тұратын қазақтар екендігін баса айтты. 

Ассамблея бірінші қазақтар туралы ойлауы керек. Оларға бұл туралы бірнеше рет айтқанмын. Бірақ оларға бұл ойым алғашқыда ұнамады. Ал қазақ халқы Ассамблеяны ойлауы керек. Біз бір-бірімізді ойласақ қана мықты боламыз. Қазақстанда ең нашар тұратын қазақ халқы. Өзінің елінде. Алматыдағы жатаханаларға барсаңыз, 99 пайызы қазақтар. Көп балалы әйелдер де қазақтар. Саясатты өзгерту қажет", - деді қоғам қайраткері. 

Сонымен бірге ол елдегі проблемалардың көпшілігі себебімен емес, салдарынан күрескеннен болып отырғандығын да атап өтті.

Біз 30 жылдан астам уақыт көп дүниеге мән бермей келдік. Не болмаса сыртынан қарап, жеңіл жолдарын іздедік. Сол себепті сәл бірдеңе бола қалса, баслыңдар, ештеңе болған жоқ, ертең бәрі жақсы болады дейді. Ал оның шығу себебі не, неден болды деген секілді сауалдарға үңілген жоқпыз, тереңдетіп зерттемедік. Әлем өзгеріп жатыр, елдердің арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдай емес. Қанша жыл өтсе де Қиыр Шығыстағы өрттің сөнетін түрі жоқ. Сол сияқты Орталық Азияда да біраз проблема бар. Садарымен емес, себебіне үңілу қажет", - деді ол.

Сондай-ақ Сейдахмет Құттықадам қазіргі басқару жүйесін өзгерту керектігіне тоқталды. Оның айтуынша, 30 жыл бойы елдің байлығы дұрыс игерілмеген.

"Кеңес кезінде өз мұрамызды қалай пайдаландық және қандай қателіктер жібердік деген сауалдарға жауап іздеп, зерттеу керек. Үлкен қателіктердің бірі - біз елдің байлығын дұрыс пайдаланған жоқпыз. Мәселенің барлығын басқару жүйесінен бастау керек. "Балық басынан шіриді" деген халықтың дана сөзі бар. 30 жылдан бері дұрыс жолмен бара жатпағанымызды айтып келем. Қазақ халқының керемет потенциалы бар. Ешқандай жағдай жасалмаса да, біздің азаматтар жарып шығып жатыр. Мәселен, Чехославакияда қазақтың қызы министр, теңдессіз дауыс иесі - Димаш Құдайберген. Біз оларды дұрыс пайдаланбай жүрміз", - деді Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі.

Сонымен қатар оның сөзінше, мемлекеттің өзі қазақтың үстінен қарайды. Басқа ұлттың мәселесін бірінші орынға қойып, қазақтың проблемасын кейінге қалдырады.

"Менің өзге ұлт өкілдерінен достарым көп. Мен олардың психологиясын да жақсы білемін. Бірде солардан "Қазаққа қалай қалай қарайсыңдар осы, көзқарастарың қандай?" деп сқрадым. "Қазаққа үстінен қараймыз" деп жауап берді. Қазақстанда тұрып, біздің үстімізден қарайды. Ол неден? Себебі өзіміздің мемлекет қазаққа үстінен қарайды. Қазақтың мәселесін кейін шешеміз, бірінші басқа ұлттың проблемасын шешіп алайық дейді.  Әлеуметтік жағдайы бойынша Қазақтанда ең нашар тұратын халық - қазақтар. Тоқаев осыны түсініп, саясатын өзгертсе, барлық мәселе шешімін табады", - деді саясаттанушы.

Бұдан басқа жиынға қатысып, өз ойымен бөліскен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Жанат Аймұхамбет елдегі басқа ұлт өкілдерінің өз орынын білу керектігін сөз етті.

"Жалпы қоғамда бір өзекті мәселелер көтерілгенде, бір сауалға жауап іздегенде Абайға жүгінетініміз шындық... Татулық, шындық, бірлік деген мәселеде де Абайға соғамыз. Оның өлеңдерінде айтылған проблемалар әлі күнге өзекті. Қазақтың жергілікті ұлт ретінде, мемлекетті құраушы ұлт ретінде басымдықтың берілуін әрқайсысымыз қалаймыз. Біз кеңес кезінде көпұлтты мемлекет болдық, алайда Қазақстан көпұлтты мемлекет емес. Басқа ұлт диаспорасы өзінің орнын, рөлін білуі керек. Қазақ халқы да өзінің басым ұлт ретінде бұзақылықты, содарлықты не тізе батырушылықты емес, жақсы үлгі өнеге көрсету керектігіне баса назар аударуымыз керек", - деді Жанат Аймұхамбет.

Бұдан басқа жиынның модераторлық қызметін атқарған саясаттанушы Ерлан Саиров та Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері де қазақ тілін біліуі тиіс екендігін атап өтті. Себебі оның айтуынша, шет тілін білмесең, өзге елде өмір сүру мүмкін емес.

"Басқа ұлтқа қырын қарау - қазақта жоқ және болмаған. Қазақта өзін басқа ұлттардан биік сезіну мәселесі жоқ. Қазақстанда тұратын халықтардың баршасы, мейлі орыс, қазақ болсын, барлығы ҚР Ата заңының аясында өмір сүруі керек. Құқықтық әлеуметтік, раухани алшақтық болмау қажет. Міне, осы мәселелер шешілген кезде, елдегі әлеуметтік проблемалар, ұлтаралық қатынастар мәселесі өзімен-өзі реттелді. Бұл халықаралық стандарттарға сай нәрсе. Мәселен, сіз француз тілін білмесеңіз Францияда екі ай өмір сүре алмайсыз. Неміс тілін білмесеңіз, Германияда өмір сүре алмайсыз. Францияда футбол ойнайтын жігіттердің барлығы француз деп аталады. Осылардың бәрін Қазақстанға енгізу керек. Ол заңдылық", - деді Ерлан Саиров.

Бұдан басқа шараға қатысқан саясаттанушы әрі блогер Бауыржан Серікбаев саясаттағы, экономикадағы реформаның барлығы ұлттық болмыспен байлан тапқан кезде ғана проблемалар шешімін тауып, мемлекет үлкен жетістіктерге жете бастайтынын айтып өтті.

"30 жыл бойы реформалар жүргізген кезде Қазақстан халқына жаңа құндылықтар жасап бере алмадық. Бұл бірінші кемшілік. Екіншіден, жүргізілген реформалардың көпшілігі ұлттық болмыспен байланыспады. Бұл бізді тығырыққа тірелген, қақтығыстары не пікір қайшылығы көп қоғам құруға алып келді. Өркениетті елдерде қалай болды дегенге тоқталсақ, мәселен, Махатхир Мохамад билікке келмей тұрып "Малай дилеммасы" деген кітап жазды.Ол кезде билік басында қытай мен үндіс болған. Ал малайлардың барлығы ауыл шаруашылығы секторында қалып кеткен. Кітапта бұл пробллемадан қалай шығу керектігін көрсетіп берген. Саясат, экономикадағы реформаның барлығы ұлттық болмыспен байланысқан кезде ол белгілі бір нәтижеге жетіп, мемлекет үлкен жетістіктерге жете бастайды", - деді ол.

Сонымен қатар оның сөзінше, Қазақстандағы саяси транзит кезінде ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда Абайдың шығармашылығына, Абай құндылықтарына үңілу - бірден-бір дұрыс шешім. Себебі Абай бар қазақ тоқтайтын жаңа құндылық болуы тиіс. 

Назерке Сүйіндік

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды