• Басты
  • С.Шілдебай: Архив ісі мен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты заңдарды жетілдіру керек
2 Маусым, 2020 15:24

С.Шілдебай: Архив ісі мен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты заңдарды жетілдіру керек

Осыдан бірер күн бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Осы орайда тарих ғылымдарының кандидаты, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі Сәбит ШІілдебаймен мемлекеттік комиссияның саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін қандай мәселеге назар аударып, қандай шараларды қолға алу керектігі жөнінде сұхбаттасқан едік. Тарихшының пікірінше, ең алымен Қазақстан үкіметі архив ісі мен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты заңдарды жетілдіруі керек, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

С.Шілдебай: Архив ісі мен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты заңдарды жетілдіру керек

Тарихшының айтуынша, саяси қуғын-сүргін тарихын зерттеу КСРО көлемінде қайта құру жылдарында басталғанымен, содан бері барлық посткеңестік елдерді қоса алғанда мәселе тарихына толыққанды жауап беретін бірде-бір іргелі тарихи зерттеу жоқ.

"Мұның негізгі себебі – қуғын-сүргін тарихына қатысты архив құжаттарының негізінен әлі күнге жабық болуы. Әрине, бұл мәселе тарихына ең көп қалам тартқан Ресей тарихшылары болып табылады. Жалпы, саяси қуғын-сүргін тарихы дегенде көпшілігіміз 1937–1938 жылдардағы сталиндік жаппай қуғын-сүргінді көз алдымызға елестетеміз. Түбірімен алып қарасақ, саяси қуғын-сүргін тарихы Қазан төңкерісінен басталады және әр кезеңде әртүрлі сипатқа ие болған. Негізі, әлемнің барлық елінде саяси қуғын-сүргін болды. Бірақ, адамға қарсы қатыгездік сипаты және көлемі бойынша КСРО-дағы қуғын-сүргін зардабы ғаламат", - деді бөлім меңгерушісі.

Тарихшының пайымдауынша, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауды 4 тарихи кезеңге бөліп қарастыруға болады.

"Бірінші кезең - 1953-1986 жылдар әкімшіл-әміршіл жүйе жағдайындағы реабилитацияның жүргізілуі. Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарға ішінара ақтау шаралары 1953 жылы 5 наурызда И.В. Сталин қайтыс болған соң басталды. Ең алғаш саяси тұтқындарды ақтау алдында тұтқындарға кешірім беру шаралары жүргізілді. 1953 жылы 27 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының амнистия туралы жарлығынан кейінгі 3 айдың ішінде лагерлерден сотталу мерзімі 4 жылға дейінгі 2,5 млн шамасындағы тұтқын бостандыққа шықты. Бірақ бұл кешірім саяси тұтқындарға берілмеді. Осының әсерінен 1954 жылы Кеңгір көтерілісі орын алды. Кеңгір көтерілісі кеңестік лагерлердегі саяси тұтқындар мәселесін қайта қарастыруға әсер етіп, 1954–1956 жылдары ГУЛАГ жүйесіне қарасты лагерлердегі саяси тұтқындардың саны 467 мың адамнан 114 мың адамға дейін азайды", - деді тарихшы.

Оның айтуынша, Л.П. Берияның көзін жою операциясы саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтауға жол ашады деп күтілгенімен, ақтау шаралары өте қиын жағдайда жүргізілген. 

"1953 жылы КОКП ОК-ның шілде пленумында сол кездегі ресми басшы Г.М. Маленков «Сталиннің жеке басына табынушылық» деген сөзді айналымға енгізді. Осыдан соң көп ұзамай, Кеңес армиясының тұтқындағы 54 генералы мен адмиралы ақталды. Бұл саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтаудың басы болды. 1953 жылы 1 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша КСРО Жоғарғы соты КСРО Бас прокурорының ұсынысы бойынша БМСБ (ОГПУ) коллегиясының шешімдерін қайта қарауға құқық алды. 1954 жылы мамырда «Контрреволюциялық қылмысы» үшін сотталғандардың ісін қайта қарайтын орталық комиссия жұмысқа кірісті. Осыдан кейін ғана прокуратура органдары МҚК-нен (КГБ) архивтік-тергеу материалдарын талап ету құқығына ие болды. Міне, осыдан кейін ғана 1954–1956 жылдары 1937–1938 жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргін кезінде жапа шеккен көрнекті қоғам, мемлекет, әскер, өнер, әдебиет пен мәдениет қайраткерлерін ақтау шаралары жүргізілді. Өкінішке орай, бұл кезде олардың басым бөлігі өмірде жоқ еді. Сондай-ақ, бұл ақтау шараларының қандай ұстаныммен жүргізілгенін арнайы зерттеген тарихи еңбектердің жоқтығынан, оны толық түсініп-білу мүмкін емес. Өйткені, осы жылдардағы ақтау шараларына қатысты арнайы заң қабылданған жоқ. Барлығы да жарлықтар мен қаулылардың, бұйрықтардың негізінде жүзеге асырылды", - деді Сәбит Шілдебай.

Тарихшының пікірінше, Н.С. Хрущев Елдегі қоғамдық-саяси жағдайды өзгертуге тырысты. 1956 жылы 25 ақпанда Москвада өткен КОКП-ның ХХ съезінде ол «Жеке басқа табынушылық пен оның зардаптары туралы» баяндама жасап, сталиндік қуғын-сүргін тұңғыш рет айыпталды. 

"Бұл баяндаманың толық мәтіні КСРО-да тек 1989 жылы «Известия ЦК КПСС» журналында жарияланды. Ал сол кезеңде, тек 1956 жылы 30 маусымда КОКП ОК Президиумының «Жеке басқа табынушылық пен оның зардаптарын жою туралы» жұмсартылған қаулысы жарияланды. Осы кезден бастап «Хрущев жылымығы» деген атауға ие болған тарихи кезең басталды. Осы «жылымық жылдары» 1937–38 ж. жаппай қуғын-сүргін құрбаны болған жазықсыз жандарды ақтау шаралары одан ары жалғасып, олардың көпшілігі ақталып, отбасы мүшелері қамаудан босатылғанымен, саяси тұтқындар түрмелерде әлі де болса мыңдап отырған еді. Сонымен қатар, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған көптеген категорияларға кешірім берілгенімен, олар ақталмай қалды", - деп толықтырды. 

Тарихшының пайымынша, екінші кезеңне 1987-1991 жылдардағы Қайта құрудың «жариялылық» кезеңіндегі репрессия тарихының зерттелуі мен КСРО Президенті М.С.Горбачевтың «20–50 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің барлық құрбандарының праволарын қалпына келтіру туралы» жарлығының жариялануын жатқызуға болады. Саяси қуғын-сүргін тарихын қайта қарау мәселесі қайта құру жылдарында қайта көтеріліп, көптеген тарихи құжаттар мен фактілер ғылыми айналымға таратыла бастағанын атап өтті.

"Осындай жағдайда, 1990 жылы тамызда КСРО президенті М.С. Горбачевтің «20–50 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің барлық құрбандарының праволарын қалпына келтіру туралы» жарлығы жарияланды. Жарлықта: «Зорлықпен коллективтендіру кезінде жазықсыз зардап шеккен, түрмеге қамалған, семьяларымен бірге күнкөріс қаржысынсыз, дауыс беру правосынсыз, тіпті бас бостандығынан айыру мерзімі жарияланбастан қияндағы аудандарға көшірілген совет адамдарынан әділетсіздік таңбасы осы кезге дейін алынған жоқ. Діни себептер бойынша қудаланған дін өкілдері мен азаматтар ақталуға тиіс», – деп ұзақ жылдар бойы ақталмай келген адамдардың ісін қайта қарауға жол ашқан М.С. Горбачев Желтоқсан көтерілісі тұсында жазықсыз жазаланған қазақ жастары жөнінде бір ауыз сөз айтпады. Сонда-ақ «Бұл Жарлық Ұлы Отан соғысы кезінде, соғыстың алдындағы және соғыстан кейінгі жылдары отанға және совет адамдарына қарсы қылмыстар жасағаны үшін негізді сотталған адамдарға қолданылмайды» деп, соғыс тұтқындарын ақталушылар қатарынан бірден сызып тастады. Ресейде бұл мәселе ілгері жылжығанымен, біздің елімізде соғыс тұтқындарын ақтау мәселесі әлі күнге шешімін тапқан жоқ", - деді ол.

Ал үшінші кезеңіне оның пікірінше, 1992-2020 жылдардағы Тәуелсіздік кезеңі немесе 1993 жылы қабылданып, 2018 жылы 2 шілдеде өзгерістер мен толықтырулар енгізілген «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң аясындағы мардымсыз жұмыстарды атап өтуге болады. 

"Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін, 1993 жылы 14 сәуірде қабылданып, 2018 жылы 2 шілдеде өзгерістер мен толықтырулар енгізілген «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңның осы уақытқа дейін өз деңгейінде толық жұмыс істемей отырғанын да айта кеткеніміз жөн. Оған, қоғам өкілдеріндегі азаматтық белсенділіктің төмендігі мен Қазақстандағы аталмыш мәселеге қатысты архивтердің жабық болуы себеп болып отыр. Бірақ, қалай дегенмен де осы заң аясында 10 мыңнан астам адамның ақталғанын айта кеткен жөн. Осы процесс тарихын да назарға алу қажет", - деді Сәбит Шілдебай.

Ал тарихшының айтуынша, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауды төртінші кезеңі 2020 жылдың басы мен ҚР Президентінің комиссия құру туралы берілген тапсырмасынан кейінгі реабилитация тарихының жаңа кезеңі деуге әбден болды. 

"Осы жылы 25 ақпанда ҚР БжҒМ Ғылым комитетінің төрағасы Ж. Құрманғалиеваның «1920–1950 жылдардағы кеңестік соттан тыс қудалау органдарының заңсыз іс-әрекеттеріне қарсылық білдірудің ұлттық спецификасын, әлеуметтік себептерін зерделеп, тұжырымдама қалыптастыру бойынша жұмыс тобын құру туралы» № 28-нж бұйрығы бойынша осы бағыттағы жұмыс тобы жұмысқа кірісіп, кешірімге ие болғанымен, ақталмаған категорияларды ақтау туралы тұжырымдама даярлаған уақыттан бастап осы мәселенің ілгері жылжығаны туралы айта аламыз. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үндеуінде берілген тапсырма осы төртінші кезеңнің басталуына жол ашады деп ойлаймыз", - деп толықтырды тарихшы. 

Сонымен бірге Сәбит Шілдебей саяси қуғын-сүргін масштабы жөнінде мынадай деректер келтірді: "Халықаралық «Мемориал» қоғамы басқармасының төрағасы А. Рогинскийдің есебі бойынша КСРО бойынша 1918–1987 жылдары 7,1 млн адам мемлекеттік қауіпсіздік органдары тарапынан тұтқындалған. Ал тарихшы В.П. Поповтың есебі бойынша 1923–1953 жылдардағы барлық тұтқындардың саны 39,1 млн адамнан асып жығылады. Демограф А.Г. Вишневский 1920–1953 жылдары 25–30 млн адам тұтқында болды деген пікірде. Яғни КСРО көлемінде жалпы тұтқындардың, соның ішінде саяси тұтқындардың нақты саны әлі күнге дейін анықталған жоқ".

Бұл жағдайдың Қазақстан үшін де таңсық емес екенін ата келе, тарихшы былай дейді: "1937–1938 жылдары Қазақстанда ҚК 58-бабы бойынша 45 563 адам тұтқындалса, оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Мұның өзі де әлі тексеру мен арнайы зерттеуді талап етеді. Қазақ жеріне саяси айып тағылып, 1,5 млн-нан астам өзге этнос өкілдері депортацияланды. Қазақстандағы ГУЛАГ жүйесіне кіретін жиырмаға жуық еңбекпен түзеу лагерлерінде 5 млн адамнан астам тұтқын зардап шекті. Тағы да атап өтеміз, бұл мәліметтердің барлығы да шамамен алғанда. Ал саяси қуғын-сүргінге ұшырап, негізсіз түрлі айыптармен сотталған адамдардың нақты санының жоқтығы сияқты нақты ақталғандардың да саны белгісіз. Ол үшін құрылатын мемлекеттік комиссия осы бағытта ұзақ жылдар бойы іргелі зерттеу жұмысын жүргізу қажет. Ол архив мәселесінің шешілуіне де тікелей байланысты", - деді тарихшы.

Сөз соңында Сәбит Шілдебай мемлекеттік комиссия жұмысы нәтижелі болуы үшін қандай жұмыстар істелуі керек деген сауалға тоқталды. Оның пікірінше, Тоқаев құруға тапсырма берген комиссия мемлекеттің архив ісіне қатысты саясаты қайта қарап, заңдарды жетілдіріп, құрамына жастарды көптеп тартуы қажет.

"Негізі, құпия белгісі бар құжаттар түгел ашылып біткен жоқ. Ал қуғын-сүргін тарихына қатысты архив құжаттары түгелге жуық зерттеушілер үшін жабық жатыр. Оған жауапты органдардың бұл мәселеге қатысты ұстанымы бізге белгісіз. Негізінен, ол үлкен еңбек пен ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуді талап етеді. Ондай жұмыстарды жүргізу үшін мемлекеттің архив ісіне қатысты саясаты қайта қаралуы қажет. ҚР Үкіметіне тікелей қарайтын Архив басқармасы құрылып, барлық архив мекемелері осы басқармаға бағындырылуы тиіс. Сонымен қатар, мемлекеттік құпияларға қатысты архив ісі мен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты заңдар жетілдірілуі тиіс. Ол үшін осы бағытта жұмыс жасайтын Мемлекеттік комиссияның мәртебесі нақтыланып, оған үлкен өкілеттілік берілгені жөн деп ойлаймыз. Сондай-ақ осы комиссия құрамына жастарды көптеп тарту қажет", - деп түйіндеді. 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды