• Басты
  • СҚО-ның дамуы: Зауыт-фабриканың іске қосылуы, инвестиция көлемінің артуы және өңірдегі эпиджағдай

СҚО-ның дамуы: Зауыт-фабриканың іске қосылуы, инвестиция көлемінің артуы және өңірдегі эпиджағдай

8 Желтоқсан, 2020 13:32

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде СҚО әкімі Құмар Ақсақалов мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауын іске асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Сондай-ақ 2020 жылдың 10 айының қорытындылары бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып өтті. Облыстағы зауыт-фабрикалардың құрылысы, бұрынғы өнеркәсіп орындарының жөндеуден өткізіліп, қайтадан іске қосылуы, мал, ауыл шаруашылығын дамытудағы қолға алынған шаралар туралы Strategy2050.kz тілшісінің шолу материалында.

Өңірдегі эпиджағдай тұрақты

Облыс әкімінің мәліметіне сенсек, аймақтағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты, әрі бақылауда. Жұқтырғандар саны азайған соң, ауруханаға жатқызылған науқастардың саны төмендеп келдеі. Оның дерегінше, барлық науқастың 94%-ы емделіп шыққан.

«Облыста жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы ашылды. Өкпені тыныстандыру және қажетті медициналық жабдықтар сатып алынды. Жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз ету 76%-дан 100%-ға дейін жеткізілді, медициналық және дәріхана желілері дәрі-дәрмектің жеткілікті көлемімен қамтамасыз етілген», - деді облыс басшысы.

Оның айтуынша, коронавирус әдеттегі өмір салтын өзгертіп қана қоймай, экономикаға да әсер еткен. Десе де, 10 айдың нәтижелері бойынша, түрлі салаларда даму деңгейі жоғары өсім көрсеткен.

Ауыл шаруашылығы: 700 млрд теңгеге өнім шығарылған

Құмар Ақсақаловтың мәліметінше, ауыл шаруашылығы саласын әртараптандырудың арқасында Солтүстік Қазақстан облысында 700 миллиард теңгеге өнім шығарылған. Бұл өткен 2019 жылдың көрсеткішінен 89 миллиард теңгеге көп. Ал жыл соңына дейін 115 миллиард теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланған. Осылайша, аймақ, өткен жылдардағыдай, бүкіл ел бойынша ауыл шаруашылығына инвестицияның 25% -ын қамтамасыз етпек.

Ескі зауыт-фабрикалар іске қосылуы

Облыс басшысының сөзіне сенсек, өңірдегі зауыт-фабрикаларды жөндеуден өткізіп, қайтадан іске қосу жолға қойылған.

«Сегіз жыл тұрған Bio Operations зауыты қайта жанданды. Жақын арада зауытты жаңғыртудың үшінші кезеңі аяқталуда, оған инвестицияның жалпы сомасы 12 млрд теңге құрайды. Енді кәсіпорын крахмал, глютен, сонымен қатар биоэтанол шығаратын болады. Зауыттың қуаты елдің осы өнімге деген сұранысын толығымен жабады», - деді ол.

Сонымен бірге, оның дерегінше, соңғы екі жылда 7 тауарлы-сүт фермаларын іске қосу 10 айда сүт өндірісін 5,4%-ға арттыруға мүмкіндік берген. Жалпы, облыстың 14 сүт өңдеу кәсіпорны жыл басынан бері 164 мың тоннадан астам өнім өндірген.

«Маслодел» ЖШС мен «Молочный Союз» ЖШС-на 8,6 миллиард теңгеге жаңғырту жүргізіліп, қазіргі таңда жылына 247 мың тонна өнім өндіре алатын деңгейге жеткен. Сондай-ақ, биыл тағы 11 ферманың құрылысы басталған, оның 5-еуі осы айда іске қосылмақ.

Мал шаруашылығы

Солтүстік Қазақстан облысында, облыс басшысының айтуынша, етті мал өсіру жобалары жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, биыл қазақтың ақбас тұқымының 1000 басына арналған ферма салынады. Сонымен бірге, 13 мың басқа арналған екі мал бордақылау алаңының құрылысы жалғасып жатыр, келесі жылы іске қосылады. Генетикалық орталықтың ашылуы да жоспарланған. Мұның бәрі ет өндірісінің артуына ықпал етпек.

Оның дерегінше, бүгінде облыстың 80-нен астам қайта өңдеу кәсіпорыны ет, сүт және макарон өнімдерінің 330 түрін шығарады. Өткен жылдың соңында облыста «Рахат Опт» ЖШС дәнді дақылдар зауыты іске қосылған. Халықты өз дәнді-дақылдарымен қамтамасыз ету үшін қарақұмық дақылдары 2,5 есе, бұршақ үштен біріне көбейтілген.

Өндірілген өнім көлемі 5,5%-ға артты

«Пандемияға байланысты қиындықтарға қарамастан, бүгінде солтүстікқазақстандық зауыттар тұрақты түрде жұмыс тұр. Жыл басынан бері өндірілген өнім көлемі 5,5%-ға, яғни 236 миллиард теңгеге дейін өсті. Зауыттардың тапсырыс көлемі екі есеге жуық өсті, яғни 24-тен 44 миллиард теңгеге дейін артты», - деді ол.

Осылайша, оның сөзіне сенсек, Киров зауыты 42 мың компьютер, ноутбук және планшет шығарып, еліміздің басқа да аймақтарына жеткізілген. Жыл соңына дейін тағы 9 мың ноутбук шығарылмақ. Сонымен қоса, келесі жылы «Қызылжар» экономикалық аймағында «CLAAS» ауылшаруашылық техникасын және электр бұйымдарын шығаратын зауыттар іске қосылады. Сондай-ақ фанера зауыты іске қосылады. Жобалық қуатына қол жеткізгеннен кейін кәсіпорын жергілікті нарық қажеттіліктерінің 30% қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар өз бағыты бойынша Орталық Азиядағы ең ірі кәсіпорынға айналмақ.

«Тағы бір жаңа жоба - полипропиленнен жасалған үлкен пакеттер шығару. Өндіріске полипропиленнен жасалған иірілген жіп өндіруден, матаны тоқудан дайын өнімге дейінгі толық цикл кіреді», - деді облыс басшысы.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде бірқатар тұтыну тауарларын шығаратын «Радуга» серіктестігі қағаз өнімдерін шығарып, көкөніс өсіруге арналған жылыжай кешенін салу жобаларын жүзеге асыра бастаған.

Осы жобаларды іске асыру жыл басынан бері 202 млрд теңге инвестиция тартуға ықпал еткен.

Барлық жаңалықтар