• Басты
  • СҰХБАТ. Көбейтұзды бүлдіргендер жазаға тартылды – Зұлфықар Жолдасов
23 Шілде, 2020 18:18

СҰХБАТ. Көбейтұзды бүлдіргендер жазаға тартылды – Зұлфықар Жолдасов

Соңғы кезде әлеуметтік желі қолданушыларының парақшаларына көрік берген әрі дау туғызған Көбейтұз көліне рейдтік тексерулер де, су құрамына лабараториялық зерттеулер де жүргізіліп жатыр. Осы көлдің мәселесі төңірегінде Strategy2050.kz тілшісі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфықар Жолдасовпен сұхбаттасты.

СҰХБАТ. Көбейтұзды бүлдіргендер жазаға тартылды – Зұлфықар Жолдасов

Зұлфықар Сансызбайұлы, жалпы Көбейтұз көлінің сипаттамасына тоқталсаңыз.

Ерейментау ауданында орналасқан Көбейтұз көлі 690 км шаршы шақырымды алып жатыр. Тереңдігі 1,5 метр, тұйық көл. Көлдің алқызыл өң беруі онда өмір сүретін балдырларға байланысты. Бірнеше жылда бір осындай түске боялатын көлге биыл барушылар тым көп. Аз уақыттың ішінде көл суының құрамына да, тұзына да адам қолымен үлкен залал тиді. Мұндай табиғаттың ерекше құбылысы Австралия, Канада елдерінде де бар. Өкінішке орай, біздің елдегі сирек кездесетін табиғаттың сыйына демалушылар немқұрайлылық танытты.

 Эколог мамандар көлден сынама алып, зерттеу жасапты. Көбейтұздың тұзы мен батпағы шипалы екені дәлелденді ме?

Жоқ, көл суының емдік қасиеттерін айтқандар қателеседі. Біздің зерттеушілер көлден сынамалар алып, нәтижесін жариялады. Тұздың құрамында темір, натрий, нитрий сияқты элементтер бар. Шомылуға болады, бірақ ішуге болмайды. Мұндай тұзды көлдер Қазақстанда өте көп. Коронавирустан да, басқа аурулардан емдемейтіні ғылыми түрде дәлелденді. Сондықтан оны көлден алып кетудің қажеті жоқ. Көбейтұздың тұзы мен батпағы көлдің өзіне ғана пайдалы.

Сонда, мұндай тұзды суға шомылғысы келгендер қарапайым ас тұзымен ванна қабылдаса, айырмашылығы жоқ дейсіз ғой?

Иә, дәл солай. Кез келген тұзды су жараны тез жазылуына көмектесуі мүмкін. Бірақ созылмалы аурулар мен вирусты ауруларды мүлдем емдемейді. Мұндай ақпаратпен адамдарды адастырып жүргендер міндетті түрде жазаланады. Өкініштісі, адамдар бұл жақтан тек алып кетпейді, іздерінен көп қоқыс қалдырады. Осы аптаның өзінде бұл маңда 33 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Демалушылар от жағады, тағам, сусын, тіпті спирттік ішімдіктер ішіп, қалдығын көл жағасына қалдырады.

1595255148_whatsapp-image-2020-07-20-at-20-18-00.jpeg

Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфықар Жолдасов

Көлге зиян тигізген осы азаматтарға қандай шара қолданасыздар?

Жалпы табиғатқа зиян тигізгендер тиісті жазаға тартылады. Табиғи ресурстарды рұқсатсыз тасығандар жауапқа тартылады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та табиғатты қорғау, айналаға мәдениеттілік таныту жайлы көп айтып жүр. Президенттің айтуымен, Үкіметтің тікелей тапсыруымен біз рейд шараларын ұйымдастырдық. Қазір аудандағы көлдер жабық. Пандемия кезіндегі санитарлық нормаларды есепке ала отырып, Көбейтұзға барар жолды жауып тастадық. Қазір тәртіп қатаң. Полиция, жергілікті басқарушы орган тексеру жүргізіп, табиғатқа зиянын тигізгендерді жауапқа тартып жатыр. Мәселен, әлеуметтік желі арқылы таралған фотодағы Лексус автокөлігінің иесі табылып, оған айыппұл салынды. Тәртіп бұзушыны екі бап бойынша әкімшілік жауапқа тартқан. Атап айтқанда, оған әкімшілік кодекстің 364-бабы (Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша ескерту жарияланып, 434-бабының ІІ тармағы бойынша (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) 5 АЕК (13 890 теңге) айыппұл салынды. Сонымен қатар қоқыстарын қалдырып, әдемі орынды бүлдірген тәртіп бұзушылар да ұсталып, жауапқа тартылды. Қазір Президенттің тапсырмасына сәйкес, қоршаған ортаға зиян келтіргендерге жазаны күшейту қарастырылып жатыр.

Тәртіп бұзушылар ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің» 505 бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 АЕК айыппұл төлейді. Бұл бап өзгеруі мүмкін. Жоғарыда айтқанымдай, жаза күшейеді. Сонымен қатар «Экологиялық Кодекстің» 364 бабына сәйкес жаза қолданылады.

1595255179_whatsapp-image-2020-07-20-at-20-17-58.jpeg

Қарайып кеткен "Көбейтұз"

Қоршаған ортаға енді осындай адамдар тарапынан залалдардың болмауы үшін қандай шаралар қолданасыздар?

Ең бірінші, жауапқа тарту шараларын күшейту. Демек, төленетін айыппұл өседі. Екіншіден, амбассадорлар мен волонтерлік қозғалыстарды тартып, қоғамға табиғатты, қоршаған ортаны қорғау туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Үшіншіден, әрине, жергілікті әкімдік, Ішкі істер басқармасы, Экология министрлігі өкілдерінің тұрақты рейдтік тексеру жұмыстары. Осындай шаралар табиғаттың бүлінбеуіне әсер етеді деп ойлаймын.

Сұхбатыңызға рақмет. Ісіңізге сіттілік тілеймін.

Сізге де рақмет! Сау болыңыз!


Фото: zakon.kz

 

Барлық жаңалықтар
18.232.146.10, 192.168.88.100