• Басты
  • С.Қисықова: Елордада коронавирус таралуының негізгі ошағы отбасы болып отыр
10 Маусым, 2020 18:15

С.Қисықова: Елордада коронавирус таралуының негізгі ошағы отбасы болып отыр

Коронавирустың таралуының негізгі ошағы отбасы болып отыр. Жаңа оқиғалардың көбеюі отбасылық індет ошақтарының үлесіне тиесілі. Бұл туралы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

С.Қисықова: Елордада коронавирус таралуының негізгі ошағы отбасы болып отыр
«Инфекцияның жаңа ошақтары байқалады. Бұл - отбасылық ошақтар. Күн сайын біз ауруды жұқтырған отбасының екі немесе кейде 5-7 мүшесінен вирус табамыз. Отбасылық мерекелерді өткізу кезінде індет жұқтырғандар байқалды, бұған мүлдем жол беруге болмайды. Кей адамдардың санитарлық нормаларды сақтамаған жауапсыз әрекеті кішкентай балалар, қарттар мен жүкті әйелі бар отбасының барлық мүшелерінің жұқтыруына әкеліп соғады. Тіпті Covid-19 диагнозымен түскен жүкті әйелдің сәбиі де коронавируспен туған кезі болды. Балаларды аналарынан бөлек ұстауға тура келді. Кей адамдар өз денсаулығын күтпесе де, жақындарын ойлауы тиіс. Тәжірибе созылмалы ауруы жоқ, дені сау адамның өзі коронавирустан жатып қалуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Ағза инфекциямен күресе алмаған соң жасанды желдету аппаратына қосуға тура келді. Ешбір жағдайда өзін-өзі емдеуге болмайды», – деді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова.

Барлық инфекция жұқтырғандардың 75% - 18 бен 59 жас аралығындағылар.


Коронавирус пандемиясы басталғаннан бері Нұр-Сұлтанда 2543 адам инфекция жұқтырды: 34 науқастың жағдайы ауыр, оның 12-сі өте ауыр жағдайда, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, 10 науқас індеттен көз жұмды. 1679 науқас (66 %) жазылып шықты.

Сәуле Қисықова санитарлық нормаларды қатаң сақтау керектігін атап өтті: аса қажеттілік болмаса адам көп жиналатын жерлерге бармау, қоғамдық орында маска киіп, арақашықтық сақтап және антисептик пайдалану керек.

Коронавирус жұқтыру қаупі әлі жойылған жоқ.

Барлық жаңалықтар