• Басты
  • С.Абаева: "Zan.bar" қосымшасы заңгерлер арасындағы бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді
5 Қазан, 2020 17:30

С.Абаева: "Zan.bar" қосымшасы заңгерлер арасындағы бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді

Елімiзде заңгерлер, қорғаушылар мен юристерді іздеуге арналған oтандық мобильдi қосымша нарыққа шықты. Жұмыс iстеп жатқанына үш айдан асса да, “Zan.bar” қосымшасының бүгінде 3 мыңнан астам қолданушысы бар. Аталмыш жоба директоры Самал Абaеваның сөзiнше, қосымша зaңгерлерді сaпаға жұмыс iстеуге ынтaландырады, өйткені зaңгердің қызметін пайдаланушылар қосымшaда өздерiнің пікірімен бөлiседі. Ал көп жaқсы пікір жинаған заңгeрге қолдaнушылaрдың сенiмі арта түспeк. Жоба бaсшысының aйтуынша, бұл зaң саласы мaмандарының арасында бәсекелестiкті тудырады. Сoнымен қоса Самал Абаева қосымшa қалaй істейдi, қалай тіркелуге болaды, зaң саласының мамaндарын тіркеу үшін қандай критерийлері бар, сонымен қоса қосымшаны жетілдiру мaқсатында жaсалып жатқан шaралар турaлы Strategy2050.kz тілшісіне айтып берді.

С.Абаева: "Zan.bar" қосымшасы заңгерлер арасындағы бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді

"Zan.bar" қосымшасын жасау идеясы қайдан келді?

"Zan.bar" заң саласында жұмыс істейтін мамандарды ісздеуге арналған қосымша. Осыдан бір жыл бұрын осындай жоба идеясы келді. Өздері заң саласында қызмет істейтін мамандардың жобасы. Неліктен мұндай жоба деген сауалға тоқталсақ, бірнеше себебі бар. Азаматтар қорғаушы не заңгерді іздеген кезде таныстарына сұрастырады. Сіздің танысыңызға сапалы қызмет көрсеткен маман сізге де сондай жоғары деңгейде қызмет көрсететініне кепілдік жоқ. Сонымен қоса көпшілік заң мамандарының қызметіне қомақты қаражат кетеді деп ойлайды. Сол себепті де өз құқықтарын қорғау алмай жатады. Сондай-ақ сізге керекті, тәжірибесі де, білімі сәйкес келетін маман табу оңай емес. Сондықтан жоба авторлары осының бәрін бір платформаға енгізуді жоспарлаған.

Қосымша қалай жұмыс істейді және қалай өтініш қалдырады?

Қосымшаны пайдалану барлық азамат үшін тегін. Оны смартфоныңызға жүктеп, тұтынушы не қызмет көрсетуші ретінде тіркелесіз. Өзіңізге қажетті қызмет жөнінде жазып, өтініш қалдырасыз. Сонымен қатар өзіңіздің тақырыбыңызға сәйкес келетін мамандарды іздей бастайсыз. Олардың өздері туралы, қайда білім алғаны, рейтингі және тәжірибесі жөнінде ақпарат тұрады. Соған қарап заңгерді таңдауға мүмкіндігіңіз бар. Сонымен қоса сіз өтініш қалдырғаннан кейін заңгерлер сізге хабарласады. Мәселен, сіз жеткізушілермен келісім шарт жасағыңыз келіп, сізге қажетті көмек туралы қосымшада өтініш қалдырдыңыз. Кейін сол мәлімет арқылы қосымшадағы заңгер мамандар өздері сізге хабарласады. Олардың қызмет көрсету бағасы да әртүрлі, олардың бағасын сіз әрқайсысының мәліметін оқи отырып, салыстыра аласыз. Ал рейтингі төмен, тәжірибесі аз болса, басқа мамандарды таңдауға мүмкіндігіңіз бар.

Сонымен қоса айта кету керек, қолданушылар заңгермен бірге өз ісі бойынша белгілі бір нәтижеге жеткеннен кейін коммент қалдырып, заңгерді бағалай алады. Бұл пікірлер мен лайктар заңгерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Өйткені заңгерді таңдау барысында көпшілік қолданушылардың пікіріне назар аударады. Сол себепті олар кәсіби тқрғыда мықты болуы тиіс, әрі жақсы қызмет көрсетуі тиіс.

Қосымшада қанша қолданушы бар?

Қазіргі таңда біздің қосымшада 3 400-ден астам қолданушы бар. Оның 800-ден астамы заң саласының мамандары болса, қалғаны тұтынушылар. Ал күніне 45-65 ортасында адам қосылып отырады. Жалпы "Zan.bar" қосымшасында еліміздің барлық өңірінен заңгер мамандар бар, яғни кез келген өңірінен қызмет көрсете алады. Алайда өтініштер саны басқа аймақтармен салыстырғанда Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында көбірек.

Қолданушылар көбінесе қандай мәселемен жазады не хабарласады?

Ең біріншіден ажырасуға байланысты көп өтініш қалдырады. Одан кейін алимент ала алмай жүрген аналар хабарласады. Сонымен қоса ажырасатын кезде немесе ажырасып қойған азаматтар қозғалмайтын мүлік мәселесіне байланысты өтініш қалдырады.

Командада қанша адам жұмыс істейді?

Қазіргі таңда командада 10 адам жұмыс істейді. Сонымен қатар аутсорсинг компанияларда бірнеше маман бар. Мәселен, қосымшаны жасау, бағдарламалау, жарнамамен сол аутсорсинг компаниялар айналысады.

Сіздер заңгерлерді қандай критерийлерге байланысты таңдайсыздар?

Заң саласының мамандары бізге тіркелген кезде біздің менеджерлер тексеру жұмыстарын жасайды. Біріншіден, біліміне, яғни қай жерде, қай жылдары білім алғанына назар аударады. Сонымен қоса жұмыс өтіліне, яғни қандай компаниядарларда қызмет істегенін назарға алады. Құжаттарының көшірмесі сұралады. Өйткені біздің тұтынушыларымызға қызмет көрсететін мамандар жөнінде сенімді болуымыз тиіс.

Біздің қосымшаға студенттер де маман ретінде тіркеле алады. Бірақ олар ылғи біздің бақылауымызда болады, сонымен қатар бізге тіркелген студенттер саны да көп емес. Соңғы курстың студенттерінің білімі, дағдысы кейбір мәселелерді шешуге көмектесе алады. Мәселен, келісім шарт жасау, өтініш жазу секілді аса қиын емес мәселелерге қатыса алады. Ал ажырасу сияқты күрделі проблемалармен тәжірибелі мамандар айналысады.

Осыған дейін қолданушылар тарапынан шағымдар түсті ме?

Иә, ондай жағдай кездесті. Бір заңгер бізге тіркеліп, жұмыс істеп жүрді. Бірақ бір күні бір қолданушы қосымшаның ішінде шағым қалдырыпты. Тұтынушының сөзіне сенсек, ол заңгер ісін соңына дейін жеткізбеген, сонымен қоса ақшасын да қайтармаған. Біз заңгерге хабарласып, ақшаны қайтару процесін өз бақылауымызға алдық. Қазір ол маманға біздің қосымшаны пайдалануға бір айға шектеу қойдық. Егер мәселе шешіліп, ақша қайтарылса, қайта қосуды қарастырамыз.

Заңгерлер сіздерді қалай табады?

Жоғарыда атап өткендей, қосымшада 800-ден астам заңгер маман бар. Олардың кейбірі бір-бірінен осындай қосымша барын естіп, қосылып жатады. Заңгерлер арналған палата бар, біз олармен серіктеспіз. Сол палата арқылы келеді. Мәселен, заңгерлерді жарнамалау үшін де қаражат жұмсалады. Ал олар біздің қосымша арқылы клиент табуына мүмкіндік бар.

Бұл жобаны жүзеге асыру үшін қанша қаржы жұмсалды?

Қазігі таңда жобаны алғаш қолға алып, нарыққа шығарғанға дейінгі уақытта 100 мың доллардан астам қаржат кетті. Біз еш жерден грант, не банктен несие алған емеспіз. Бұл қаражаттың барлығы осы жобаның негізін қалаған азаматтардың жинағы. Жоғарыда атап өттім, қосымша барлық қолданушылар үшін тегін. Бірақ болашақта біздің қосымшаны пайдаланғаны үшін заңгерлер ақша төлейтін болады.

Қазақстанда сіздің қосымшаға балама бар ма?

Қазақстан емес, бүкіл әлемде біздің қосымшаға балама жоқ. Жалпы заң саласының мамандарына арналған қосымша жоқ емес, бірақ олардың көпшілігі білім алуға құрылған, не болмаса мақалалар мен заңдар топтастырылған. Ал өтініш қалдыру арқылы заңгер іздеу сияқты қосымша жоқ.

Жобаны жетілдіру үшін қандай жұмыстар істеліп жатыр?

Біз алғашында тек «іздеу» функциясын қосамыз деп жоспарлағанбыз. Бірақ қазір қаражатқа байланысты да мәселені шешуді қолға алдық, яғни заңгердің қызметін банктер арқылы несие алып, немесе пайызсыз несие алу арқылы төлеуді де қосып жатырмыз. Өйткені, адамда проблема көп жағдайда аяқ астынан туындадйы. Мәселен, азаматтар сотқа немесе бір заңгердің қызметіне деп ақша сақтап не жинап жүрмейді ғой. Сол себепті мақсатымыз басына іс түсе қалған кезде қаражатты банктен осы қосымша арқылы алып, мәселесін шешуге мүмкіндік беру.

Болашақта қандай жоспарларыңыз бар?

Қазіргі кезде ең бірінші мақсатымыз – банктермен келісім шартқа отыру. Сонымен қоса білім алуға арналған бөлім қосылады. Мәселен, заңға байланысты сұрақтарға жауап ретінде, я,ни анықтама ретінде қызмет көрсетеді. Сондай-ақ қосымша қазір тек орыс тілінде, бірақ болашақта ағылшын және қазақ тілінде де қызмет көрсететін болады. Бүгінде қосымша аударылды, бірақ қашан нарыққа шығатыны программистердің үлгеруіне байланысты болмақ.

Сонымен қоса біз қазақстандық нарықты бағындырып, көрші елдерге шықпақ ниеттеміз. Мәселен, бұған дейін тест ретінде қосымшаны Ресейге жарнамалап көрдік. Жоғары нәтиже көрсетті. Жақын болашақта оңтүстік-шығыс елдердің нарығына шығуды жоспарлап отырмыз.

Сұхбатыңызға рахмет!

Барлық жаңалықтар