• Басты
  • «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңселері қандай шаралар өткізіп жүр

«Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңселері қандай шаралар өткізіп жүр

12 Мамыр, 2021 18:09

«Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңселері апта сайын түрлі шаралар ұйымдастырады. Жыл сайын түрлі бағыт бойынша жұмыстар назарға алынады. Өңірлік жобалық кеңселердің бір апталық жұмысы Strategy2050.kz тілшісінің материалында.


«Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты аудиториясы – жастар. Ал мақсаты осы жастардың талғамын қалыптастырып, рухани дамуына жол ашу. Президент Қ.Тоқаев та бірнеше бағыттарды айқындап берген болатын. Олар: жастар арасында экологиялық тәрбиені қолға алып, тиісті мәдениетті қалыптастыру мен жастар арасында кітап оқу мәдениетіне байланысты бағытта нақты іс-шараларды жүзеге асыру, яғни, жастарды кітап оқуға баулу.

Қазіргі эпидахуалға байланысты шаралар онлайн форматта өтуде.

Осы аптада Павлодар қаласында жергілікті жобалық орталығының ұйымдастыруымен «Қазақ асханасының ерекше тағамдары» іс-шарасы өтеді. Аймақтың бас аспаздары қатысатын бұл шарада бүгінде ұмытыла бастаған «Өрметас», «Үлпершек», «Қарын бөртпе», «Бұжы», «Жаужүрек», «Қарын көмбе» тағамдарын және олардың дайындалу технологиясын көпшілікке қайта таныстырады.

Жас ақындар мен жазушыларды қолдау және өскелең ұрпақты әдеби өнерге баулып, аға буын ақындарының шығармашылығымен таныстыру мақсатында Павлодарда «Жас қаламгерлер туындыларының сыры» атты іс-шара өтеді. Дөңгелек үстел форматында өтетін шарада Ертіс өңірі авторларының шығармалары орындалып, жан-жақты талқыланады.

Ал Өскемен қаласында «Мұражай – өлке тарихы» атты онлайн саяхат өтеді. Шығыс Қазақстан облысының ауылдарында орналасқан мұражайларды көпшілікке таныстыру мақсатында ұйымдастырылатын шара барысында алғашқы ұстаз, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің өмірі және шығармаларын насихаттауға арналмақ.

Өскеменде әнші, композитор Кентау Назарбекпен кездесу өтеді. «Бір бәйтерек, бір шынар» тақырыбымен онлайн форматта өтетін кездесу қазақ музыка өнерін сақтау және дәріптеу мақсатында ұйымдастырылмақ. Айта кетейік, Кентау Назарбек 60-қа жуық әннің авторы. 1993 жылы «Үкілі үміт» республикалық композиторлар байқауының жүлдегері болған. Бүгінде оның «Мен қазақпын», «Махаббат жыры», «Қазағымның арулары-ай», «Бір бәйтерек, бір шынар» әндері ел аузында хитке айналған.

Өскемен қаласында қазіргі Қазақстанды бет-бейнесі болуға лайық табысты адамдардың тарихын, оның әр түрлі қызмет саласындағы жетістіктерін көрсету арқылы халықтың санасын ашып, көкірегін оятуға бағытталған «Қол мен жанның жаратылуы» атты іс-шара өтеді. Онлайн-дәріс форматында өтетін шарада шығыстық қолөнер шебері Абылайхан Қалқақұлының өмірі мен қызметі талқыланады. Айта кетейік, он саусағынан бал тамған Абылайхан Асылбай 1997 жылы құрылыста жұмыс істеп жүріп, краннан құлаған. Белін сындырып алғандықтан, үш жыл төсек тартып жатты. «Еш қимылсыз төсек тартып жата бергенім жөн болмас, мүгедек болдым деп отбасына, туысқандарға масыл болмай, тіршілік жасауым керек» деген ойға келіп, өз бетінше еңбек етуге бел буады. Бүгінде Абылайхан Асылбай кез келген заттан қолымен тамаша бұйымдар жасайды.

Шымкент қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Сананың ашықтыңы бағыты бойынша іс-шара ұйымдастырылмақ. «Тарихтағы ұлы тұлғалар» тақырыбында өтетін отырыстың мақсаты – жастар арасында қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу, студенттердік зияткерлік деңгейін арттыру, туған ел тарихына деген танымдық қызығушылық пен отанға деген сүйіспеншілікті дамыту.

Осы жоба аясында екі жыл ішінде Алматы қаласының тізіліміне енгізілген 600-ден астам жоба жасалған. Жобалық кеңсе қаланың барлық оқу орындарымен тығыз жұмыс істейді. Қала жастары «Рухани жаңғыру» аяясындағы шараларда ерекше белсенді. Тек ЖОО емес, өзге де институттармен және зерттеу орталықтарының өкілдері әр істе белсенді.


Барлық жаңалықтар