• Басты
  • "Рухани жаңғыру": Елордада қазақ тіліне аударылған 100 оқулықтың таныстырылымы өтті

"Рухани жаңғыру": Елордада қазақ тіліне аударылған 100 оқулықтың таныстырылымы өтті

22 Қыркүйек, 2021 13:01

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2017 жылдан бастап қоғамдық сананы модернизациялауға бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынды. Аталмыш бағдарлама аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жүзеге асырылып, гуманитарлық білімнің барлық саласында әлемдегі ең үздік деген 100 оқулық түрлі тілдерден қазақ тіліне аударылған еді. Бүгін елордада өткен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кеңейтілген мәжілісінде қазақ тіліне аударылған 100 жаңа оқулық таныстырылды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Аударма жобасына 300 маман қатысты

Мәжіліс барысында жобаның маңызы, гуманитарлық ғылым салаларын дамытудағы рөлі, аударма жұмысын жүзеге асыру әдістемесі мен тәжірибесі, оқулықтардың мазмұны мен аударма сапасы, қазақстандық аударма мектебін дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. 

«Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы бұл жобаны іске асыру үшін арнайы құрылған “Ұлттық аударма бюросы” қоғамдық қорының үйлестіруімен осы жұмысты атқаруға жалпы саны 300-ден аса маман қатысқанын атап өтті. Оның сөзінше, аударма сапасын қамтамасыз ету үшін жұмысқа тәжірибелі аудармашылар мен жоғары оқу орындарының ұстаздары, ғылыми редакция жасауға еліміздің белгілі ғалымдары, әдеби редакцияға танымал қаламгерлер, білікті редакторлар мен ең тәжірибелі баспагерлер тартылған.

«Жоба іске асқан 4 жылда шын мәнінде кәсіпқой академиялық және көркем аудармашылардың ортасы қалыптасты. Өзіндік жұмыс технологиясы, стилі, терминологиясы бар жаңа аударма мектебі пайда болды. Жобаға қатысқан маманның барлығы кәсіби шыңдалып, аудармашы ғана емес, ұстаз, ғалым, зиялы орта өкілі ретінде жаңа қырынан танылды, олар XXI ғасырдағы қазақ интеллигенциясының ілгері тобына айналды», - деді бюроның атқарушы директоры.

Сонымен бірге, ол «Ұлттық аударма бюросы» әлемнің ең беделді, әрі танымал ғылыми орталықтарымен байланыс орнатқанын, Дүние жүзінің алдыңғы қатарлы оқу орындарының бағдарламалары зерттеліп, қолданыстағы ең жақсы деген оқулықтарға қол жеткізу үшін Гарвард, Кембридж және Оксфорд университеттерінің баспалары, “Sengage”, “Pearson”, “McMillan”, “Penguin” және басқа да ірі халықаралық баспа үйлерімен қоян-қолтық жұмыс істелгенін де тілге тиек етті.

Қандай оқулықтар аударылды

Сонымен қоса, жоба аясында аударылған оқулықтарды қысқаша таныстырып өтті.

«Бірінші кезекте батыс пен шығыстың интеллектуалдық тарихын бірдей қамтыған философия топтамасын атау қажет. Мұнда атақты Бертран Расселдың «Батыс философиясының тарихы», Энтони Кеннидің 4 томдық жинағы, Сократтан Деридаға дейінгі философияның қысқаша тарихы, Ислам философиясы мен классикалық араб ойшылдарының антологиясы, Жапон, Үнді және Қытай философиясы толық қамтылды. Шығысты батысша танудың сырын ашқан Эдуарт Саидтың «Ориентализмі» ғылыми ортада ерекше талқыланып, бірнеше анайы курсқа негіз болды», - деді Рауан Кенжеханұлы.

Ал, оның мәліметінше, әлеуметтану және психология топтамасында Ритцердің Әлеуметтану теориясы, Майерстің Әлеуметтік психология оқулығын, Элиот Аронсонның (The Social Animal) «Көпке ұмтылған жалғыз» атты еңбегін, Шульцтың «Қазіргі психология тарихы» аударылған. «Халық саны және қоғам: демографияға кіріспе», «Интернет психологиясы» оқулықтары бұрын бізде болмаған жаңа пәндерге негіз қалады.

«Тіл білімі және әдебиеттану бағытында аударылған оқулықтар қатарында Стивен Пинкердің (The Language Instinct) «Тіл – инстинкт», Виктория Фромкиннің «Тіл біліміне кіріспесін» және Майкл Райанның 5 томдық «Әдебиет теориясы» атты жинағы бар», - деді ол.   

Сонымен қоса, Рауан Кенжеханұлы экономика, менеджмент және кәсіпкерлік топтамасында микро және макроэкономика, Грегори Мэнкьюдің «Экономиксі», Филип Котлердің «Маркетинг принциптері», «Стартегиялық менеджмент», «Ұйымдық мінез-құлық», «HR менеджмент» пен «CRM: тұтынушымен қарым-қатынас менеджменті», «Кәсіпкерлік», «Жеке қаражат», «Мемлекеттік қаржы», «Көшбасшылық теориясы мен практикасы», «Халықаралық бизнес», «Нәтижелі келіссөз: алғышарты мен амалдары» және осы бағыттағы басқа да бірқатар оқулықтар қазақ тілінде алғаш рет шыққанын тілге тиек етті. Оның сөзінше, соның арқасында қазақстандық бизнес-мектептер тұңғыш қазақ тіліндегі MBA бағдарламасын ашуға мүмкіндік алып отыр.

Бұдан бөлек, тарих, антропология және дінтану бағытында МакГроХил баспасы дайындаған адамзат тарихын толық қамтыған, екі томдық «Панорама: дүниежүзі тарихы», «Тарихи білім пәні мен зерттеу әдістері», «Антропология тарихы мен теориясы», Энтони Смиттің «Ұлттың этностық тамыры» атты зерттеуі, сондай-ақ, Керон Армстронгтың әлемге әйгілі (History of God) деген еңбегі қазақша «Құдайтану баяны» деген атпен алғаш рет шыққанын да еске салды.

Сонымен қоса, еліміздегі шығармашылық жән өнер бағытындағы оқу орындарының талабы бойынша жобамызға осы салаға қажетті бірқатар маңызды оқулықтар қосылғанын атап өтті. 

«Атап айтсақ, әлемдік бестселлер қатарындағы Эрнст Гомбрихтың (The Story of Art) «Өнер тарихы», Кембридж баспасының «Өнер философиясы» мен 2 томдық «Әлемдік музыка тарихы» аударылды. Соның арқасында көптеген әлемдік өнер және музыка жауһарлары алғаш рет қазақша атау алды, сипатталып, талданды. Сонымен бірге, театртану, кино теориясы мен тарихы, сценарий жазу, режиссура негіздері, этика теориясы мен қазіргі мәселелері, Боревтың «Эстетикасы» және Юрий Лотманның «Семиосферасы» аударылып, ана тіліміздегі өнер және әсемдік туралы танымның көкжиегі едәуір кеңейді», - деді бюроның атқарушы директоры.

Сондай-ақ, еліміздегі білім беру мазмұны мен әдістемесін жаңарту аясында «Пирсон» баспасының «Оқыту теориясы» оқулығы, «Цифрлы педагогика: 21 ғасырдағы оқыту дизайны», «Бастауыш мектеп мұғалімі», «Рефлективті оқыту» атты оқу құралдары қамтылған. Сонымен бірге, білім беру және басқа да әлеуметтік ғылым салаларындағы зерттеудің сандық және сапалық әдістері, зерттеуге қажетті статистика негіздері және әлеуметтік жұмыс тәжірибесіне арналған оқулықтар аударлып, академиялық айналымға кірген.

Сонымен қоса, медиа саласында медиа этика, қазіргі журналистика мен дәстүрлі және жаңа медиа үшін мәтін жазуға арналған оқулықтар қамтылған. Құқықтану бағытында ағылшын заңының қоланысқа кіре бастауына орай ағылшын заңына сәйкес азаматтық іс жүргізу, сот өндірісі, медиация және арбитраж, келісімшарт ережелері, сондай-ақ 3 томдық «Интеллектуалдық меншік құқығы», әлемге әйгілі маман Малкольм Шоның 2 томдық «Халықаралық құқық» жинақтары аударылған.

Сонымен бірге, мазмұндық және идеялық бейтараптық қағидаларына сүйене отырып бірқатар саясаттану оқулығы таңдалды. Соның ішінде саясат философиясы, қазіргі дипломатия, мемлекеттік саясат және Эндрю Хейвудтың «Саясаттануы» аударылып, басылған.

«Аударылған 100 оқулық аясындағы ғылыми терминдер мен ұғымдар негізінде 4 жаңа сөздік құрастырылды. Олар: «Әлеуметті ғылымдар сөздігі», «Экономика сөздігі», «Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігі» және Оксфорд университеті баспасымен бірге дайындалған, «Oxford Qazaq Dictioanry» атауымен шығатын 500 мың сөз бен сөз тіркесін қамтитын үлкен «Ағылшын-қазақ және қазақ-ағылшын Оксфорд сөздігі», - деді Рауан Кенжеханұлы.

Оның айтуынша, жаңа оқулықтар университет оқытушылары мен студенттері тарапынан жақсы қабылданып, ғылыми ортада оң бағасын алуда. Бюроға келген хаттар, баспасөз бен әлеуметтік желілерде жарияланған мыңдаған пікірлерді қорыта айтқанда, оның сөзінше, бұл жоба:

-        Бірішіден, еліміздегі гуманитарлық білімнің мазмұнын лезде жаңартып, оны ілгері халықаралық деңгейге шығаруға жол ашты;

-        Екіншіден, қазіргі қазақ тіліндегі ғылыми стиль мен академиялық терминалогияның нормаға түсуін үдетті;

-        Үшіншіден түпнұсқа тілден, соның ішінде негізінен ағылшын тілінен тікелей аударма мектебінің қалыптасып, күшейуіне берік негіз қалады.

«Осының барлығы біз ел ретінде қысқа ғана уақытта қол жеткізген, руханиятымызға көп жыл жеміс беретін нақты жұмыстың ауыз толтырып айтарлық нәтижелері», - деп түйіндеді ол сөзін.

Бұдан бөлек, жиынға қатысқан ҚР Мемлекеттік хатшысы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Қырымбек Көшербаев мұндай бағдарламаның өзге бірде-бір елде жүзеге асырылмағанын атап өтті.

«Дүниедегі ең озық оқу орындарының бағдарламасына кірген ғылыми әдебиет, академиялық бестселлер еңбектер қазақ тіліне аударылды. Олар бұған дейін әлемнің ондаған тіліне аударылып, ілгері дамыған қоғамдарда миллиондаған тиражбен тараған. Біздің де оқытушылар мен студенттердің осындай мазмұнға қол жеткізуі – үлкен олжа. Бұл, қажет десеңіздер, «Болашақ» бағдарламасының ауқымы кең жалғасы. «Болашақ» бағдарламасының арқасында біздің 20 мыңдай студентіміз әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінде білім алды. Ал енді өз елімізде оқитын жарты миллион қазақстандық студент сол Кембридж, Оксфордтың, Гарвардтың үздік оқулықтарымен қазақ тілінде білім алады. Мұндай бағдарлама әлемнің басқа бірде-бір елінде жоқ», - деді ол.

Ұлттық комиссия төрағасының пікірінше, оның ауқымы қандай кең болса, мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігі де сондай ауыр.

«Сол себепті бұл жоба алғашқы күннен қоғамның назарында, мемлекеттің қадағалауында. Аударма сапасы және мазмұны тұрғысынан, сондай-ақ жұмысты ұйымдастыру тұрғысынан бұл жоба қоғам және тиісті мемлекеттік органдар тарапынан оң бағасын алды. Сондықтан «Ұлттық аударма бюросы» өз міндетін тиісті деңгейде атқарды деп ойлаймыз. Ол үшін бюро қызметкерлері мен жобаға қатысқан барлық мамандарға ризашылық білдіреміз», - деді Қырымбек Көшербаев.

Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, аударылған әр оқулық 10 000 дана, жалпы миллиондаған таралыммен еліміздегі 132 оқу орнына тегін жеткізілген. Оқулықтардың электронды нұсқалары «Қазақстанның ашық университеті» (www.openU.kz) порталына орналастырылып, интернет арқылы еркін қолданысқа берілді.

Сондай-ақ, аударылған оқулықтардың негізінде қазақ және орыс тілдерінде 200 онлайн курс, жалпы 5 мыңнан аса мультимедиалық видеолекция әзірленіп, олар «Қазақстанның ашық университеті» (www.openU.kz) порталына жүктелді. Курстарды дайындауға еліміздің үздік университеттерінің оқытушылары мен профессорлары атсалысқан.

Айта кетейік, шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Қырымбек Көшербаев, ұлттық коммисия құрамындағы Үкімет мүшелері мен Президент әкімшілігінің басшылары, ұлттық жоғары оқу орындарының жетекшілері, ғалымдар мен аудармашылар қатысты.

Барлық жаңалықтар