• Басты
  • «Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрі жандандыру үшін арнайы Жол картасы әзірленбек

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрі жандандыру үшін арнайы Жол картасы әзірленбек

29 Қазан, 2020 17:42

Бүгін, яғни 29 қазанда ҚР Мемлекеттiк хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын iске асыру жөнiндегi Ұлттық комиссияның онлайн отырысы өтті. Жиында бағдарламаны 2020 жылы iске асыру нәтижелерi және алдағы жұмыстың жаңа басым бағыттары қарастырылды. Комиссияда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрi тереңдетiп Ұлттық жаңғыру кезеңiне өткiзудiң арнайы Жол картасын жасау қажет деп шешiм қабылданды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Шара барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын iске асыру жөнiндегi 2020 жылға арналған iс-шаралар жоспарының орындалуы талқыланды. Әлемдiк пандемия мен экономикалық дағдарыс көптеген шаралар мен жобалардың жүзеге асуына шек қойды, кедергi болды, басым көпшiлiгiн алдағы күндерге жылжытуға тура келдi. Кейбiр шаралардың концепциясы қайта қаралды.

Бағдарлама аясында елiмiздiң руханияты мен тарихын, әдебиетi мен мәдениетiн, бiлiмi мен ғылымын тереңдету, таныту, зерттеу бағыттары бойынша жұмыстар кеңiнен жалғасуда.

Отырысқа қатысқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева министрлік тарапынан қандай іс-шаралар өткізілгенін, сонымен қоса қандай жобалар жүзеге асқанын, әлі де нендей жобалар іске асып жатқанын айтып берді. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін 6 бағыт бойынша 13 жоба бекітіліп, олардың аясында 10 мыңнан астам іс-шара өткен.

«Әрине, бұл жерде біз үшін маңыздысы – сан емес, сапа. Өйткені, тәжірибе көрсеткендей, кейбір жерлерде есептілік, науқаншылық сияқты үрдістер орын алғаны жасырын емес. Бұл туралы Елбасымыз да нақтылап айтқан болатын», - деді министр.

Сондықтан оның айтуынша, өңірлердегі барлық іс-шараға қайта талдау жасалып, рухани жаңғыруға қатысы жоқ көптеген шаралар қысқартылды. Мәселен, былтырғы жылдың жоспарында 229 іс-шара көзделген болса, биыл барлығы 97 шара болған.

Осылайша, ол Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі құзыретіндегі жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.

Оның пайымынша, бүгінгідей ақпараттық заманда кез-келген бастаманың баяндылығы елге жөні дұрыс, қолжетімді, көзге көркем ақпарат беруге байланысты. Сондықтан да ең алдымен бағдарламаның біртұтас ақпараттық жүйесі қалыптастырылды. Оның негізгі құралы ретінде арнайы «Ruh.kz» бірыңғай интернет-порталы, «Азаматтық алаң» пікірталас орталығы мен республикалық БАҚ және әлеуметтік желілерде жұмыс жүргізетін баспасөз қызметі құрылған.

«Осының арқасында бір ғана 2020 жылдың ішінде бұл бағытта ұзын саны 19 мыңнан астам ақпараттық материал жарияланды. Соның ішінде, қазақстандықтардың 70% интернет желісінде отыратындығын ескере келе, оның 15 мыңнан асасы интернет пен әлеуметтік медиада көрініс тапты», - деді Аида Балаева.

Сонымен қоса ол бұл ретте ірі медиа-жобалардың орны бөлек екенін еске салды. Оның айтуынша, отандық телеканал экрандарынан жыл басынан бері 29 деректі фильм, 122 арнайы бағдарлама, 142 танымдық роликтер топтамасы көрсетілген. Нәтижесінде, тұрақты ақпараттық фон қалыптасып, бағдарламаға деген елдің назары арта түсті. Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, «Рухани жаңғыру» туралы осы күні халықтың 80,7 пайызы хабардар болса, 32,6 пайыз азамат бағдарлама жұмысымен тікелей қамтылған.

Бұдан бөлек ол кез-келген жұмыстың жемісті болуы терең ғылыми негіз бен сол бастамаға шын жанашыр маманға байланысты екенін атап өтті. Сондықтан, бұл мәселелерге үлкен көңіл бөлінеді. Осыған орай, оның сөзінше, министрлік жанынан арнайы Қоғамдық даму институтының қызметі жолға қойылды. Оған бағдарламаға ғылыми-сараптамалық жетекшілік ету міндетімен қатар, өңірлік кеңселердегі мамандарға әдістемелік-методологиялық көмек көрсету жұмысы жүктелген.

«Осы жылдың өзінде Институт күшімен 26 ғылыми іс-шара, 30 әлеуметтік зерттеулер, 5 сараптамалық баяндама дайындалып, жауапты мемлекеттік органдарға ұсынылды. Өлкелерде 13 практикалық семинарлар мен 30-дан астам вебинарлар өткізіліп, «Рухани жаңғырумен» айналысатын 500 маман білімін шыңдады», - деді министр.

Оның айтуынша, елбасы атап көрсеткен рухани жаңғырудың негізгі құндылықтары түсіндіріліп, көптеген іс-шаралардың концепциясы өзгерген.

Бұдан бөлек ол коронавирустың салдарынан көптеген шаралар онлайн форматына ауыстырылып, бірқатарынан бас тартуға тура келгенін тілге тиек етті. Десе де, пандемия қиындықтарына қарамастан, министрлік жүргізген екі кешенді жоба бойынша айтарлықтай нәтижелерге қол жеткенін ерекше атап өтті.

«Туған жер» жобасы

Оның сөзінше, «Туған жер» жобасы бойынша биылғы жылдың өзінде 1231 демеуші азаматтардың арқасында еліміздің әр аймағында рухани маңызы бар 228 нысан салынды. Оның ішінде 2 мектеп, 2 балабақша, 19 мәдениет объектілері, 36 спорт алаңдары, 31 балалар алаңдары және т.б. бар. Яғни, қаржылай санағанда өңірлерге 10 млрд теңгенің инвестициясы құйылды.

«100 жаңа есім» жобасы

Бұдан бөлек, ол Елбасының тікелей бастамасымен 2017 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «100 жаңа есім» жобасы бойынша үш жылда 6 мыңнан азаматтан халық таңдаған 163 тұлға анықталғанын атап өтті.

«Бұл қоғамдық салада ғана емес, ғылым мен технологияда, кәсіпкерлікте үлкен жетістікке жеткен азаматтар Сөз жоқ, олардың ел алдына шығуы – жаңғыруға ұмтылған жаңашыл қоғамға тың серпіліс, жаңа леп сыйлады», - деді Аида Балаева.

Бұдан бөлек ол пандемия мен қоғамдағы өзгерістерге байланысты бірқатар жаңа арнайы жоба іске қосылғанын айтты.

Жалпы, бұл бағытта жыл басында министрлік жанындағы Қоғамдық даму институты 12 жоба дайындаған болатын. Оның ішінен Президент Әкімшілігінің шешімімен 4 арнайы жоба іріктеліп алынған.

- «Үнем – қоғам қуаты»

- «Дәстүр мен ғұрып»;

- «Құқықтық мәдениет»;

- «Еңбек – елдің мұраты» деген арнайы жобалар бар.

«Мысалы, бүгінгі таңда, әсіресе, қоғамның экологиялық мәдениетін көтеру өте өзекті. Ол туралы Ел Президенті түрлі мінберден айтып келеді. Сондықтан да, біз осы саладағы қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, жаңа экологиялық этиканы қалыптастыруға үндейтін – экософия тұжырымдамасын бекітіп, келесі жылдың жоспарына енгізуді көздеп отырмыз», - деді министр.

Сол сияқты, «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасы аясында дін саласында «Ас беру мәдениеті» және «Мазар әдебі» сияқты регламенттік құжаттарды дайындауды қолға алсақ, «Еңбек – елдің мұраты» жобасы шеңберінде NEET санатындағы жастармен кешенді жұмыс жүргізу жоспарланған.

Оның сөзінше, қазіргі таңда осы 4 арнайы жоба аясындағы практикалық шаралар зиялы қауым мен әртүрлі әлеуметтік топ өкілдерінің ортақ пікірлесуі нәтижесінде жасақталып, қоғам тарапынан қолдау тауып отыр. Келіп түскен ұсыныстар ескеріліп, 2021 жылғы республикалық жоспар жинақталып жатыр.

«Ең бірінші мәселе – бұл іс-шаралар бұрынғыдай жалпыхалықтық сипатта емес, жас ерекшеліктеріне орай, әр топтың рухани қажеттілігін ескере отырып, мақсатты әрі адресті түрде жүзеге асыруға негізделген. Соның ішінде, басты басымдық балалар мен жастарға беріліп отыр», - деді ол.

Сонымен қоса ол білім, денсаулық және еңбек айналасындағы іс-шаралар кешенінен қалыптасатынын атап өтті. Мысалы, бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған жас ұрпақты қалыптастыруға арналған «Ұлттық тәрбие», жастардың ғылыми жетістіктері туралы «Ақылды ұрпақ», еңбек адамы болуға шақырған «Профориентация», кітап оқитын жастардың санын арттыру, жоғары эстетикалық талғамын қалыптастыру, бос уақытты тиімді жоспарлау сияқты іс-шаралар қамтылған «Тәрбие-таным» жобалары бар.

Бұдан бөлек ол мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтқан «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі алыс емес» деген қағидасын еске салды. Оның сөзінше, кез-келген тілдің ертеңі – баланың тілінде. Сондықтан да, бұл жұмысты танымал теледидар мен кітап беттеріндегі бала контентінен бастау керек деген ұсыныс бар. Нақты айтқанда, «Nickelodeon», Disney, TiJi телеарналарының мультипликациялық фильмдерін қазақ тіліне аудару бойынша жоба дайындалып, Үкімет қарауына ұсынылған.

«Бұдан басқа, күні кеше Ұлттық сенім кеңесінің кезекті отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «...мектеп жасындағы балаларды кітап оқу әдетіне үйрету» қажеттігін баса айтты», - деді министр.

Сондықтан, министрліктің бастамасымен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының қатысуымен балалар әдебиетінің 20 әлемдік бестселлерлерінің тізімі жасалып, ішкі қаржылық мүмкіндіктерді қарастыра отырып, аударманың аудио электронды нұсқасын жасау туралы шешім қабылданған. Алдағы уақытта оларды басып шығару мәселесі бойынша Білім және ғылым министрлігі өз үлесін қоспақ.

«Бұл жұмыстардың барлығы – ел ішінде, әсіресе, балалар мен жастардың арасында рухани-адамгершілік тәрбие жүйесін жүзеге асырудың біртұтас жол картасын қалыптастырып, бірнеше мүдделі мемлекеттік органдардың атсалысуымен іске асыруды көздейді», - деді министр.

Сонымен қатар ол Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды өз құзыреті шегінде алда да жалғастыратынын атап өтті. Дегенмен, бұл жұмыс үнемі жетілдіруді талап етеді. Осы орайда, Ұлттық комиссияның қарауына ұсынатын бірқатар проблемалық мәселе бар деді Аида Балаева.

«Қоғамдық сананы жаңғырту бір күндік іс-шара емес. Қазіргі жағдай көрсетіп отыр, егер әлемнің үздік жетістіктерінен үмітіміз болса, біз ең алдымен санамыздағы пайдасыз қағидалар мен қажетсіз әдеттерден, тіл мен ділдің қадірсіздігінен, талғамсыз салт пен дарақы дәстүрлерден дер кезінде арылуымыз шарт», - деді министр.

Ол үшін жоғарыда баяндалған жаңа жоспарды басшылыққа ала отырып, елдің тұтастай «рухани жағдайына» ауқымды зерттеу жасап, қандай өңірлерде қандай мәселелер барын анықтап, сол аймақтарда адресті түрде жұмыс жасау қажет. Бұл жұмыстың нәтижесі туралы өңір басшылығының әр жарты жыл сайын Үкімет деңгейінде есеп беруін енгізу керек деді ол.

Сонымен бірге, оның айтуынша, тәжірибе көрсетіп отырғандай, қай жерде әкім «Рухани жаңғыруды» дұрыс түсініп, жұмысты жеке бақылауына алса, сол өңірлерде бағдарламаның нәтижелігі де жоғары. «Мысалы, Алматы, Қостанай облыстарында жүйелі жұмыс көрініп тұрса, Маңғыстау, Батыс Қазақстан сияқты өңірлерде бұлай айта алмайсың», - деді ол.

Сондықтан да, облыстарда жаңадан құрылған «Рухани жаңғыру» мемлекеттік мекемелерін материалдық-техникалық тұрғыдан да, кәсіби маман тарту жағынан да тұрақты қолдауы қажет. 

Сонымен бірге, ол елімізде болып жатқан соңғы оқиғалар әлеуметтік желілерді қолдану мәдениетін дамытудың өзекті екенін көрсетті. Қоғам үшін жағымды және танымдық ақпараттық кеңістік қалыптастыру қажет. Бұл орайда, ақпаратты жылдам жеткізудің маңызы зор.

«Сондықтан да, «Рухани жаңғыру» жобаларына жауапты барлық мемлекеттік органдарға бірінші кезекте интернет кеңістігінде, әлеуметтік желі парақшаларында жұмысты күшейту керек», - деді Аида Балаева.

Айта кетейік, кеңес барысында ҚР Бiлiм және ғылым министрi Асхат Аймағамбетов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова атқарылған жұмыс жөнiнде баяндады. Сонымен қоса, іс-шара барысында жастардың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрi дамытуға байланысты жаңа бастамалары туралы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң ректоры Ғ. Мұтанов пен ҚР Президентi жанындағы Ұлттық қоғамдық сенiм кеңесiнiң мүшесi, саясаттанушы Е. Саировтың ұсыныстары да талқыланды.

Барлық жаңалықтар