Сараптама

Арқадағы кездесудің саяси мәні неде?

Эксклюзив
Орталық Азия аймақтық саясатты өз бетінше жүргізіп, жеке қызығушылықтарын қамтамасыз ететін уақыт келді. ОА – табиғи ресурстарға бай, ерекше мәдени-өркениеттік потенциалы бар, транзиттік әлеуеті зор, сонымен қатар тұрақсыздық пен қақтығыстардың да ошағына жақын орналасқан.
Астана қаласы14 Наурыз , 10:33

Келелі кездесу

Орталық Азиядағы саяси жағдайды өзінің динамикасымен, көпдеңгейлі сипатымен және ынтымақтастықтың әлісіздігімен түсіндіруге болады. Дегенмен соңғы жылдары аймақтық және трансаймақтық интеграциялық үрдістер күшеюде. РФ Президент сайлауы мен ҚХР Конституциясындағы өзгерістер аймақтық ынтымақтастықтың өзектілігін еселей түседі.   

Осы апта ҚР Президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен бірқатар маңызды іс-шара өтеді. Соның ішінде 15 наурызда Астанада «4+1» форматындағы жұмыс (консультативтік) кездесудің Қазақстан үшін ғана емес, Орталық Азиялық көршілес мемлекеттер – Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстан үшін мән-маңызы зор. «4+1» форматындағы дейтініміз, алдын-ала бекітілген жоспарға сәйкес, Түрікменстан атынан Мемлекет Басшысы Г.Бердімұхамедов емес, Мәжіліс төрайымы А.Нұрбердыева қатысады. Бірақ бұл фактор кездесудің деңгейі мен шешімдеріне әсер етпейді деп есептейміз. Бес жақты келіссөздің бауырлас елдер үшін ұлық мереке – Наурыздың алдында ұйымдастырылуының өзіндік символикалық мәні бар.

Жалпы, осы уақытқа дейін Орталық Азияның бес мемлекеті толық құрамда бес рет жиналған. 2017 жылы аймақ елдерінің екіжақты жүздесулері жиілегенін аңғарамыз. Оған аталмыш ел басшылары мүдделі екендігін білдірді. Өзбекстан Президенті Ш. Мирзиеев Самарқанд конференциясында «Ортақ жауапкершілік принципі негізінде Орталық Азияның өзекті мәселелерін күш біріктіріп шешуіміз қажет» деді. Сондай-ақ, консультативтік кездесу форматында жыл сайын аймақ басшыларын жинауды ұсынды. Қырғызстан басшысы С. Жээнбеков аталған ұсынысты толығымен қолдап, қырғыз-өзбек байланысының жаңартылуы аймақтың дамуына позитивті сипат беретінін айтты. 

2017 жылы қарашада өткен Парламенттік конференцияда ҚР СІМ Қ.Әбдірахманов аймақ басшыларының бейресми кездесуін Астанада өткізуді ұсынған еді. Маңызды іс-шара БАҚ-да «ОА басшыларының саммиті» деген атаумен таралғаны мәлім. Алайда, белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин шараның «саммит» емес, консультативтік кездесу екенін анықтап айтты. «Бұл аймақтық ынтымақтастықта маңызды серпіліс болмақ. Себебі, көп жылдан бері мемлекет басшылары басқа саяси алаңда емес (ШЫҰ, ТМД саммиті т.б), өз инициативалары бойынша кездеседі» деді Е.Қарин. Қазіргі кезеңде аймақ елдері үшін жиынның атына қарағанда өзара интеграцияға сеп болатын заты едәуір маңызды. Кеңестің қамытынан шыққан бес мемлекет дөңгелек үстел басында достық пен ынтымақтастық байланысты бағамдап алуы қажет.

Қазақстандық көзқарас

Қазақстан осы аталған мемлекеттің барлығымен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі. «Қазақстан-2050» стратегиясында: «Біздің басымдықтарымыз өзгермейді – көршілеріміз – Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азия елдерімен, сондай-ақ АҚШ-пен, Еуроодақпен, Азия елдерімен серіктестікті дамытамыз» - делінген.

Қазақстан екіжақты дипломатиялық байланыстан бөлек, ОА елдеріне сындарлы жылы бітімгерлік, гуманитарлық қолдау көрсетіп келеді. Тәжікстандағы 1992 жылғы азаматтық соғыста Қазақстан тарапы шекара, ішкі және жаяу әскерден құралған 700 адамдық батальонды жіберіп, 2001 жылға дейін 8 мыңнан астам әскер шекарада тыныштық орнатуға ықпал етті.  2005 жылдардағы оқиға, 2010 жылғы қантөгістерде Қазақстан тарапы гуманитарлық қолдау көрсетті.

Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай трансазиялық газ құбыры жемісті ынтымақтастық көрінісіне айналса, Қазақстан-Түрікменстан-Иран арасындағы темір жол желісі сауда-экономикалық байланысты нығайтуға жол ашып отыр.

Бұл жерде Қазақстан-Өзбекстан байланысына ерекше тоқталу қажет.  Ертең, яғни 15 наурызда қос мемлекет басшыларының қатысуымен Қазақстандағы Өзбекстан жылының ашылуы болады. Салтанатты шараға 188 адаман тұратын Өзбекстан делегациясы қатысады. Оның ішінде Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігі, Көркемөнер академиясы және «Хунарманд» қауымдастығының өкілдері бар. Қазақстан Президенті жаңа жыл қарсаңында журналистерге берген сұхбатында «Өзбектер – бізге жақын халық, көршіміз, Орталық Азиядағы үлкен мемлекет, сондықтан бұл елмен байланыс әрқашан маңызды және пайдалы.

Келесі жыл Қазақстандағы Өзбекстан жылы және Өзбекстандағы Қазақстан жылы болады» деп мәлімдеген еді. Жалпы, Ш.Мирзиеевтің келуімен Өзбекстанның көршілес мемлекеттермен байланысы «жылымық» кезеңді бастан кешуде. Тіпті, кейбір сарапшылар Өзбекстанның аймақтағы көшбасшылыққа ұмтылатынын жасырмайды. 2018 жылы 9 наурызда Өзбек басшысы алғаш рет Тәжікстанға ресми іссапармен келіп, екіжақты байланысты жаңа сапалы деңгейге көтеретін өзбек-тәжік шекаралық учаскелері, азаматтардың келіп-кетуі туралы тарихи маңызды құжаттарға қол қойылды. Десек те, Орталық Азиядағы бес мемлекеттен бөлек осы аймақтағы алыс-жақын державалардың стратегиялық қызығушылықтарын жоққа шығара алмаймыз.

Аймақтағы алпауыттар

Орталық Азиядағы аймақтық және ұлттық қауіпсіздік көп жағдайда РФ, АҚШ, ҚХР сынды ірі халықаралық акторлардың ұстанымдарымен  байланысты. Орталық Азия батыс зерттеушілерінің еңбегінде «хартленд» («Жердің жүрегі») ұғымымен беріледі. Дәл осы Еуразияның жүрегі айналасындағы байланыстар бүкіл құрлықтағы қарым-қатынасқа әсер етеді.

Жалпы қазіргі кезеңде Орталық Азия аймағында бірқатар маңызды трендтер орын алуда:

- Аймақтық державалардың статусы өзгерді. ҚХР-дың сауда-экономикалық ықпалы артып келеді. «Жібек жолының экономикалық белдеуі» Қытайдың аймақтағы белсенділігін күшейтті. Инициативаға 65 мемлекет қосылып, 600 млрд доллар қаражат құйылды.Қытай Ресеймен салыстырғанда ОА елдеріне екіжақты табыс әкелетін жобалар ұсынып, ішкі саяси-идеологиялық мәселелерге бас сұқпайтынымен ұтады. 2012 жылы ҚХР төрағалығын қолға алған уақыттан бастап Си Цзиньпин әлемнің 57 еліне ресми іссапарамен барып, Бейжіңде 110-нан астам мемлекет басшысын қабылдаған.  ҚХР Конституциясындағы түзетулер  жаңа дәуірдегі ішкі саяси реформа ғана емес, тұтас халықаралық қатынастарға ықпал ететін маңызды қадам. Қытай саяси-экономикалық амбицияларын ашық жариялай бастады.    

- 2018 жылғы ҚР мен АҚШ Президенттерінің кездесуінен кейін екі ел байланысы жаңа сатыға көтерілді. Қазақстан Президенті Орталық Азияда Ресей мен Қытайдың қызығушылықтары бар екендігін айтты және С5+1 форматындағы қарым-қатынасты қолдайтынын, АҚШ-тың ОА-да болғанын қалайтынын айтты. АҚШ Орталық Азиядағы Ресей мен Қытайдың ықпалын реттеуде, аймақтық қауіпсіздік сақтауда маңызды держава болып саналады.     

- Ресейге қатысты батыстың экономикалық санкциялары, мұнай бағасының құлдырауы оның сыртқы саяси белсенділігін бәсеңдетті. 2018 жылы 15 наурыздағы сайлауда РФ қазіргі Президенті В. Путин қайта сайланған жағдайда солтүстік көршіміз аймақтағы ықпалын қайта қалпына келтіруді көздейді. ҚР Президенті Ресейдің 1-арнасына берген сұхбатында Ресейдің аймақтық және әлемдік аренадағы ықпалын жоққа шығаруға болмайтынын айтты. Ресейдің Орталық Азиядағы саясаты жаңа кезеңге өтеді.

Сонымен....

Мінеки, осындай жағдайда Елордада өтетін Орталық Азия бестігінің консультативтік кездесуі қай жағынан алмасақ та маңызды болып саналады. Бұл жиында ширек ғасырлық ынтымақтастықтың жетістігі мен кемістігіне көңіл бөліп, жаңа сын-қатерге төтеп берудің бірлескен іс-қимылы дайындалуы қажет. Осы орайда өзара интеграцияны жандандыру; аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету; тұрақты экономикалық өсімді ынталандыру – негізгі міндеттер. ОА елдері цифрлық технологияның мүмкіндігін пайдаланып ортақ ақпараттық кеңістік пен киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуі тиіс. Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан - ТМД, ҰҚШҰ, ИЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК және т.б халықаралық ұйымдар аясында байланыс орнатқан. Дегенмен, ауқымды құрылымдарда алпауыттардың мақсат-мүддесі алға шығып отырады. Сондықтан Орталық Азия елдерінің одағын құру мәселесі күн тәртібінен түспейді. Астанадағы алқалы жиында осы мәселе талқылануы ықтимал. Бастысы, бесеу түгел болса, іргеміз берік болатынын терең түсінуіміз қажет.

Олжас Бейсенбаев, саясаттанушы      




Яндекс.Метрика