• Басты
  • Республикалық бюджет: Өңірлерге, әлеуметтік салаға қанша қаражат бөлінеді

Республикалық бюджет: Өңірлерге, әлеуметтік салаға қанша қаражат бөлінеді

25 Тамыз, 2020 11:35

Бүгін үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев «2021 - 2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасымен таныстырды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Оның сөзінше, заң жобасы экономикалық өсудің баяулауы және әлемдік тауар нарықтарында қолайсыз конъюнктура жағдайларында ел экономикасының 2025 жылға дейінгі даму болжамы негізінде әзірленген.

Бюджет жобасын қалыптастыру кезінде басым міндеттер:

-        мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қамтамасыз ету;

-        мемлекеттік инвестициялардың қолайлы деңгейін сақтау

 

Сонымен қоса Ұлттық банк төрағасы 2021 жылға арналған түсімдер 11,4 трлн теңге деңгейінде болжанғанын атап өтті.

Кірістер

Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есептемегенде) 2021 жылы 6,9 трлн теңгені, 2022 жылы – 8,6 трлн теңгені, 2023 жылы – 9,2 трлн теңгені құрайды.

Олардың өсуі негізінен корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы және шикі мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша күтілуде.

«Бюджет тапшылығы 2021 жылы жалпы ішкі өнімнің 3,4%-нен 2023 жылы кезең-кезеңмен жалпы ішкі өнімнің 2,1%-на дейін төмендеуімен жоспарланып отыр», - деді Ерболат Досаев.

Шығыстар

2021 жылы 14 трлн теңгені құрайды.

Бюджеттің ағымдағы шығыстары келесі жылға 13,1 трлн. теңге деңгейінде анықталды (2022 жылы – 13,6 трлн теңге, 2023 жылы – 13,7 трлн теңге).

Даму бюджетінің көлемі 2021 жылы 900 млрд теңге сомасында жоспарланып отыр (2022 жылы - 284 млрд теңге, 2023 жылы - 140 млрд теңге).

Бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталды. Шығыстар құрылымындағы әлеуметтік саланың үлесі 50,4%-ды құрайды.

Осылайша, әлеуметтік салаға 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда 454 млрд теңгеге өсіп, 7 трлн теңге бөлу жоспарланды (2022 жылы - 7,8 трлн теңге, 2023 жылы - 8,6 трлн теңге).

Жыл сайынғы индекстеу және зейнетақы мен жәрдемақы алушылар контингентін ұлғайтуға келесі жылға қосымша 265 млрд теңге көзделді.

Сондай-ақ мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақыларын көтеру жолымен олардың мәртебесін арттыру жөніндегі президенттің тапсырмаларын іске асыру бойынша барлық іс-шаралар жоспарланған.

Экономика нақты секторының дамуын қолдауға 2021 жылға 1,7 трлн теңге көзделді (2022 жылы - 916 млрд теңге, 2023 жылы - 538 млрд теңге).

«Осы қаражат шеңберінде «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, индустриялық-инновациялық даму мен «Бизнестің жол картасы – 2025» және тағы басқа бағдарламаларды іске асыру жалғасатын болады», - деді Досаев.

2021 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен 3,8 трлн теңге бөлінетін болады, бұл жалпы бюджет шығыстарының шамамен 27%-ын құрайды.

Оның ішінде ағымдағы нысаналы трансферттері - 1,4 трлн теңге, даму трансферттері түрінде 405 млрд теңге көзделді.

Барлық жаңалықтар