• Басты
  • Қазақстан-Ресей: БАҚ саласындағы ұқсастықтар мен ерекшеліктер
26 Қазан, 2020 16:53

Қазақстан-Ресей: БАҚ саласындағы ұқсастықтар мен ерекшеліктер

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Кеңестік дәуірде ортақ шаңырақ астында болғаны себепті және басқару саласында көптеген ұқсас қырлары болғандықтан БАҚ саласындағы заңнамасы мен медиа құралдарының дамуы бағытында ұқсастықтар көп. Сонымен қатар екі елдің бір-бірінен алар тұстары мен ерекшеліктері де бар екенін айта кету керек. Осы орайда бүгінгі мақаламызда осы екі мемлекеттегі БАҚ саласының даму үрдістері, заңнамадағы негізгі ерекшеліктері жайлы сөз қозғамақпыз.

Қазақстан-Ресей: БАҚ саласындағы ұқсастықтар мен ерекшеліктер

Ресей Федерациясы империялық тарихы және амбициясы бар, ішкі қоғамдық-саяси мәдениеті әлемнің өзге мемлекеттерінен ерекшеленетін әлемдік ірі актор. Тиісінше Ресейдің БАҚ саласы да көбінесе мемлекеттік идеологияның басым бағыттарын жүзеге асыруға бағытталған.

Соңғы жылдары жаңа технологиялық өзгерістерге сәйкес интернет кеңістіктегі коммуникациялық құралдардың әлеуеті артып, атап айтқанда әлеуметтік желілер, жекелеген аккаунттар мен блог-тұғырнамалар және сайттардың үлес салмағы артып, дәстүрлі БАҚ-қа баламалы ақпарат көздері көбейді. Бұл дәстүрлі БАҚ-тың бәсекеге қабілетті болуын талап етумен қатар мемлекеттік құрылымдарды аталған контенттің сапасын бақылап, радикалды бағыттағы өнімдерді тұсаулап отыруға итермеледі. Бұл цензураға тыйым салатын заңнамалық ұстанымдарға қарамастан ұлттық қауіпсіздік және мемлекеттік идеологиялық тәртіп мағынасында түсіндіріліп, түрлі тетіктер арқылы жүзеге асырылуда.

Жалпы, Ресей Федерациясының БАҚ саласындағы құқықтық платформасы елдің Конституциясына, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңына, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт, Адам құқықтары туралы еуропалық конвенция сияқты халықаралық құқықтық нормалардан құралады. Заңнамадағы негізгі принцип баспасөз еркіндігі, идеологиялық плюрализм (Конституцияның 13-бабы), цензураның жоқтығы (Конституцияның 29-бабы), тәуелсіз БАҚ-тың жұмысына кепілдік сияқты жалпы әлемдік БАҚ қағидаларына, демократиялық шарттарға негізделген.

Дегенмен, Конституцияның 21-1 (жеке азаматтардың абыройын сақтау), 23 (жеке өмірге, жеке және отбасылық құпияларға, азаматтың абыройына құл сұқпау), 24 (азаматтың жеке өмірі жайлы оның келісімінсіз ақпарат жинау және таратуға тыйым салу), 29-2 (өшпенділік, араздық сезімдерін қоздырмау) секілді бірқатар баптар арқылы БАҚ-тың, журналистердің қызметі реттеліп, жауапкершілік мәселесі айқындалған. Конституцияға негізделіп бірқатар заң актілерінде БАҚ-тың қызметі регламенттелген.

Сондай-ақ, елдің ақпарат саласындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2008 жылы құрылған Роскомнадзор (Байланыс, ақпараттық технология және бұқаралық байланыс салаларын федералдық бақылау қызметі) және Роспечать (Баспа және бұқаралық байланыс федералдық агенттігі) сынды мекемелер қызмет ететінін де айта кеткен жөн.

1991 жылғы 27 желтоқсандағы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жалпы 7 тараудан, 62 баптан құралған. Заң қабылданғаннан бүгінге дейін ірі өзгертулер мен толықтырулар үш рет енгізілген. Бұл Ресейдегі журналистердің құқықтары мен міндеттерін, редакция мен құрылтайшылардың, жекелеген азаматтардың өзара қарым-қатынасын айқындайтын негізгі салалық заң саналады.

Ресейдің БАҚ саласындағы заңнамасы әлемдік стандарттарға сай келеді. Дегенмен, Роскомнадзор және Роспечать арқылы ақпарат тарату, баспасөз еркіндігіне қатысты қатаң шектеу шаралары, соттың қаулысын күтпей-ақ қандай да бір сайттардың қызметін тоқтату, журналистер мен БАҚ редакциясынан баяндалған ақпараттың дереккөзін талап ету сынды қатаң шаралар жиі қабылданады.

Ресей заңында цензураға тыйым салынғанымен, жеке адамдардың, қоғамның және мемлекеттің мүддесін қорғау үшін ақпарат таралымына тыйым салынатыны анық жазылған.

Мысалы Роскомнадзорда біраздан бері «Ревизор» деп аталатын жүйе іске қосылған. Осы жүйе арқылы көптеген ақпараттық сайттардың қызметіне, белгілі бір жарияланымдарға тұрақты түрде шектеу қойылуда. Айта кететін болсақ, тек 2016 жылы 1079 оператордың қызметін заңға қайшы деп тауып, шектеу қойған.

Бұл үрдіс ресми түрде елдің ұлттық қауіпсіздігін, қоғамдық мүддені қамтамасыз ету етуге бағытталғаны айтылса да, билікті сынаушы, еркін ойлы оппозициялық пікірдегі ақпарат құралдарының қызметіне кедергілер жасауға мүмкіндік беруде. Бұған мысал ретінде «Каспаров.ру», «Грани.ру» және "ЕЖ.ру" сияқты оппозициялық сайттар мен Алексей Навальныйдың сайты мен дербес блогын бұғаттау әрекеттерін келтіруге болады.

Қазіргі таңда БАҚ заңнамасындағы кейбір қатаң шектеулер саны біртіндеп либералдануда. Мысалы БАҚ арқылы, әлеуметтік желіде «жала жабу», адамның ар-ожданын таптау сияқты айыптар бұрын 1996 жылы Қылмыстық кодекстің 121.1-бабына сәйкес ауыр және аса ауыр қылмыс ретінде есептеліп, қамау, бас бостандығын шектеу сияқты үлкен жауапкершілік ретінде енгізілген болатын.

Кейіннен 2011 жылы бұл талап жеңілдетіліп, Қылмыстық кодекстен алып тасталды және тек айыппұл салу шарасы қабылданған болатын. Дегенмен артынша 2012 жылы «жала жабу» Қылмыстық кодекстің бабына қайта енгізілді. Бірақ бұрынғыдай қамау, бас бостандығынан айыру емес, үлкен көлемде ауыппұл салу жазасымен алмастырылды.

Қазақстанда да осыған ұқсас өзгеріс былтыр ғана орын алды. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде көтерілген ұсыныстарға сәйкес баспасөз, сөз еркіндігі саласында бірқатар заңнамалық оң өзгерістер орын алды. Осыған сәйкес Қазақстанда қазіргі таңда «жала жабу» қылмыстық жауапкершілік емес әкімшілік жауапкершілік санатына қосылды.

Сондай-ақ, 2016 жылдан бастап ресейлік БАҚ-тағы шетелдік капиталдың үлесі де 20 пайыздан аспауы тиіс деген норма енгізілді. Алдын бұл көрсеткіш 50 пайызды құрайтын. Бұл өзгеріс те БАҚ-ты бақылауда ұстауға мүмкіндік беріп, сырттан араласуды болдырмауға бағытталған. Заңнамадағы бұл өзгеріс шетелден қаржыландырылып, отырған көптеген БАҚ-тың жұмысына ықпал етті. Кейбір деректер осы өзгеріс Ресейдің медиа нарығындағы 30-40 БАҚ-тың қызметіне өзгерістер енгізгенін жеткізеді.

Осы баяндалғандарды ескере келе Ресейдегі БАҚ саласындағы заңнама әлемдегі көп мемлекеттің БАҚ қызметіне қатысты негізгі талаптарына сәйкес келеді деуге болады. Тек жоғарыда айтылған кейбір ерекшеліктерді назарда ұстау қажет.

Сондай-ақ, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс шеңберінде бірқатар мемлекеттік БАҚ-тың ресми Кремльдің ұстанымын насихаттаушы үлкен күшке ие екенін де айта кеткен жөн. Бұл ресейлік мүддені қорғауға әрі мемлекеттің негізгі идеологиялық қызмет бағытына сай келеді. Оның ішінде мемлекеттік үлестегі БАҚ-тың әлеуеті жоғары. Аталған қолдау түрі мемлекеттік дотация аясында, әкімшілік ресурстар арқылы демеушілік және жарнама арқылы жүзеге асырылуда.

Жалпы Ресей медианарығында маңызды рөл ойнайтын телеарналардың мемлекеттік (мемлекет атынан және мемлекеттің қаражаты есебінен қызмет етуші және биліктің белгілі бір тармағының ұстанымын түсіндіріп, насихаттаушы), мемлекетаралық (мемлекетаралық келісімшарттар негізінде және шартқа қол қойған мемлекеттердің ережелеріне сәйкес қызмет етуші), жеке меншік (жеке және заңды тұлғалардың қандай да бір арна арқылы ақпарат тарату мақсатында бірігуі) және қоғамдық (мемлекеттік билік пен жекелеген азаматтар немесе заңды тұлғалардың бірігіп ашқан телеарналары) түрін ерекше атап өтуге болады. Бұл БАҚ түрлерінің біразы Қазақстанда да еркін ақпарат тарату мүмкіндігіне ие.

Қазақстанда да БАҚ саласында қалыптасқан заңнамалық база бар. Олар еліміздің Конституциясы, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңы, бірнеше халықаралық шарттар және өзге де нормативтік-құқықтық актілер. Қазақстанда да Ресей секілді баспасөз еркіндігіне заңмен кепілдік беріліп, цензураға тыйым салынған. Журналистердің ақпарат алуына, егер ол адамның ар-намысы мен жеке өміріне қол сқпайтын болса оны таратуына рұқсат етілген. Заңда сөз бостандығы, шығармашылық, өз көзқарастары мен сенiмдерiн баспа беттерiнде немесе басқалай түрде бiлдiруге, бұқаралық ақпаратты кез келген, заңмен тыйым салынбаған жолмен алуға және таратуға Қазақстан Республикасының Конституциясы кепiлдiк берілетіндігі жазылған.

Елдің ұлттық қауіпсіздігіне, балаларға қарсы бағытталған, адамдарды зорлық-зомбылыққа үндейтін, нәсілдік араздыққа шақыратын, лаңкестікке, экстремизмге насихаттайтын теріс мазмұндағы ақпараттарды айқындап, дер кезінде шектеп отыру мақсатында БАҚ саласындағы, интернет кеңістегі ақпаратқа ұдайы мониторинг жүргізіледі. Бұған дәлелді «Әділ сөз» сөз бостандығы құқығын қорғау халықаралық қорының 2018 жылғы 28 тамыздағы № 65ГУ2808 сұраныс хатына орай Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 2018 жылғы 2 қазанда № 19-19/Зт-К-369 хатымен берген мынадай мазмұндағы жауабын келтіруге болады:

Бұқаралық ақпарат құралдарына (бұдан әрі – БАҚ) «Бұқаралық ақпаратр құралдары туралы», «Телерадио хабарларын тарату туралы», «Ақпараттандыру туралы», «Қазақстан Республикасы баланың құқықтары туралы», «Мәдениет туралы», «Қазақстанның Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы», «Жарнама туралы», «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» және т.б. заңдары талаптарының сақталуына байланысты мониторинг жүргізіледі.

Қазақстан Республикасының аумағындағы БАҚ-қа мониторинг жасау Қазақстан Республикасындағы заңнамалық нормалардың бұзылуын анықтауға бағытталған. Қазақстан Республикасының БАҚ туралы заңнамасының нормалары бұзылған жағдайда Қазақстанның заңнамаларын сақтау жөнінде БАҚ иелерінің мекенжайларына Комитеттен хат жолданады. 

Қазақстандағы көптеген БАҚ-тың мемлекеттік ақпараттық тапсырыс шеңберінде мемлекеттік аппараттың берген мәліметін таратуын, оппозициялық бағыттағы пайымдарды жарияламау сынды әрекетіне орай сыни пікірлер де аз айтылып жүрген жоқ. Мұны шешудің жолы ретінде БАҚ саласындағы мемлекеттің үлесін азайту, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс көлемін азайту, БАҚ саласында шынайы бәсеке орнату туралы ұсыныстар көтерілуде.

Сондай-ақ, қазіргі таңда интернет коммуникацияның, әлеуметтік желілердің, жекелеген блог-тұғырнамалардың дамуы дәстүрлі баспасөз пен телеарналарға үлкен бәсеке тудыруда. Көптеген сарапшылар дәл осы қарқынмен кете берсе алдағы уақытта дәстүрлі газет-журнал мен телеарналардың жойылатынын, олардың орнын электронды БАҚ-тың басатынын болжауда. Бұған негіз де жоқ емес. Әр ақпаратты дер кезінде тарату маңызды. Қазір газеттер бұрынғыша апталап оқырманға жеткенше түрлі мессенджерлер, WhatsApp желісі немесе әлеуметтік желі арқылы тиісті ақпарат қалың оқырманға тарап үлгереді. Бір-екі күннен кейін оқырманға жеткен ақпарат өзектілігін жоғалтады. Сондықтан газеттер де замана көшінен қалмай интернет сайттарын жандандырып, баспа түріндегі нұсқасына көбінесе талдамалы ақпарат жариялауға тырысуда. Шынында да талдамалы ақпаратқа оқырман әлі де зәру.

Интернеттің қарқынды дамуы бақылаусыз ақпарат ағымын да көбейтіп жібергенін айта кету керек. Адамдарды зорлық-зомбылыққа итермелейтін, балаларды суицидке шақыратын, шындыққа жанаспайтын фейк ақпарат тарату үрдісі уақыт өткен сайын қарқын алып барады. Бұл ұлттық қауіпсіздікке белгілі бір мөлшерде қауіп те төндіреді. Осы тұрғыдан алғанда БАҚ саласына мониторинг жүргізіп, қауіпті контентке тосқауыл қойып отыруды дұрыс деп санауға болады. Бұл плюрализм қағидаларын аттап өтпей, еркін ойлы, заңға қайшы келмейтін оппозициялық бағыттағы ақпарат ағымына тосқауыл қоюға ұласып кетпесе болғаны.

Барлық жаңалықтар
66.249.70.64, 192.168.88.100