• Басты
  • Рашид Арзикулов: Халықтан санитарлық шараны сақтауды сұраймын
21 Маусым, 2020 19:29

Рашид Арзикулов: Халықтан санитарлық шараны сақтауды сұраймын

Бүгін – медицина қызметкерлері күні. Коронавирустық пандемия кезінде дәрігерлердің қадірі ерекше артты. Осы орайда №6 емхананың отбасылық дәрігері Рашид Арзикулов қызметі туралы Strategy2050.kz сайтына берген сұхбатында айтып берді.

   

Рашид Арзикулов: Халықтан санитарлық шараны сақтауды сұраймын

- Рашид Шавкатұлы, дәрігер мамандығына қалай келдіңіз?

- Бала кезден адамдарға көмектесуді, дәрігер болуды армандадым. Анам да дәрігер мамандығын игеріп, халықты емдеп, қызмет қылуымды қалады. 2016 жылы астанамыздағы медициналық университетті бітірдім. Төрт жылдан бері осы салада қызмет етіп келемін. Қазіргі таңда 2-санатты отбасылық дәрігермін.

- Жеке өміріңізде қызметіңіздің пайдасы тиді ме? Мысалы, көшеде кездейсоқ жағдайға тап болып, жедел жәрдем беру...

- Иә, ондай жағдайлар басымнан өткен. Менің тәжірибемде мұндай жағдай болды. Екінші курста оқып жүргенімде эпилепсиядан зардап шегіп тұрған әйелге көмектестім. Әйелдің ұстамасы өте күшті болды. Алғашында аздап сасқалақтап қалдым. Алайда тез есімді жиып, қолымды тістегеніне қарамастан оның аузын ашып, тілін жібермей ұстап тұрдым. Ұстамасы 5-7 минутқа созылды. Жедел жәрдем келгенге дейін есін жиды. Бұл жағдай әдлі де көз алдымнан кетер емес. Осы оқиғадан кейін өзімнің дұрыс жолды таңдағаныма нық сенімді болдым.

- Карантин басталғаннан кейін де жұмысыңызды жалғастыра бердіңіз бе? Сіз де коронавирусқа күдігі бар пациенттерді қабылдадыңыз ба? Өзіңізді қалай қорғайсыз?

Карантиннің алғашқы күндерінен бастап біз пациенттермен үнемі жұмыс жасаймыз. Кейбіреулеріне онлайн кеңес береміз, видеобайланыспен сөйлесеміз және жеке қабылдауымызда емделетіндер де бар. Бізге кейде дем жетіспей, жөтел, қызуы көтерілу, иіс сезбеу секілді белгілермен шағымданып келгендер де болды. Бұл коронавирустың айқын белгілері. ПТР талдауынан кейін күдігіміз расталған жағдайлар жиі болды. Қатты қорқатын кездер де болады. Біз де адамбыз. Алайда біз әрқашан басшылықтан қолдау тауып отырмыз.  

- Сіздің пациенттеріңіз сіз жайлы жылы пікірде. Қалалық емханада емделушілер ағыны өте көп. Жұмысыңыздан шаршамай, қызметіңізді жалғастыра беруге не ықпал етеді?

- Ата-анам, туыстарым мені алға сүйреді. Оларды қуантқым келеді. Артық құпия жоқ. Тек адамдарға көмектескім келіп тұрады.

- Мерекеде әріптестеріңізге не тілейсіз?

- Ең алдымен қазақстандықтарға барлық карантиндік шараларды сақтауға кеңес бергім келеді және қауіп туралы басқаларға да ескертуді сұраймын. Әріптестеріме мықты денсаулық, бақыт және кәсіби қызметінде табыс тілеймін. Мен оларды біздің заманымыздың қаһармандары санаймын!


Strategy2050.kz тілшісі Рабиға Нұрбайдың сұхбаты қазақ тіліне аударылды
Барлық жаңалықтар