• Басты
  • Сарапшылар пікірі: "Вакцина салдырудан бас тартқандар жауапкершілікке тартылмайды"

Сарапшылар пікірі: "Вакцина салдырудан бас тартқандар жауапкершілікке тартылмайды"

26 Қаңтар, 2021 14:58

1 ақпаннан бастап Қазақстанда ел азаматтарын вакцинациялаудың бірінші кезеңі басталмақ. Бұған дейін, елімізде вакцинациялау 6 кезең бойынша жүзеге асырылатынын, алғаш болып кімдерге вакцина салынатынын, халық қай санаты тегін вакцина ала алатынын жөнінде ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтып өткен болатын. Дегенмен, халық арасында вакцинаған байланысты түрлі пікір бар. Осы орайда, кімдер тегін вакцина салдыра алатыны, оның қандай жанама әсерлері барын, сонымен бірге, 4 күннен соң басталатын вакцинациялаудың ұйымдастырылуы, қалай өтетені жөнінде мамандардың сұрадық. Мамандардың пікірі Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

28 қаңтарға дейін ұйымдастыру жұмыстары аяқталмақ

ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбай вакцинациялаудың қалай жүзеге асатынын жөнінде айтып берді. Оның сөзіне сенсек, қазіргі таңда вакцинациялауға қатысатын медицина қызметкерлері арнайы дайындықтан өткен, енді 28 қаңтарға дейін барлық қалған ұйымдастыру жұмысы аяқталады деп жоспарланған.

«1 ақпанда өтетін вакцинациялау бойынша жұмыстар басталып кетті. Елдегі коронавирусқа қарсы вакцинациялауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі арнайы жоспар әзірленіп, іске асырылуда. Аталған жоспарға сәйкес, медицина қызметкерлеріне әдістемелік ұсынымдар дайындалды. Сонымен бірге, вакцинаны сақтау және тасымалдау жөніндегі салқындату тізбегін сақтау жөнінде регламент белгіленді. Регламент пен әдістемелік ұсынымдарды пайдалана отырып вакцинаны өңірлерге, аймақтардағы медицина ұйымдарына жеткізу жөнінде жұмыстар жүрігізіліп жатыр. Осыған орай, 2 мыңнан астам медицина қызметкерін коронавирусқа қарсы вакцинациялау туралы онлайн түрде семинар өткізілді. Онда вакцинаның сақталу мерзімі, қауіпсіздік шаралары және вакцинаның тиімділігін сақтай отырып жеткізу шаралары жөнінде мағлұмат берілді. Бұл жұмыстарды 28 қаңтарға дейін аяқтау жоспарланып отыр», - деді басқарма басшысы.

Вакцинациялау басқа вакциналарды салатын егу пункттерінде жүргізіледі

Бұдан басқа, ол ақпарат құраллдарында және түрлі әлеуметтік желілерде ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүрігізіліп жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, оның сөзінше, коронавирусқа қарсы вакцинациялау жұмыстары басқа вакциналарды салатын егу пункттерінде жүргізіледі. 1 ақпанда вакцинаның жеткізіліміне қарай республикалық маңызы бар, сонымен бірге облыстық деңгейдегі маңызы бар қалаларда жүзеге асырылмақ.

«Вакцинация жүргізудің ең басты қағидасы – вакцинацияға қатысатын барлық медицина қызметкері арнайы оқудан, арнайы дайындықтан өтуі тиіс. Себебі пайдаланылатын вакцинаның сақталуы керек арнайы температуралық режимі бар. Яғни, олар мұздатылған кейіпте тасымалданатындықтан, мұздататын арнайы құрал-жабдықтарды қажет етеді. Сондықтан аудандардарға вакцинаның жеткізілуі мұздататын термоконтейнерлерге байланысты. Егер мұздатқыштардың саны жеткілікті болса, аудандарға да тасымалдауға мүмкіндік бар», - деді Нұршай Әзімбай.

Вакцина салдырудан бас тартқандар - жауапкершілікке тартылмайды

Қазiргi таңда қоғамда вакцина салу мiндеттi деген сарындағы әңгiме көп тарап жатыр. Соған байланысты, бұл сұраққа нақты жауап бере алатын ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетiнiң ресми өкiлi Ержан Байтанаевты сөзге тарттық. Ол тек бұл сауалға ғана емес, жалпы көптiң көкейiнде жүрген бiрқатар сұраққа жауап бердi. Оның айтуынша, вакцинаны салдыру мiндеттi емес, әр азамат өз қалауына қарай салдыруға, не салдырмауға құқы бар. Сонымен бiрге, ол халықтың осал топтарына ғана тегiн салынатынын атап өттi.

«Елiмiзде вакцинация ерiктi түрде өткiзiледi. Бiздiң «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» заңнмасының 77-бабына сай, кез келген медициналық ем-шара, оның iшiнде вакцинация егiлетiн адамның тек келiсiмiмен ғана жүзеге асады. Сонымен қатар, атап өту керек, елiмiзде вакцина салдырудан бас тартқаны үшiн әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауапкершiлiк көзделмеген, кез келген қысым көрсету заңсыз. Бұдан бөлек, вакцина тек тұрғындардың белгiлi бiр тобына, яғни осал топтарына тегiн болмақ», - дедi Ержан Байтанаев.

Сонымен қоса, бақылау комитетiнiң ресми өкiлi вакцинациялау вакцинаның келiп түсуiне байланысты кезең-кезеңмен жүзеге асырылатынын тiлге тиек еттi. Мәселен, оның мәлiметiнше, алғашқы кезекте, коронавирус инфекциясын жұқтыру, сонымен бiрге тарату қаупi жоғары халықтың осал топтарына салынады. Сондай-ақ, инфекциялық аурулар ауруханасыының, жедел медициналық көмек, реанимация, МСАК, қабылдау бөлмелерiнiң медицина қызметкерлерi, санэпидқызмет қызметкерлерi де вакцинациямен қамтылмақ.

«Ал, екiншi кезеңде жалпы бiлiм беретiн мектептердiң, жоғары оқу орындары педагогтарына, бiрiншi кезеңге кiрмей қалған медициналық қызметтiң қызметкерлерiне вакцина салынады. Бұдан бөлек, үшiншi кезең мектеп-интернаттардың, мектепке дейiнгi мекемелердiң педагогтары, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдар вакцинамен қамтамасыз етiледi. Сонымен қоса, ТЖМ, IIМ, Қорғаныс министрлiгi, ҰҚК, Мемлекеттiк күзет қызметiнiң қызметкерлерiне де салыну жоспарда тұр», - дедi комитеттiң ресми өкiлi.

Вакцина алғандар дәрігердің бақылауында болмақ

Бұдан бөлек, Ержан Байтанаев кез келген вакцинаны салмас бұрын вакцина салғалы жатқан азаматтың аллергиясы бар-жоғы анықталатынын баса айтты. Мәселен, егер де ауыр аллергиялық ауруы болса, ол азаматқа вакцина салынбайды. Дегенмен, маманның айтуынша, адам ағзасы әртүрлi болғандықтан, аллергиялық реакциясын болжау мүмкiн емес.

«Вакцина алғаннан кейiн ол азамат алғашқы жарты сағат уақыт бойына дәрiгердiң бақылауында болуы тиiс. Егер аллергиялық реакция болатын болса, осы уақыт арасында көрiнедi. Сонымен қоса, одан кейiн де вакцина салынған адам дәрiгердiң бақылауынан тыс қалмайды. Әрдайым өздерiнiң тұрғылықты жердегi медициналық қызметкерлердiң бақылауында болмақ», - дедi ол.

Бұдан бөлек, маман коронавирусқа қарсы вакцинаны үш апта (21 күн) аралықпен екi кезеңмен алу керегiн тiлге тиек еттi. Оның сөзiнше, алғашқы доза антиденелердiң аз мөлшерiн өндiруге байланысты қысқа қорғаныс әсер бередi. Ал, екiншi доза бiрiншiсiнiң әсерiн күшейтiп, нығайтады. Сөйтiп, адам ағзасындағы антиденелер саны артады.


Барлық жаңалықтар