• Басты
  • ҚР Тұңғыш Президенті: 5-бөлім. Елбасы жолы
29 Қараша, 2019 18:24

ҚР Тұңғыш Президенті: 5-бөлім. Елбасы жолы

Биыл наурыздың 19-ы күні Қазақстанның Тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік телеарналар арқылы ҚР президенті ретінде өкілеттілігін тоқтатанын мәлімдеді. Осылайша Назарбаев президенттіктен өз еркімен бас тартқан  Орталық Азия кеңістігіндегі алғашқы басшы болып тарихта қалды. Осы орайда, Тұңғыш Президент күні қарсаңында Елбасының президенттіктен кеткеннен кейінгі кезеңдегі маңызды оқиғаларға, саяси шешімдеріне шолу жасағанды жөн көрдік.

ҚР Тұңғыш Президенті: 5-бөлім. Елбасы жолы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік посттан кетсе де, "Нұр Отан" партиясы мен Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде қалды.

Ол өз сөзінде былай деді: "Осы жылдарда өткен барлық сайлауларда сіздер маған сенім артып, бастамаларыма қолдау білдірдіңіздер. Маған ұлы халқыма, туған жеріме қызмет ету бақыты бұйырды. Баршаңызға зор ризашылығымды білдіріп, басымды иемін. Осындай қолдаудың арқасында сіздердің сенімдеріңізді ақтау үшін мен бар күш-жігерімді, денсаулығымды, уақытымды аямай адал қызмет еттім. Өздеріңіз білесіздер, заңымызға сәйкес мен Тұңғыш Президент – Елбасы мәртебесіне ие болдым. Елеулі өкілеттігі бар Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде қызмет ете беремін. "Нұр Отан" партиясының Төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесімін. Яғни өздеріңізбен бірге боламын. Еліміздің, халқымыздың қамы – менің мүддем болып қала береді. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ретіндегі алдағы міндетім – басшылардың жаңа буынының билікке келуін қамтамасыз ету. Олар елімізді жаңғырту процестерін жалғастыратын болады". 

9915953.jpg

Ертесіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяоны қабылдап, екі ел арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайтудың және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өткен. Сондай-ақ кездесу барысында Қытай дипломаты  Назарбаевқа ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің сәуірде Бейжіңде өтетін "Бір белдеу, бір жол" атты ІІ халықаралық ынтымақтастық форумына шақыруын жеткізді.

Араға бір апта уақыт салып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оңтүстік астанаға сапар жасады. Алматы жастары өздеріне қамқорлық жасап, шексіз қолдау көрсеткен және тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасына алғыс айту үшін ұшақ трапынан күтіп алды.

52e640a74bea07a3beca058821009777.jpg

Бұдан соң ол "Nur Otan" партиясының орталық аппаратында құрылымдық бөлімшелер жетекшілерінің қатысуымен кеңес өткізді. Ол кеңесте сөйлеген сөзінде тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашудың маңыздылығы мен әлеуметтік масылдыққа жол бермеу қажеттігіне айтып өтті. Сондай-ақ Елбасы партияның 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын іске асыру үшін нақты іс-шаралар жоспарын бекітуді тапсырды.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев партияның мемлекеттік басқару жүйесі үшін кадр дайындайтын негізгі құрылым болуға тиіс екенін атап өтіп, «Nur Otan» партиясының республикалық кадр резервін жасақтауға тапсырма берді.

Кейін сәуірдің 23-де ол "Nur Otan" партиясының кезектен тыс ХІХ съезіне қатысты. Аталған съезде күн тәртібіне сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті сайлауына "Nur Otan" партиясының атынан үміткер ұсыну жөніндегі мәселе қаралған еді. Өз кезегінде партия төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты еліміздегі жоғары лауазымға лайықты үміткер екенін айтып, оның Қазақстанға сіңірген еңбегі мен жеткен жетістіктеріне тоқталып өтті. Сондай-ақ ол республикалық қоғамдық сайлау штабының жұмысын үйлестіруді тапсырып, азаматтардың барлық санатымен жұмыс жүргізудің қажеттілігіне назар аударды.

Бұдан кейін Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға іс-сапармен келген Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Инмен кездесті. Кездесу барысында ол тәуелсіздік алған алғашқы күнінен бастап Қазақстанның Оңтүстік Кореямен жақсы қарым-қатынас орнатылғанын, экономикалық және саяси ынтымақтастықты жжаңадан қалыптасқандығы туралы айттып өтті. Сонымен қатар Елбасы Оңтүстік Корея мен Корей Халық Демократиялық Республикасы арасында қол жеткізілген корейаралық уағдаластықтарды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

da78ea2f851704d3673c85332e2b8f1e.jpg

Осы айдың соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясына қатысып, төрағалық етті.  Ол өз сөзінде елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызды рөлін атап өтті. 

Сондай-ақ ол еліміздегі әртүрлі ұлыс өкілдерінің тату-тәтті өмір сүруі - халықаралық арнеанада Қазақтанның беделін арттырды дей келе балый деді: "Біз экономикасы қарқынды дамып келе жатқан мықты мемлекет құрдық. Тарих сынақтарының бәрін бірге еңсердік. Прагматикалық және сарабдал сыртқы саясатымыздың арқасында халықаралық беделімізді биіктеттік. Еліміздегі этносаралық қарым-қатынастардың үлгісі теңдестірілген, уақыт жағынан тиімді әрі тәжірибеден өткізілген. Бұл бәріне үлгі болуға тиіс.

Бұдан басқа Елбасы Қытайға сапары кезінде "Бір белдеу, бір жол" атты екінші халықаралық ынтымақтастық форумына қатысты. Ол сессияда сөйлеген сөзінде қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлерге төтеп берудің жолдарына тоқталып, жаңа геосаяси ахуалдың "Үш Д" үлгісін ұсынды. Өз баяндамасында: "Біз геосаясат пен геоэкономикада кейінге қалдыруға болмайтын міндеттерді шешуге септігін тигізетін жаһандық архитектураны қалыптастыру ісіне алдағы уақытта да атсалыса береміз. Менің ойымша, мұны «Үш Д» жаңа ахуалын қалыптастыру арқылы жүзеге асыруға болады. Мұны «Үш диалог» жүргізу қажеттігі деп түсінген жөн. Біріншісі жаһандық деңгейді қамтиды. Бұл – АҚШ, Ресей, Қытай және Еуропа одағы арасындағы диалог" десе, екінші диалогтың Еуразия деңгейінде қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, оның мақсаты - Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының әлеуетін біріктіру. Ал үшінші диалог - бұл Еуразия экономикалық одағы, Еуропа одағы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Оңтүстік Шығыс Азия елдері қауымдастығы арасындағы жүйелі экономикалық диалог. Ол осындай форматтағы экономикалық кооперацияны дамыту арқылы елдердің дамуына және азаматтардың әл-ауқатының артуына зор серпін беретіндігін атап өтті.

c54615d5fa8b62b08b01f4e224dbfdcf.jpg

Бұдан бөлек айту керек бір оқиға Елбасының Қытайға сапары барысында тату көршілік қарым-қатынасты дамытуға және жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға  қосқан зор үлесі үшін  "Достық" орденімен марапатталды. Сөз барысында Нұрсұлтан Назарбаев "Бір белдеу, бір жол" бастамасын іске асыру үдерісіне және оның жаһандық сын-қатерлерге төтеп беру ісіндегі маңыздылығына  тоқталып өтті. Өз кезегінде ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан Тұңғыш Президентінің екі жақты қатынастарды нығайтуға қосқан үлесіне тоқталып, Елбасының халықаралық ынтымақтастықты дамыту ісіне сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.   

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев ЕЭО-ға мүше елдердің президенттерінің қатысуымен елордада өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысқа қатысты. Ол өз сөзінде "Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті Төрағасы" атағын беру жөніндегі бастамасы үшін Ресей президенті  Путинге және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің барлық мүшелеріне аталмыш ұсынысты дағаны үшін алғыс айтты. 

092cfe910317eb9ba79d9fbef1d1a093.jpg

Сондай-ақ ол әлемде қалыптасқан жағдайға және өңірлік үрдістерге байланысты интеграциялық үдерісті одан әрі дамытуға қатысты өз ойын ортаға салды. Бұдан бөлек Елбасы одаққа мүше елдердің ішкі өндірісін дамытуға бағытталған "ақылды интеграцияны" жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. 

"Сауда теке-тіресі жағдайында нарықтарды жаулау үшін жаңа стратегия қажет. Мысалы, АҚШ пен Қытайдың бір-біріне санкция енгізуіне байланысты өндіріс тізбегінде белгілі бір тапшылық болады. Осы тұста босаған нарықты толтыру үшін өз тауарымызды неге ұсынбасқа? Біз бұл жағдайды ұтымды пайдалана аламыз. Осы және басқа да бастамаларды ескеріп, 2025 жылға дейінгі жол картасын әзірлеуді ұсынамын", – деді Назарбаев. 

Аталған кеңестің отырысы аясында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға келген бірқатар елдердің президенттерімен кездесіп, екіжақты мәселелерді талқыға сады. 

d984a26682f89a6b2659be9de43b2370.jpg

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесіп, беларусь басшысын "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев" орденімен марапаттады. Сонымен бірге ол Александр Лукашенконың интеграциялық үдерістерді дамыту және Еуразиялық экономикалық одақты құру ісіне сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.  

Сондай-ақ Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесуі кезінде ол Қырғыз басшысы Сооронбай Жээнбековке де "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев" орденін табыс етті. 

aed354416f793fd9b909a8fc6ffe44c5 (1).jpg

Бұдан бөлек Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен және Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинянмен  кездесті. Кездесу барысында Елбасы екі елмен де достыққа, сенімге негізделген қатынастар орнатқанын атап өтті. 

Сонымен қатар Ресей президенті Вадимир Путинді қабылдап, оған "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев" орденін табыс етті.

df27a45ca376a0ba5f003c6e8e03601b.jpg

Бірер күннен кейін Қазақстанның Тұңғыш Президенті Еуропалық кеңестің төрағасы Дональд Тускпен кездесті. Ол кездесу барысында Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өтті.

Ал өз кезегнде Дональд Туск Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды қалыптастыру және өркендету, сондай-ақ еліміздің халықаралық беделін нығайту ісіндегі рөлін атап кетті.

9a8f4d9fbb75ce8c38d04ba4d78e75e0.jpg

Араға бір апта салып Парламент Сенатының пленарлық отырысында Нұрсұлтан Назарбаев "Құрметті сенатор" мәртебесіне ие болды. Ол өз сөзінде барлық депутаттарға қолдау көрсеткені және еңбегін жоғары бағалағаны үшін алғыс айтты. 

"Көпшілігіңізбен соңғы 30 жыл бойы бірге жұмыс істеп келеміз. Біз көптеген қиындықты бірге өткердік. Маған «Құрметті сенатор» мәртебесін беру туралы шешім қабылдағандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Сонымен қатар Елбасы 23-24 қыркүйекте ел астанасында өткен "Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік" тақырыбында Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесінің ашылуына қатысты. Ол өз сөзінде Еуразия елдері парламентарийлері басқосуында Қазақстанның Тұңғыш Президенті бүкіл құрлықта парламентаралық диалог пен ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстанның ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қарудың таралуына қарсы бағытталған шаралары туралы айтты.

24-09-2019-sammit-spikerov-parlamenta-evrazii00001.jpg

"Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған ядролық қарудан азат әлем құру туралы декларацияның бастамашысы және тең авторы болды. Өңірдегі көршілерімізбен бірге біз Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құрдық. Мен «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін» наградасын тағайындадым", - деді Елбасы.

Сөз соңында аталған кеңестің Үлкен Еуразияны одан әрі дамыту жолдарын айқындаудағы маңыздылығын тағы бір атап өтті.

Сонымен қатар Елбасы Моңғолия Премьер-Министрі Ухнаагиин Хурэлсухпен кездесті. Кездесу барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қазақстан мен Моңғолия тарихи жақын халықтар екенін атап өтті.

10-10-2019-interview1-1 (1).jpg

Бұдан басқа Қазақстанның Тұңғыш Президенті "Хабар" мемлекеттік телеарнасына сұхбат берді. Сұхбат кезінде Елбасы саяси модернизация процесі мен елдің даму болашағы туралы өзекті сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ ол журналистерге өзінің жаңа жұмыс кестесі туралы айтып, "Нұр Отан" партиясының жұмысын жандандырудың басым міндеттеріне тоқталды.

Бұдан бөлек өткен айда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің 7-ші отырысына қатысты. Ол өз сөзінде Түркия Президенті Режеп Ердоғанға "Түркі Кеңесінің Құрметті Төрағасы" мәртебесін беру туралы ұсынысы үшін алғыс білдірді. Бұл жоғары мәртебе оған ортақ ұйымымның жұмысына одан әрі белсенді қатысуға мүмкіндік беретінін атап өтті. 

15-10-201900003.jpg

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Түркі интеграциясы процесін жалғастырудың маңыздылығына тоқталып, Түркі кеңесін одан әрі дамыту үшін екі ұсыныс айтты. Біріншісі, "Түркі келешегі – 2040" бағдарламасын әзірлеу. Бұл құжатқа түркі тілдес қоғамдастықтың ұзақ мерзімді мақсаттары мен оған қол жеткізу жолдары енгізілуге тиіс. Екіншіден, болашақта Кеңестің атауын қайта қарауды ұсынды. Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесін Ұйым деңгейіне дейін көтеруге болатынын айтты. 

22-10-2019-zelenskii00003.jpg

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Украина Президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. Кездесу барысында Елбасы Владимир Зеленскийді Украинаның Президент сайлауындағы жеңісімен құттықтап, Украинадағы оқиғаларға өз алаңдаушылығын білдірді. Сондай-ақ Елбасы Украинаның оңтүстік-шығысындағы қақтығысты бейбіт жолмен шешудің маңыздылығын атап өтті. 

Бұдан бөлек экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев 22 қазанда Жапония Императоры Нарухитоның ресми таққа отыру рәсіміне қатысты. Жапонияға сапары барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа Цукуба университетінің Құрметті докторы атағы берілді. Ол берілген Құрметті доктор атағы бүкіл қазақстандықтарға деген құрметтің белгісі екенін атап өтті. 

23-10-2019-abe2.jpg

Сонымен қатар осы сапар аясында Елбасы Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэмен кездесті. Келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық және сауда-экономикалық қатынастарды дамыту мәселелерін талқылады. Синдзо Абэ Қазақстанның антиядролық бастамаларына және жаппай қырып-жою қаруының таратылуына қарсы қабылдаған шараларына қолдау білдірді.

12-11-2019-astana-club00007.jpg

Сондай-ақ Елбасы елордада өткен "Астана клубының" Бесінші отырысына қатысты. Ол пленарлық отырысқа қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, "Астана клубы" халықаралық диалог алаңдары жүйесінде беделді және маңызды форумға айналғанын атап өтті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті дүниежүзіндегі қақтығыстар мен геосаяси текетірестердің қайта өршуінің ауқымды тенденциясын атап өтіп, Еуразиядағы геосаяси жағдайға теріс әсер ететін негізгі қауіп-қатерлер туралы көзқарасын білдірді.

Бұдан бөлек тағы бір маңызды кездесулердің бірі ретінде Елбасының Швейцария Президенті Ули Маурердің Қазақстанға сапары барысында кездесуін атап өтуге болады. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдарында Қазақстан мен Швейцария арасында экономиканың түрлі салаларында жақсы қарым-қатынас қалыптасқанын атап өтті. Өз кезегінде Ули Маурер Нұрсұлтан Назарбаевқа кездесу үшін ризашылық білдіріп, Қазақстанға жасап жатқан ресми сапарынан алған әсерімен бөлісті.

22-11-2019-00001.jpg

Сонымен бірге айта кетейік, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні 2012 жылдың 1 желтоқсанынан атап өтілуде. 2011 жылы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жалпы отырысында "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы" заң қабылданған еді. ҚР Тұңғыш Президенті күні Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың республика алдындағы ерекше қызметтерін, елге сіңген еңбегін атап өтіп, оны келешек ұрпаққа насихаттау мақсатында құрылды. 

Назерке Сүйіндік

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды