• Басты
  • ҚР Төтенше жағдай министрі қар құрсауында қалмаудың жолдарын түсіндірді

ҚР Төтенше жағдай министрі қар құрсауында қалмаудың жолдарын түсіндірді

15 Желтоқсан, 2020 15:14

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ТЖ министрі Юрий Ильин қ ыс басталғалы Қазақстанда қар кептелісіне байланысты көлік коллапсының 14 фактісі орын алғанын мәлімдеді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Бас құтқарушының хабарлауынша, Алматы облысында төтенше жағдай көп тіркелген.

«Достық-Үшарал жолы 8 рет жабылды. Ескертуге қарамастан жолға шығып, қар құрсауында қалып қойған адамдарды құтқару жағдайлары болды. Жамбыл облысында Түркістан облысымен шекарада көп көлік жиналып қалған. Сондықтан, қыс мезгілінде дауылды ескертулер жарияланғанда автоәуесқойлар ТЖМ бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдардың, «Қазгидрометтің» хабарламаларына құлақ асып, өз өмірі мен денсаулығына қатер төндірмеуі қажет», - деді Юрий Ильин.

Ильин жаңа жыл қарсаңында пиротехника сатуды бақылау күшейтілетінін айтты. ТЖМ және ІІМ қызметкерлері сертификатталмаған өнімді сату нүктелері бойынша бірқатар рейд өткізуді жоспарлап отыр.

«Жаңа жылдық мерекелерді тойлаудың соңы өкінішпен аяқталмауы үшін пиротехниканы тиісті лицензиялары бар дүкендерден ғана сатып алуды ұсынамыз. Әрбір өнімде сипатталған пиротехниканы пайдалану ережелеріне назар аудару керек. Жалпы, ТЖМ бөлімшелері қыс мезгілінде әрекет етуге дайын, сондықтан, біздің азаматтарымыз мерекелік іс-шараларды отбасымен өткізеді және төтенше жағдайлар барынша аз болады деп үміттенемін», - деді ол.

Иьин қыстыгүні қатқан өзен немее көл үстінде балық аулайтын азаматтарға қатаң ескерту жасады. Мұз әлі толық қатпаған көрінеді. Қыс түскеннен бері Қазақстанда бірнеше балықшы мерт болған.

«Шығыс Қазақстан облысында Зайсан көлінде 21-қарашадан бастап қызметкерлер өз өмірі мен денсаулығын қатерге тігіп, қаза тапқан балықшыларды іздеу жұмыстарын жүргізуде. 8 желтоқсанда Қызылорда облысында Қамбаш көлінде балық аулау кезінде жеті азаматпен ВАЗ автокөлігі мұз астына түсіп кеткен. Нәтижесінде, төрт адам батып кетті. Бұл азаматтардың сақтай алатын және сақтауы тиіс қарапайым қауіпсіздік шараларының өрескел бұзылғанын көрсетеді. Құтқару жилеттерін киіп, қорғану қажет. Бұл қысқы және жазғы кезеңге қатысты, өйткені су айдындарында, оның ішінде жазда суға батқандардың көп бөлігі қарапайым сақтық шараларын сақтамайды: олар суда құтқарудың бастапқы құралдарымен жабдықталмаған», - деді ол.

Қараңғы уақытта қар басқан жерлер мен мұзға шығуға болмайды. Себебі, мұздың қалыңдығы кей аймақтарда әлі жұқа. Бұл қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін. Жамбыл және Алматы облыстарында қар құрсауында қалған екі бала қаза болды. Ильин балаларды қараусыз қалдырмау керектігін ескертті.

Барлық жаңалықтар