• Басты
  • ҚР ІІМ: Апта ішіндегі қылмыстар, «сервистік полиция» моделі және киберқылмыс

ҚР ІІМ: Апта ішіндегі қылмыстар, «сервистік полиция» моделі және киберқылмыс

1 Ақпан, 2021 13:57

Бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз алаңында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз апта ішінде орын алған қылмыстарды, полиция саласындағы цифрландыру туралы айтса, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасының орынбасары Алексей Милюк қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудағы сервистік қызмет туралы айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Апта ішінде 3146 қызмет орын алды

Нұділдә Ораздың айтуынша, бір аптаның ішінде Қазақстанда 3146 қылмыс орын алған, 2142 қылмыс тәулік ішінде ашылды.

«Полиция қызметкерлері 8 кісі өлтіру, 8 денсаулыққа зиян тигізу қасақана қылмыстың бетін ашты. 2 қарақшылық шабуыл, 3 тонау, 437 бөтен мүлікті ұрлау қылмысы әшкере болды. Ішкі істер министрлігінің азаматтарға көрсететін 40 қызметінің 38-і автоматтандырылған. Яғни 95 пайыз полиция қызметі цифрландырылған. Оның ішінде автокөлік тіркеу, жүргізуші куәлігін алу, азаматтарды тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеу сұраныстағы қызмет түрлері болып табылады. Бұл саладағы сыбайлас жемқорлық санын қысқартуға мүмкіндік береді», - деді ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз.

Ішкі істер министрлігінің базалары бойынша барлық тексеру автоматтандырылған. Патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлардың құқық бұзушылықтарды электронды түрде тіркеуі және тергеушілердің электронды қылмыс түрлеріне кезең-кезеңімен көшуі – олардың жұмысының тиімділігін арттырады.

«Өткен жылы 5 500 астам қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеу амалдары электронды форматта жүргізілді. Елдегі әрбір екінші жол-көлік оқиғасы көшелердегі бейнекамералардың арқасында анықталды. Мысалы, өткен жылы 2,6 млн жол қозғалысы ережесін бұзушылық анықталды», - деді ол.

Ішкі істер саласындағы цифрландыру өңірлерде жүзеге асты

Павлодарда қауіпсіздік және мемлекеттік қызметтер көрсету саласында цифрлық жоба енгізілді. Ұсынылған жобалар пилоттық режимде апробацияланды және Павлодар облысында пайдалануға дайын. Бүгіннен бастап ІІМ “102” мобильді қосымшасы іске қосылды. Бұл қызмет «Азаматтардың хабарламаларын қабылдау процесінің бірізділігі» жобасының бір бөлігі болып табылады, оның міндеті полицияны халыққа жақындату және қолжетімді ету. Қосымшаның көмегімен елдің әрбір тұрғыны жасалған құқық бұзушылық немесе қылмыс туралы ақпаратты жібере алады және оның хабарламасы жауапсыз қалмайтынына сенімді бола алады. Жүйе арқылы өтініш беруге, оператормен аудио немесе бейне қоңырау арқылы байланысуға, қызмет алуға, сондай-ақ шақыру орнына жіберілген полиция нарядының жүрген жерін бақылауға болады. Полицияда “Police 102” мобильдік қосымшасы және виджет арқылы бейне – және аудио-қоңыраулар, Telegram, VKontakte-дегі чат-боттар арқылы мәтіндік кеңес беру және ҚР ІІМ ресми интернет-ресурсында орналастырылған виджет, өтініштерді беру (мәтіндік) чат-боттар, электрондық пошта және “Police 102″мобильді қосымшасы сияқты арналар жұмыс істейді.

 Атырау облысында төленбеген айыппұлдары 9 млн теңгені құрайтын 160-қа жуық шетелдік автокөлік арнаулы тұраққа қойылды. Олардың бесеуі Қырғызстаннан, біреуі Әзірбайжаннан, 19-ы Армениядан әкелінген автокөліктер болса, қалғаны Ресейден жеткізілген автокөліктер болып табылады.

 Алматы полициясы “Video-гид” жаңа ақпараттық жобасын іске қосты.

Бейнеблогты журналист Флора Алиева жүргізеді. Ол азаматтардың көкейкесті сұрақтары мен өтініштеріне жауап беру, сондай-ақ, тұрғындарды Алматы қаласының полициясымен байланыс арналары туралы хабарлау мақсатында құрылған.

 Қоғамдық қауіпсіздік сервистік модель арқылы қамтамасыз етіледі

Әр дүйсенбі сайын болатын ҚР Ішкі істер минстрлігінің баспасөз алаңындағы брифингтің бүгінгі тақырыбы полицияның сервистік қызметіне арналды. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасының орынбасары Алексей Милюк қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сервистік қызметтер жайлы баяндады.

Алексей Милюк баяндамасын Президенттің Ішкі істер министрлігіне берген тапсырмасын еске салудан бастады. Оның айтуынша, Тоқаев полиция қызметкерлеріне сервистік модельге көшу тіралы тапсырма берген.

«Ұлыбритания полициясының сервистік модельге өтуі 50 жыл бойы жүзеге асырылды. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, сервистік модель бірегей емес, ол арнайы бір мекенге бағытталмаған. Біз халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуіміз керек. Өйткені, сервистік модельге көшудегі басты субъект – бұл заңға бағынатын азаматтар. Біз бұл жағдайда менталитет пен мәдениетті, заңнама мен ресурстық мүмкіндіктерімізді ескеруіміз қажет», - деді ол.

 Милюк сервистік модельді дамытудың үш негізгі бағытынатап өтті.

«Біріншісі - әлеуетті қауіптердің алдын алуды жүзеге асыру тұруға бағытталған профилактикалық шаралар. Әдетте, мұндай проблемалар аналитикалық проблемалық амалдар арқылы шешіледі. Полиция өзге билік институттарымен бірге қолайлы жағдай тудыру үшін жұмыс істеуі керек. Екіншісі - «қадамдық қолжетімділік» принципі бойынша полицияға жүгіну процесін қолжетімді ету. Бұл мобильдік посттар, полиция қызметкерлерінің жеделдігін арттыру, сонымен қатар қызметтерді цифрландыру. Үшіншісі және ең бастысы - халықпен тығыз байланыс әрі әріптестік орнату керек. Жергілікті халықтың проблемасын жергілікті қауымдастықпен бірлесе отырып шешу қажет», - деді спикер.

Сервистік полиция моделінің пилоттық жобалары бар

Милюктің айтуынша, сервистік полиция моделінің тұжырымдамасы бойынша концепцияны әзірлеу жұмысы басталған.

«Бұл іс Қазақстан аймақтарындағы полиция қызметтерінде басталды. Пилоттық жоба 2019 жылдан бастап Қарағанды облысында жүзеге асты. Жобаға жергілікті әкімдік, жергілікті белсенді қауымдастық, денсаулық сақтау мен білім беру саласының қызметкерлері, прокуратура, әлеуметтік сала қызметкерлері, полиция академиясының оқытушылары қатысты. Бұл жобаның жасалуында шетелдік тәжірибе қолданылды. Мәселен, Канада мен Ұлыбритания осындай жобалар арқылы қылмыстар санын азайта алған», - деді ол.

Пилоттық жоба іске қосылған аймақта қауіпсіздікті сезіну бойынша волонтерлік ұйымдардың қатысуымен сауалнама жүргізілген. Сауалнама 3500 респондентті қамтыды.

«Анкета жүргізу карантиндік шектеу шараларына орай онлайн түрде жүргізілген. Арнайы топ «қауіпсіздік бойынша чек-лист» әзірлеп шығарды. Осы чек лист арқылы Қарағанды тұрғындарының өзін қаншалықты қауіпсіз сезінетінін анықтадық. Нәтиже қолымызға тигеннен кейін ұсыныстар мен амалдар енгізілді», - деді ол.

 Интернет қылмыстың түрлері көбейген

Милюк киберқылмыстардың алдын алу бойынша да полиция қызметкерлерінің қоғаммен қарым-қатынасын нығайтатын түрлі жобаның іске асып жатқанын айтты.

«Осындай жобалардың бірі – киберволонтерлердің қозғалысы. Қазіргі таңда ғаламтор арқылы жасалатын қылмыс түрлері күннен күнге көбейіп барады. Бұл қылмыс түрі де полиция қызметкерлерінің назарын өзіне аударып, жаңа тәсілдер енгізуді талап етіп отыр. Мұндай қылмыстарды әшкерелеуге қоғамның, IT саласын меңгерген белсенді азаматтардың көмегі аса қажет. Мұндай белсенділер, яғни «киберволонтерлер» полицияға ғаламтордағы ауқымды ақпаратты сүзгілеуге, заңға қайшы әрекеттерді құқық қорғау органдарына хабарлауға көмектеседі», - деп түсіндірді Алексей Милюк.


Барлық жаңалықтар