• Басты
  • ҚР экономикасының дамуы: Экономикалық өсімді ынталандыру үшін қандай шаралар қабылданып жатыр

ҚР экономикасының дамуы: Экономикалық өсімді ынталандыру үшін қандай шаралар қабылданып жатыр

12 Сәуір, 2021 10:35

ҚР әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021 жылғы қаңтар-наурыздағы қорытындысы туралы үкімет отырысына Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баян етті. Ол экономиканың әр салалары бойынша көрсеткіштерге тоқталып, экономикалық өсімді ынталандыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Министрдiң сөзiнше, биылғы бiрiншi тоқсанның қорытындысы бойынша макроэкономикалық көрсеткiштердiң жақсарғаны байқалып отыр. Кен өндiру өнеркәсiбiн есепке алмағанда, нақты сектордағы өсiм 7,9%-ға дейiн жеделдеген, ал негiзгi капиталға инвестициялар 34% деңгейде өскен.

«Жылдық инфляция 7,0%-ға дейiн баяулады. Нақты сектордың көп салалары тұрақты өсiмдi көрсеттi. Олардың қатарында құрылыс, сумен жабдықтау, өңдеу өнеркәсiбi, электрмен жабдықтау және ауыл шаруашылығы салалары бар. Сонымен қатар, ақпарат пен байланыс саласында 9,9%-ға өсiм байқалды», - дедi министр.

Нәтижесiнде, оның айтуынша, жалпы iшкi өнiмнiң өсу қарқыны осы жылғы қаңтар-ақпандағы минус 2,9%-дан қаңтар-наурызда минус 1,6%-ға дейiн жақсарған.

Сонымен қоса, ол өңдеу өнеркәсiбi салаларында өсу қарқынының жеделдеуi байқалатынын, сондай-ақ өсiм машина жасауда 21,8%-ға, оның iшiнде автомобиль құрастыруда – 20,7%-ға артқан. Ал, құрылыс материалдары өндiрiсi – 30,1%-ға, химиялық өнiмдер өндiрiсi – 14,2%-ға, пластмасса өнiмдерi өндiрiсi – 22,3%-ға, киiм өндiрiсi – 25,8%-ға, жиһаз өндiрiсi – 19,2%-ға, фармацевтика – 9,1%-ға өскен. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсiбiнде өсудiң жоғарылау үрдiсi сақталған, өсу 7,5%-ды құрады.

Өңдеу өнеркәсiбi: Қай өңiрлер өсiм және төмендеу көрсеттi

Әсет Ерғалиевтiң мәлiметiнше, 13 өңiр оң өсiм көрсеткен. Ең жоғарғы өсiм бетон, тазартылған алтын және темiржол локомотивтерi өндiрiсiнiң өсуi есебiнен Нұр-Сұлтан қаласында, сонымен бiрге металл конструкциялар, автобустар мен бетон өндiрiсiнiң өсуi есебiнен Алматы қаласында, ал темекi өнiмдерi мен аккумуляторлар өндрiсiнiң өсiмi есебiнен Алматы облысында байқалған.

«Өңдеу өнеркәсiбiнде төмендеу 3 өңiрде байқалып отыр. Атап айтсақ, бензин, керосин және мазут өндiрiсiнiң қысқаруы салдарынан Атырау облысында, болат құбырлар мен профильдер, бензин мен дизель отыны өндiрiсiнiң төмендеуi салдарынан Батыс Қазақстан облысында, мақта және табиғи уран өндiрiсiнiң азаюы салдарынан Түркiстан облысында төмендеу бар», - дедi ведомство басшысы.

Қай салаларға инвестиция тарту артты

Оның сөзiнше, көптеген өңiрлерде жоғары инвестициялық белсендiлiк сақталып отыр. Кен өндiру өнеркәсiбiн есепке алмағанда, инвестициялардың орташа өсiмi 34%-ды құраған.

«Инвестициялардың айтарлықтай өсiмiн өңдеу өнеркәсiбi – 2,4 есе, ақпарат және байланыс – 63%, ауыл шаруашылығы – 55%, көлiк – 42%, құрылыс – 39%, сауда – 29% және жылжымайтын мүлiкпен операциялар – 16% көрсеттi», - дедi Әсет Ерғалиев.

Сонымен қоса, ол күн электрстанциялары мен «Керуен-сарай» көпфункционалды туристiк кешенiн салу есебiнен Түркiстан облысында, өнеркәсiп нысандарын салу мен өндiрiс құрылғыларын алудың өсуi есебiнен Шымкент қаласында, тұрғын үй және әлеуметтiк нысандар мен инженерлiк инфрақұрылым салу есебiнен Алматы қаласында ең жоғарғы көрсеткiштер байқалатынын атап өттi.

Оның мәлiметiнше, инвестициялар бойынша 2 өңiр төмендеу көрсетiп отыр. Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының азаюы салдарынан Батыс Қазақстан облысында, Теңiз кен орнын келешекте кеңейту жобасы мен ұңғыма ернеуiнiң қысымын басқару жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының азаюы салдарынан Атырау облысында.

Құрылыс

Ал, құрылыс секторындағы өсу қарқыны жеделдеген. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемi 13,1%-ға артқан.

«Aktau Resort Hotel» көпфункционалды қонақүй туристiк кешенiнiң құрылысы бойынша жұмыстардың аяқталуына байланысты Маңғыстау облысын қоспағанда, барлық өңiрлер оң өсiм көрсеттi. Жоғары өсiм Түркiстан облысында мәдениет және спорт нысандары, көп пәтерлi тұрғын үйлер, магистралдық газ құбыры мен көлiк жолдары құрылысының ұлғаюына байланысты, Солтүстiк Қазақстан облысында денсаулық сақтау, бiлiм беру және ауыл шаруашылығы объектiлерiн салуға байланысты, Алматы қаласында – метро, бiлiм беру объектiлерiн салу және электр желiлерiн дамыту есебiнен байқалып отыр», - дедi министр.

2,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiлдi

Министрдiң дерегiнше, биыл қаңтар-наурызда 2,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiлген. Бұл өткен жылдың кезеңiмен салыстырғанда 8,6%-ға жоғары.

«Павлодар облысынан басқа барлық өңiрлер оң өсiм көрсеттi. Тұрғын үйдi ең көп 5,9 есе пайдалануға беру Шымкент қаласында байқалды», - деп толықтырды ол.

Ауыл шаруашылығы

Сонымен қатар, министр ауыл шаруашылығы саласында да 2,8% деңгейiнде тұрақты өсiм байқалған. Оның айтуынша, 13 өңiрде оң серпiн бар. Атап айтқанда, мал мен құс етi, сүт өндiрудiң артуы есебiнен Ақмола облысы ең жоғарғы өсiм көрсеткен. Ал, төмендеу Атырау және Солтүстiк Қазақстан облыстарында тiркелген.

Экономикалық өсiмдi ынталандыру шаралары

Қойылған мiндеттердi iске асыру үшiн орталық және жергiлiктi атқарушы органдарға экономикалық өсiмдi ынталандырудың бiрқатар шараларына назар аудару ұсынылды.

-        Шағын және орта бизнестi қолдау үшiн «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестiң жол картасы-2025», «Еңбек» және Ұлттық банктiң жеңiлдiкпен кредит беру бағдарламасы шеңберiнде жеңiлдiкпен кредит беру үшiн шағын және орта бизнес жобаларының пулын қалыптастыру қажет.

-        Инвестициялардың өсуiне жаңа серпiн беру мақсатында экожүйелер құру үшiн экономиканың басым секторларында iрi компаниялармен белсендi инвестициялық келiсiмдер жасауды жүргiзу қажет.

-        Агроөнеркәсiп кешенiндегi өсудi жеделдету үшiн қолда бар ресурстар мен құралдарды тиiмдi пайдалана отырып, көктемгi егiс жұмыстарын уақтылы жүргiзудi қамтамасыз ету қажет.

-        Бағаның өсуiне жол бермеу мақсатында Әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бағаны тұрақтандыру жөнiндегi жол картасының уақтылы және толыққанды орындалуын қамтамасыз ету қажет.

-        Жұмыспен барынша қамтуды қамтамасыз ету үшiн өңiрлiк еңбек нарықтарындағы ахуалға тұрақты мониторинг жүргiзу қажет. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында тұрақты жұмыс орындарын құруға басты назар аударылмақ.

Министрдiң пайымынша, жоғарыда көрсетiлген шараларды iске асыру, қазiргi жағдайда экономикалық белсендiлiктi қолдауға мүмкiндiк бермек.

Барлық жаңалықтар