• Басты
  • Жаңалықтар
  • ҚР экономикасы: ЖІӨ, инвестиция, сыртқы сауда және экономикалық белсенділікті ынталандыру шаралары

ҚР экономикасы: ЖІӨ, инвестиция, сыртқы сауда және экономикалық белсенділікті ынталандыру шаралары

12 Мамыр, 2021 10:12

Бүгін үкімет отырысында ҚР әлеуметтік-экономикалық дамуы (ӘЭД) 2021 жылғы қаңтар-сәуірдегі қорытындылары туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баян етті. Оның айтуынша, мемлекет қабылдаған шаралардың арқасында экономика саласы қайта қалпына келіп жатыр. Мәселен, биылғы ЖІӨ-нің өсу қарқыны 2020 жылғы наурыз айынан бері бірінші рет 0,7%-ды құраған. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Министрдiң дерегiнше, 2021 жылғы қаңтар-сәуiр қорытындылары бойынша жалпы iшкi өнiмнiң өсу қарқыны өткен жылғы наурыз айынан берi алғаш рет 0,7%-ды құрады. Қазақстан экономикасы қайтатан қалпына келуде. Қызмет көрсету саласының өсiмi де, iшкi сұраныс та жақсарған. 

Сонымен қоса, министр өңдеу өнеркәсiп салаларында да тұрақты өсiм байқалатынын атап өттi. Қызмет көрсету саласы оң өсiмдi көрсетiп отыр. Сонымен бiрге, экономиканың өндiрушi емес салаларында негiзгi капиталға инвестициялар айтарлықтай артқан. Жалпы алғанда, экономика өсiмiнiң құрылымда сапалы өзгерiстер байқалады.

«Экономика дамуының басты драйверi өткен жылдан берi нақты сектордың тұрақты өсiмi болып отыр. Ағымдағы жылдың есептi кезеңiнде кен өндiру өнеркәсiбiн есепке алмағанда, нақты сектордағы өсiм 7,9%-ды құрады», - дедi Әсет Ерғалиев.

Сонымен қатар, оның сөзiнше, құрылыс, ақпарат пен байланыс, өңдеу өнеркәсiбi, сумен және электрмен жабдықтау, ауыл шаруашылығы салаларының өсiмi жалғасуда. Бұл ретте, министрдiң мәлiметiнше, өңдеу өнеркәсiбi соңғы он жылдағы ең жоғары өсiмдi көрсеткен. Сондай-ақ, қызмет көрсету саласы қалпына келуде. Сауданың 5,7%-ға өсуi аясында қызмет көрсету секторы да оң өсiмге ие. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсiбi салаларында қарқынды және тұрақты өсiм байқалады, бұл саланың бәсекелестiкке қабiлеттi екенiн көрсетедi.

«Атап айтқанда, өсiм машина жасауда 20,6%, оның iшiнде автомобиль құрастыруда – 25,4%, құрылыс материалдарында – 26,5%, химиялық өнiмдер өндiрiсiнде – 11,2%, пластмасса өнiмдерi өндiрiсiнде – 18,5%, фармацевтикада – 26,2%, киiм өндiрiсiнде – 23,6% және жиһаз өндiрiсiнде – 19,5% деңгейiнде тiркелдi», - деп толықтырды министр.

Бұдан бөлек, ол өндiрушi емес салаларда жоғары инвестициялық белсендiлiк байқалатынын, бұл экономиканың тұрақты және сапалы дамуына диверсификация арқылы қол жеткiзуiне мүмкiндiк бередi. Сонымен қоса, кен өндiру өнеркәсiбiн есепке алмағанда, негiзгi капиталға инвестициялардың өсiмi 32,3%-ды құрады.

«Инвестициялардың айтарлықтай өсiмiн өңдеу өнеркәсiбi – 2,1 есе, құрылыс – 72%, ауыл шаруашылығы – 66%, ақпарат және байланыс – 61%, сауда – 28,3%, көлiк – 27,6% және жылжымайтын мүлiкпен операциялар – 27,5% деңгейiнде көрсеттi», - дедi Әсет Ерғалиев.

Министрлiктiң мәлiметiнше, қаңтар-наурызда сыртқы саудадағы тауар айналымы 19,7 млрд долларға жеткен, оның iшiнде экспорт – 11,5 млрд долларды құраған. Бұл ретте, шикiзаттық емес тауарлар экспорты 15%-ға өсiп, 4 млрд долларға дейiн жеткен. Сонымен қоса, тауарлар импорты 8,2 млрд долларды құраған. Осылайша, оң сауда балансы 3,3 млрд доллардан асып отыр. 

Сонымен қоса, министр жалпы өңдеу өнеркәсiбi бойынша өсiм 7,7%-ға дейiн жеделдеген. 13 өңiр өңдеу өнеркәсiбiнде оң өсу көрсеткен. Ең жоғарғы өсiм Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында және Алматы облысында байқалады. 

«Өңдеу өнеркәсiбiнде төмендеу 4 өңiрде, атап айтсақ, Батыс Қазақстан, Атырау, Түркiстан және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалып отыр. Көптеген өңiрде жоғары инвестициялық белсендiлiк орын алуда. Ең жоғарғы көрсеткiштер Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында, Түркiстан және Жамбыл облыстарында байқалады. Төмендеу Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында тiркелдi», - дедң ол.

Сонымен қатар, құрылыс саласы жоғары өсiм динамикасын көрсетуде. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемi 12,5%-ға ұлғайған. Батыс Қазақстан облысын қоспағанда, барлық өңiрлер оң өсiм көрсеткен. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының жоғарғы өсiмi Түркiстан, Қызылорда облыстарында және Алматы қаласында байқалуда.

Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысы да белсендi жүргiзiлiп жатқанын атап өттi. Ағымдағы жылғы қаңтар-сәуiр қорытындысы бойынша тұрғын үйдi пайдалануға беру 13,3%-ға өсiп, 3,5 млн шаршы метрдi құрады.

«Осыған байланысты Павлодар және Алматы облыстарынан басқа барлық өңiрлер оң өсiм көрсеттi», - дедi министр.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласы да тұрақты өсiм көрсетiп отыр. Өнiм шығару 3,0%-ға ұлғайды.

«13 өңiрде оң серпiн байқалып отыр. Ақмола облысы ең жоғарғы өсiмдi көрсеттi. Бұл ретте, төмендеу Атырау және Солтүстiк Қазақстан облыстарында тiркелдi», - дедi министр.

Жалпы, оның айтуынша, өсудiң тұрақты қарқыны мемлекеттiк қолдау шараларымен қамтамасыз етiледi. Олар ауылшаруашылық өңдеу саласын инвестициялауды ынталандыруға, ауылшаруашылық техниканың лизингiне, экономиканың өзiндiк жеткiлiктiлiгiн арттыру бойынша инвестициялық жобаларды iске асыруға бағытталған.

Сондай-ақ, министр орталық және жергiлiктi атқарушы органдарға бiрқатар шараларға назар аудару керегiн атап айтты. Олар:

1.           2021 жылға арналған экономикалық өсудi қалпына келтiру жөнiндегi өзектендiрiлген кешендi жоспарды тиiмдi iске асыру.

2.           Экономиканың басым секторларында iрi компаниялармен инвестициялық келiсiмдердi iс жүзiнде iске асыру.

3.           Ауыл шаруашылығы және құрылыс-монтаж жұмыстарының маусымын белсендi өткiзу.

4.           «Жұмыспен қамту жол картасы» және «Еңбек» бағдарламалары шеңберiнде таргеттелген тұрақты жұмыс орындарын құру.

5.           Жаңа «өсу факторларын» дамыту және өңiрлердiң экономикалық байланысын күшейту.

Оның пiкiрiнше, жоғарыда көрсетiлген шараларды iске асыру экономикалық белсендiлiктi ынталандыруға және осы жылғы экономикалық өсiмдi қамтамасыз етуге мүмкiндiк бермек.

Сонымен бірге үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2021 жылғы қаңтар-сәуірде мемлекеттік қаржының атқарылуы туралы айтты.

Кірістер бойынша

Министрліктің мәліметінше, мемлекеттік бюджетке 3 трлн 217 млрд теңге сомасында кіріс түскен. Жоспар 117,1%-ға атқарылған.  Ал, республикалық бюджетке 1 трлн 909 млрд теңге сомасында кірістер түсіп, жоспар 106,7%-ға атқарылған.

«Кірістер бойынша жоспар 120 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар 88 млрд теңгеге асыра орындалды. Асыра орындау негізінен импортқа салынатын қосылған құн салығы, мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы және корпоративтік табыс салығы есебінен қамтамасыз етілді», - деді министр.

Оның сөзінше, импортқа салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспардың асыра орындалуы өткен жылғы 1-тоқсанмен салыстырғанда, үшінші елдермен импорт көлемінің 9,4%-ға ұлғаюына байланысты болған. Бұл ретте, Қытай Халық Республикасынанан импорт ағымдағы жылғы 1-тоқсанда 47,4%-ға немесе 525 млн долларға, оның ішінде ағымдағы жылғы наурызда 2,2 есеге, яғни 348 млн долларға артқан. Сонымен қоса, Еуроазиялық экономикалық одақ елдерінен импортталған автокөлік құралдарының санының 24,3%-ға ұлғайған.

«Сонымен қоса, шикі мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша асыра орындау экспорттық кеден бажы мөлшерлемесінің ұлғаюына байланысты болды», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Оның айтуынша, корпоративтік табыс салығының асыра орындалуының негізгі себебі – пандемияның экономикаға теріс әсер етуіне байланысты өткен жылдың салық базасының төмендеуі. Ағымдағы жылы әлемде экономикалық белсенділіктің біртіндеп қалпына келуі негізгі экспорттық тауарлар бағасының орта есеппен 32,5%-ға өсуіне әсер етті. Бұл, оның мәліметінше, мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 11%-ға немесе 48 млрд теңгеге ұлғаюына әкелді.

Сонымен қатар, ведомство басшысы ағымдағы жылы қосылған құн салығын қайтарудың 1,6 есеге немесе 167,7 млрд теңгеге өсуі себебінен  ішкі тұтыну тауарларына қосылған құн салығы бойынша жоспар орындалмағанын еске салды.

Сонымен қоса, ол жергілікті бюджеттердің кірістері 136,7%-ға атқарылғанын және 1 трлн 308 млрд теңгені құрағанын атап өтті. Ал, жоспар 351 млрд теңгеге оның ішінде салықтар бойынша – 319 млрд теңгеге асыра орындалған. Оның айтуынша, барлық өңірде кірістер бойынша жоспарлар асыра орындалды.

Шығыстар бойынша

Министрдің сөзінше, мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,1%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,6%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,7%-ға атқарылған. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда бюджеттердің барлық деңгейлерінде атқарылу көрсеткіші жоғары. Республикалық бюджет бойынша сомасы 4,8 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Ал, 20 млрд теңге атқарылмаған, оның 7 млрд теңгесі үнемдеу мақсатында игерілмеген.

«Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Ішкі істер, Қорғаныс, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Білім және ғылым, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінде қалыптасты», - деді ол.

Игерілмеудің негізгі себептері:

-        конкурстық рәсімдердің ұзақ өткізілуі және уақтылы өткізілмеуі;

-        төлем нақты көрсетілген қызмет көлемі, орындалған жұмыс үшін жүргізілген; орындалған жұмыстар актілерінің, шот-фактуралардың уақтылы ұсынылмауы,

-        шарттарды ұзақ келісу

Ал, жергілікті бюджеттердің шығысы 2,1 трлн теңгені құраған. 28 млрд теңге атқарылмаған.

«Ағымдағы жылы өңірлерге 1,9 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 мамырға 456 млрд теңге бөлінген. Оның 98,9%-ы игерілген. 5 млрд теңге атқарылмаған, оның ішінде 1 млрд теңге – үнемдеу, 4 млрд теңге игерілмеген», - деді министр.

Оның мәліметінше, ең көп игерілмеу Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, Батыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында қалыптасқан.

Мемлекеттік аудит бойынша

Министрліктің хабарлауынша, ағымдағы жылғы 4 айдың ішінде камералдық бақылаумен сомасы 3,5 трлн теңгеге 395 мың мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылған. Тексеру қорытындылары бойынша 11 587 рәсім бойынша бұзушылықтар анықталды. Мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы 10 933 хабарламаны орындады.

«1 124 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен 604 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. 60 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізумен, қызметтерді көрсетумен және жұмыстарды орындаумен қалпына келтіру, бюджетке өтеу және есепке алу бойынша көрсету жолымен 44 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілері қызметінің тиімділігін жетілдіру және арттыру үшін 947 ұсыным берілді», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Мемлекеттік активтерді басқару бойынша

Министрдің мәліметінше, жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 673 нысанды сату көзделген. Есепті кезеңде сомасы 16,6 млрд теңгеге 22 нысан сатылған және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілген.

«20 нысан сатылымға қойылды. 5 объекті таратылуға жіберілді. Алдағы уақытта 626 объектіні өткізу керек мәселесі тұр», - деп сөзін аяқтады министр.  

Барлық жаңалықтар