• Басты
  • ҚР экономикасы: Экспорт, импорт, инвестиция және экономиканы қолдау шаралары

ҚР экономикасы: Экспорт, импорт, инвестиция және экономиканы қолдау шаралары

10 Желтоқсан, 2020 13:20

Бүгін үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 2020 жылғы қаңтар-қарашадағы ҚР әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы жөнінде баяндады. Оның мәліметінше, қазан айымен салыстырғанда қарашадағы көрсеткіштер жоғары, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

«Нақты сектордың өсуі 2%-ға дейін жеделдеді. Қызмет көрсету саласының өсу қарқыны минус 5,9%-ға дейін жақсарды. Нәтижесінде, жалпы ішкі өнімнің өсуі минус 2,8% деңгейінде қалыптасты. Жылдық инфляция 7,3% құрады», - деді министр.

Сонымен қоса, оның дерегінше, кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, инвестиция көлемі 17,3%-ға өскен. Инвестициялардың елеулі көлемі тұрғын үй құрылысына, көлік, өңдеу өнеркәсібі, оның ішінде азық-түлік өнімдері, ауыл шаруашылығы салаларына тартылған. Ал экономиканы кредиттеу жыл басымен салыстырғанда 4,2%-ға ұлғайған. Кредиттердің ең жоғары өсуі байланыс саласында (21,2%), құрылыста (6,9%), ауыл шаруашылығында (5,3%) және өнеркәсіпте (4,2%) байқалуда.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 8,9%-ға ұлғайған. Бұл, Руслан Дәленовтың сөзінше, тұтынушылық кредиттердің (+1,4%) және жалпы экономиканы кредиттеудің өсуінен жоғары.

Экономиканы қолдау шаралары

Сонымен қоса, министр экономиканы қолдау шаралары белсенді жүзеге асырылғанын еске салды. Жұмыс орындарын сақтау және құру үшін Жұмыспен қамтудың жол картасы іске асырылуда.

«Зардап шеккен салалар үшін салықтық ынталандыру шаралары қабылданды.

Кредиттер бойынша төлеуді кейінге қалдыру ұсынылды. Шағын және орта бизнесті жеңілдікпен кредиттеу құралдары едәуір кеңейтілді. Кредиттерді жеңілдікті шарттармен қайта қаржыландыру ұсынылуда. Сондай-ақ, Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар шеңберінде салалық қолдау шаралары іске асырылуда», - деді министр.

Өңдеу өнеркәсібі

Министрдің мәліметінше, өңдеу өнеркәсібі салаларында серпінді өсім сақталуда. Атап айтқанда, фармацевтика – 39,5%, жеңіл өнеркәсіп – 15,5%, машина жасау – 16,4%, оның ішінде автомобиль жасау – 52,6% деңгейінде жоғары өсу қарқынын көрсеткен.

Қызмет көрсету

Қарашаның көрсеткіштері бойынша, қызмет көрсету секторының жанданғаны байқалып отыр. Атап айтқанда, сауда 17,1%-ға, ойын-сауық және демалыс – 17%, техникалық қызмет – 15,9%, тұру және тамақтану бойынша қызметтер – 10,5%, білім беру – 7,6%, байланыс – 4,5%, техника мен бұйымдарды жөндеу – 3,5%-ға ұлғайған.

Сыртқы сауда

Руслан Дәленовтың айтуынша, 10 айда сыртқы сауда айналымы 70,5 млрд долларды құрады. Экспорт 39,2 млрд долларды, импорт – 31,3 млрд долларды құрады. Осылайша, 7,9 млрд доллар деңгейінде сауда теңгерімінің оң сальдосы сақталды.

Құрылыс

«Құрылыс секторы өте жоғары өсуді көрсетіп отыр. Орындалған жұмыстардың көлемі 12,1%-ға өсті», - деді министр.

Оның дерегінше, белсенді құрылыс жұмыстары Түркістан (83,6%-ға) және Жамбыл (49,1%-ға) облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында (59,3%-ке) байқалады.

Сонымен қоса, министр іскерлік белсенділікті қалпына келтіру бойынша қабылданып жатқан шараларды ескере отырып, орталық және жергілікті атқарушы органдар назар аударуы керек аспектілерге тоқталды. 

1.       Өңірлік тұрақтандыру қорларын пайдалану арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының маусымдық өсуіне жол бермеу.

2.       Өңдеу өнеркәсібі мен құрылыста қол жеткізілген өсу қарқынын төмендетпеу.

3.       Жергілікті атқарушы органдардың инвестициялық жобалар пулын сапалы іске асыру.

4.       Дағдарысқа қарсы шаралар бойынша қаражаттың тиімді игерілуін және жыл қорытындысы бойынша өсудің нысаналы индикаторларына қол жеткізуді қамтамасыз ету.

5.       Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде тұрақты жұмыс орындарының үлесін ұлғайту.

6.       Қаржы жылын толыққанды аяқтау және экономикаға қаражатты жылдам енгізу үшін келесі жылға арналған рәсімдерді дайындау.


Барлық жаңалықтар