• Басты
  • ҚР ӘЭД: Инвестиция, ЖІӨ, тұрғын үй және экономикалық өсімді ынталандыру шаралары

ҚР ӘЭД: Инвестиция, ЖІӨ, тұрғын үй және экономикалық өсімді ынталандыру шаралары

11 Наурыз, 2021 10:46

Бүгін үкімет отырысында 2021 жылғы қаңтар-ақпандағы ҚР әлеуметтік-экономикалық дамуы (ӘЭД) жөнінде Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баян етті. Оның айтуынша, эконмиканың бірқатар саласы айтарлықтай өсім көрсетіп отыр. Толығырақ Strategy2050.kz  тілшісінің материалында. 

Министрдің сөзінше, биылғы ақпан айының қорытындысы бойынша, көптеген елдерде белсенді вакциналауды жүргізу нәтижесінде эпидемиологиялық ахуал жақсаруда. Тәулігіне ковидпен ауырғандардың саны 2021 жылғы қаңтардың ортасымен салыстырғанда 46%-ға төмендеген, ал Қазақстанда - 59%-ға төмендеді.

«ОПЕК+ елдерінің келесі айға мұнай өндірісін шектеуді сақтау бойынша қабылдаған шешімі әлемдік тауар нарықтары конъюнктурасына оң әсерін тигізді. Бүгінгі таңда Brent мұнай маркасының бағасы барреліне 67 долларды құрап отыр», - деді Әсет Ерғалиев.

Сонымен қатар, ол металл бағаларының қалпына келіп жатқанын атап өтті. Биылдан бастап металл бағаларының орташа өсімі 7% құрады. Мыстың бағасы - 15,8%-ға, алюминийдің бағасы - 9,4%-ға, мырыштың бағасы - 1,7%-ға өсті. Жалпы,оның сөзінше, іскерлік белсенділіктің жедел қалпына келуінің басты шарты эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруы.

Жалпы ішкі өнім

Бұдан бөлек, ол биыл ақпанда халықаралық рейтингтік агенттіктер – Moody’s, Fitch Ratings және Standard and Poor’s Қазақстанның егемендік кредиттік рейтингін пандемияға дейінгі инвестициялық деңгейде растағанын еске салды. Оның айтуынша, пандемия жағдайында Қазақстанның егемендік кредиттік рейтингінің растауының басты факторлары қатарына экономиканың нақты секторының өсу орнықтылығының жоғары деңгейі, экономика мен халық табысын қалыпқа келтіруші өсудің жоғары әлеуеті, дағдарысқа қарсы шараларды қалыптастыру икемділігі мен тиімділігі, сондай-ақ едәуір фискалдық резервтер жатады.

«Осының аясында халықаралық рейтингтік агенттіктер 2021 жылға Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсуін 3,2-3,8% деңгейінде болжап отыр. Ағымдағы жылғы қаңтар-ақпанда макроэкономикалық көрсеткіштер оң үдерсті көрсетті. Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, нақты секторда өсу 6,3%-ға дейін жеделдеді», - деді министр.

Сондай-ақ, негізгі капиталға инвестициялар кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, 13,3%-ға өскенін атап өтті. Ал, жылдық инфляция 7,4% деңгейінде сақталды. Оның дерегніше, кен өндіру өнеркәсібінен басқа, нақты сектордың барлық салалары тұрақты өсуді көрсетті. Олар құрылыс, сумен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі, электрмен жабдықтау және ауыл шаруашылығы салалары. Сонымен қатар, ақпарат пен байланыс саласы 9,4%-ға өсім көрсеткен.

«Нәтижесінде, жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны ағымдағы жылғы қаңтардағы минус 4,5%-дан қаңтар-ақпанда минус 2,9%-ға дейін жақсарды», - деді Әсет Ерғалиев.

Өңдеу өнеркәсібі

Сонымен қоса, министр өңдеу өнеркәсібі салаларында тұрақты өсім сақталғанын тілге тиек етті. Өсудің жеделдеуі машина жасауда 21,2%-ға, құрылыс материалдары өндірісінде 22,9%-ға, химиялық өнімдер өндірісінде 14,1%-ға, пластмасса өнімдері өндірісінде 14,2%-ға, киім өндірісінде 19,9%-ға, жиһаз өндірісінде 15,7%-ға, фармацевтикада 9,2%-ға дейін байқалады. Жоғарғы өсу автомобиль құрастыруда 19,6% деңгейінде сақталған.

«Өңдеу өнеркәсібі серпінді қарқынмен өсуде. Өсім 6,1% құрады. 14 өңір оң өсу көрсетті. Ең жоғарғы өсу темекі өнімдері мен электрлік аккумуляторлар өндрісінің өсуі есебінен Алматы қаласы мен Алматы облысында, тауарлық бетон, тазартылған алтын және теміржол локомотивтері өндірісінің өсуі есебінен Нұр-Сұлтан қаласында байқалады», - деді ол.

Министрдің мәліметінше, өңдеу өнеркәсібінде төмендеу 3 өңірде байқалады. Атап айтқанда, мұнай өңдеу өнімдері өндірісінің қысқаруы салдарынан Атырау облысында, ет өңдеу және трансформаторлар өндірісі көлемдерінің азаюы салдарынан Батыс Қазақстан облысында, трансформаторлар мен мақта өндірісінің азаюы салдарынан Түркістан облысында.

Сонымен бірге, ол ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту бойынша жұмыс белсенді жүргізіліп жатқанын атап өтті. Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, инвестициялардың орташа өсуі 13,3% құраған.

Сондай-ақ, экономика салаларының көбінде негізгі капиталға инвестициялар серпінді қарқынмен өсіп жатқанын айтты. Инвестициялардың айтарлықтай өсуін ақпарат және байланыс – 2,1есе, өңдеу өнеркәсібі – 85%, көлік – 56%, ауыл шаруашылығы – 40%, сауда – 31%, құрылыс – 25% және жылжымайтын мүлікпен операциялар – 18% деңгейінде көрсеткен. 

«Көптеген өңірлер жоғарғы инвестициялық белсенділікті көрсетуде. Ең жоғарғы көрсеткіштер өнеркәсіп нысандарын салу мен өндіріс құрылғыларын алудың өсуі есебінен Шымкент қаласында, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қайта жаңғырту есебінен Жамбыл облысында, күн электрстанциялары мен көпфункционалды туристік кешенін салу есебінен Түркістан облысында байқалады», - деді министр.

Инвестиция

 

Министрдің мәліметінше, инвестициялар бойынша 4 өңір төмендеу көрсетіп отыр. Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының азаюы салдарынан Батыс Қазақстан облысында, Теңіз кен орнын келешекте кеңейту жобасы мен ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының азаюы салдарынан Атырау облысында, өнеркәсіп кәсіпорындарының негізгі капиталға инвестициялар көлімінің қысқаруы салдарынан Павлодар облысында және көпфункционалды қонақүй-туристік кешен құрылысының аяқталуы салдарынан Маңғыстау облысында төмендеу тіркелген.

«Құрылыс секторы жоғары өсу қарқынын көрсетуде. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 9,7% ұлғайды. Мәдениет және спорт нысандары, көппәтерлі тұрғын үйлер мен инженерлік ғимараттар құрылысының өсуі есебінен Түркістан облысында, денсаулық сақтау және тау-кен өнеркәсібі нысандары, инженерлік жүйелер құрылысы есебінен Ақмола облысында, денсаулық сақтау нысандары, көппәтерлі тұрғын үйлер мен автокөлік жолдарының құрылысы есебінен Шымкент қаласында жоғары өсу байқалады», - деді Әсет Ерғалиев.

Оның сөзінше, магистральдық құбыр салу бойынша жұмыстардың қысқаруына байланысты Батыс Қазақстан облысында, автокөлік жолдарын, көпірлер мен өнеркәсіп нысандарын салу бойынша жұмыстардың қысқаруы есебінен Жамбыл облысында төмендеу көрсеткіші тіркелген.

Тұрғын үйді пайдалануға беру

Министрдің дерегінше, биыл қаңтар-ақпанда 1,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 12,8%-ға жоғары. 2021 жылғы жоспарланған 17 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беруді қамтамасыз ету үшін осы серпінді сақтау қажеттігін еске салды.

«Барлық өңірлер оң өсу көрсетті. Тұрғын үйді пайдалануға берудің ең үлкен көрсеткіші Шымкент қаласында – 4,6 есеге өсіп отыр», - деді министр.

Ауыл шаруашылығы

Министрдің мәліметінше, ауыл шаруашылығында 3,1% деңгейінде тұрақты өсім байқалды. 

«13 өңірде оң серпін байқалып отыр. Мал мен құс еті, сиыр сүтін өндірудің артуы есебінен Ақмола облысы ең жоғарғы өсуді көрсетті. Бұл ретте, тауық жұмыртқасы өндірісінің төмендеуіне байланысты Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарында төмендеу тіркелд», - деді ведомство басшысы.

Экономикалық өсімді ынталандыру шаралары

Министр қойылған міндеттерді іске асыру үшін орталық және жергілікті атқарушы органдарға экономикалық өсімді ынталандырудың бірқатар шарасына назар аударуды ұсынды.

1.               Инфрақұрылымды одан әрі дамыту аясында «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары, «Ауыл – Ел Бесігі» жобасы шеңберінде белсенді құрылыс жұмыстарының маусымын жедел іске қосу қажет.

2.               Іскерлік белсенділікті ынталандыру үшін қаржыландыру мен сұраныс нарықтарына қолжетімділікті қамтамасыз ету, шағын және орта бизнеске ауыртпалықты төмендету арқылы тікелей әрекет ететін шұғыл шараларды тиімді орындау қажет. Аталған шаралар ағымдағы жылғы 4 наурызда Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысында қабылданды.

3.               Біз көріп отырғандай, нақты сектор сыртқы қолайсыз жағдайларға тұрақты болып отыр, сондай-ақ экономиканың сапалы өсуі үшін жоғарғы әлеуетке ие. Сол себепті, индустрияландыру картасы және агроөнеркәсіп кешеніндегі импортты алмастыру бойынша жобаларды белсенді іске асыру қажет.

4.               Нарықты азық-түлік тауарларымен белсенді толтыруды қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсуіне жол бермеуді ерекше бақылауға алу қажет.

5. Экономиканы сапалы және тұрақты дамытудың базалық шарты инвестицияларды белсенді тарту және инвесторлармен нақты жұмыс жасау болып табылады.

Барлық жаңалықтар