• Басты
  • ҚР Денсаулық сақтау жүйесі: көлік медицинасы, дәрігерлер жалақысы, ана өлімі, пандемиямен күрес шаралары

ҚР Денсаулық сақтау жүйесі: көлік медицинасы, дәрігерлер жалақысы, ана өлімі, пандемиямен күрес шаралары

30 Сәуір, 2021 13:32

Бүгін ҚР Денсалық сақтау министрі Алексей Цой 2020 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, қазіргі эпидахуал мен алдағы міндеттемелер туралы айтып, халық алдында есеп берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Денсаулық сақтау жүйесіндегі жаңа басымдықтар қандай?

Алексей Цой өзінің баяндамасының басында денсаулық сақтау жүйесі жиі сынның астына қалатынын айтып, сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында ол басқарып отырған ведомство қызметтегі міндеттері мен басымдықтарын айқындағанын айтты.

Оларға қысқаша тоқталған министр ең бірінші кезекте халыққа медициналық қызмет көрсету сапасының жақсаруына назар аударылып жатқанын айтты. Бұл іс МӘМС арқылы жүзеге асады.

Сонымен қатар:

- алғашқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау;

- көлік медицинасын күшейту;

- барлық өңірлерде ірі заманауи ауруханалар, сондай-ақ инфекциялық стационарлар салу; 

- ауыл тұрғындарын фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз ету;

- медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру;

- медициналық ұйымдарды кадрлық ресурстармен қамтамасыз етудің 10 жылдық болжамын қалыптастыру;

- медициналық және фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту.

Халықтың өмір сүру ұзақтығына коронавирус қалай әсер етті?

Министр өз есебінде Қазақстанда халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуі байқалатынын айта кетті.

«2020 жылдың қорытындысы бойынша нәресте өлімінің көрсеткіші 3%-ға төмендеді. Бала туу көрсеткіші 3%-ға өсті. Қатерлі аурулардан болатын өлім көрсеткіші 3%-ға төмендеді. Бірлескен ведомствоаралық жұмыстың арқасында жарақаттардан, жазатайым оқиғалардан және уланудан болатын өлім көрсеткіші 15%-ға төмендеді», - деп сендірді Алексей Владимирович.
 

Сонымен қатар ол айтқандай, туберкулез сияқты қауіпті аурудан болатын өлім 21%-ға төмендеді. Министр бұл сандардың артында дәрігерлердің еңбегі мен адам өмірі тұрғанын еске салды.

«Сондай-ақ ішкі істер қызметтерінің, жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың қызметі тұрғанын атап өткен жөн. Тіпті өлімнің кем дегенде 1%-ға төмендеуі де үлкен жетістік болып табылады, өйткені ел ауқымында бұл пайыздың артында мыңдаған адамның өмірі жаты», - деді ол.
Десе де, өткен жылғы көрсеткіш бойынша, ана өлімі көбейген. Ана өлімі 2,6 есеге өсті (2019 жылы – 13,7, 2020 жылы – 100 мыңға 36,5). 
«Сондай-ақ, жүрек-қантамыр жүйесі ауруларынан болатын өлімнің 15%-ға өскені байқалады», - деді.
Министр мұны коронавирус пандемиясымен байланыстырады.
«Осы проблемаларды шешу үшін біз бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдадық. Қысқа мерзім ішінде азаматтарымыздың денсаулығын сақтауға бағытталған айтарлықтай күштер мен қаражат жұмылдырылды», - деп айтты Цой.
 Алғашқы медициналық көмектің сапасы қалай өзгерді?

 Министр баяндамасында алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігі мен сапасына тоқталды. Айтуынша, бұл бағытта шаралар жасалып жатыр.

«Бүгінгі таңда халыққа медициналық қызметтерді   7 мыңнан астам амбулаториялық-емханалық ұйым көрсетеді, оның ішінде мемлекеттік 59%, жеке меншік - 41%», - деді ол.
Учаскелік дәрігердің жүктемесін азайту үшін біз 2020 жылы қосымша жалпы практика дәрігерлерінің 480 учаскесі ашылған. Сонымен қоса. медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында ел өңірлерінде 63 амбулаториялық-емханалық нысан салынып, пайдалануға берілген. Жалпы бұл бағыттағы жұмысты алға жылжыту үшін денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржының 52,4%-ы жұмсалған.

 Министр қант диабеті, гипертония және жүрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі бойынша аурулардың назарда екеніне тоқталды. Бұл ауруларды басқару бағдарламалары жасалып атыр. Себебі, осы аурулардан зардап шеккендер көп.

Мобильдік медицина жайы да сөз болды.

«Біз мобильдік медицинаны белсенді енгізудеміз. Үйде медициналық көмек көрсету үшін мобильдік бригадалардың саны 3 мың 700-ге жетті, оның 49%-ы ауылда.  Бұл ретте, 2020 жылы олар 750 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетті. Бұл үйде КВИ бар науқастарға медициналық көмек көрсетуде маңызды рөл атқарды», - деді ол.
 Ана мен бала денсаулығы қалай қорғалады?

Денсаулық сақтау министрі ана мен баланы қорғау мәселесіне тоқталды. Статистикалық деректерге сәйкес 2021 жылғы  1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде бала туатын жастағы 4 млн.645 мың әйел өмір сүрген, бұл 2019 жылдың ұқсас кезеңінің көрсеткіштерінен 26 мыңға артық.

«Жүкті әйелдердің саны 436 мыңға жуық болды, олардың саны 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда 21 мыңға артты.Сонымен қатар, 2020 жылы босану саны өткен жылмен салыстырғанда 22 мыңға артты», - деді ол.
Өткен жылы тірі туылған балалар саны 427 мыңнан астам адамды құрады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 24 мыңға көп.
«Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын іске асыру шеңберінде біз экстракорпоралдық ұрықтандыруға квоталар санын 2020 жылғы 1 105-тен 2021 жылы 7 мыңға дейін ұлғайттық. Жыл сайын халыққа 7 мың квота берілетінін  айта кету керек», - деп қосты Цой.
Балалардың денсаулығын сақтау мақсатында скринингтік тексерулер болады. Министр берген дерекке сүйенсек, 2020 жылы скринингпен 4 млн.астам бала қамтылды, оларда 400 мыңға жуық ауру анықталды, оның ішінде 151 мыңнан астам адам есепке алынды.
«Айта кету керек, біз Балалар кардиохирургиялық қызметін дамыту бойынша шаралар қабылдап жатырмыз. Соңғы 3 жылда балаларға 7 мыңға жуық кардиохирургиялық араласу жүргізілді.2020 жылы ашық жүрекке 1 627 операция, 426 эндоваскулярлық операция жасалды», - деді ол.
Сондай-ақ, балалар онкологиялық қызметін дамыту жалғасуда. 5 жылдың ішінде 210 сүйек кемігін транспланттау жүргізілді. Қатерлі ісіктері бар балалардың жалпы өмір сүру деңгейі қазіргі уақытта 74% құрайды.

 Медицина саласындағы жаңа әдістер мен технологиялар қандай?

 Алексей Цой медицина саласындағы жаңа технологиялар туралы айта келе, трансплантациялау технологияларына тоқталды. Айтуынша, бұл ретте белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«2020 жылы 112 транспланттау жасалды.Сонымен қатар өткен жылы 3D басып шығару технологиясы бойынша жеке үлгіленген жасанды омыртқалы денені (протезді) орнату, бас сүйек нервтерінің микроваскулярлық декомпрессиясы кезіндегі эндоскопиялық ассистенция сияқты жаңа технологиялар енгізілді», - деді министр.
Министр 2021 игерілетін технологиялар туралы айтты. Олар:

- гамма-пышақ аппаратын қолданумен ОЖЖ ауруларын емдеудің радиохирургиялық әдісі;

- жүрекішілік стимуляторды транскатетерлік импланттау.

Сонымен қатар, Семей қаласында Ядролық медицина орталығының құрылысы аяқталды. Орталықтың толық қызмет спектрі ағымдағы жылдың маусым айынан бастап көрсетілетін болады. 

«Сондай-ақ, биыл Назарбаев Университеті жанынан Балалар кардиохирургиялық орталығын ашу жоспарлануда», - деді ол.
 Қазақстанда қанша дәрігер бар?

Министр денсаулық сақтау жүйесіндегі кадрлық саясатқа тоқталды.

Қазақстанда дәрігерлер саны 76 мың штаттық бірлікті құрайды, оның 32 мыңы-бейінді мамандар.

«2020 жылдың қорытындысы бойынша республикада дәрігер кадрлармен қамтамасыз ету 10 мың тұрғынға 40,5-ті құрады. Сонымен қатар, 2020 жылы медициналық жоғары оқу орындары 2 171 түлек дайындады», - деді ол.
Ауылдық жерге жұмысқа келген жас мамандар әлеуметтік қолдау шараларымен қамтамасыз етілетінін жеткізді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 836 маманға көтерме жәрдемақы берілген. Ал 235 адам тұрғын үймен қамтамасыз етілді, 73 дәрігерге өзге де әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді.

Медициналық ұйымдарды білікті кадр ресурстарымен жасақтау үшін біз мынадай шаралар көзделіпті. Олар:

-Медицина қызметкерлерін даярлауға гранттар санын ұлғайту.

-Дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізу.

-Медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен, 2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақыдан екі жарым есе жоғары деңгейге дейін көтеру.

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 247 мың медицина қызметкерінің жалақысы, дәрігерлерге 30%-ға, орта медицина қызметкерлеріне 20% - ға өскен.

«Осылайша, 2023 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 561 мың теңгені, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 210 мың теңгені құрайды», - деді ол.
Пандемиямен күрестің нәтижелері қандай?

Алексей Цой 2020 жылғы панемиямен күрес мәселесін айтты. Бәріңізге белгілі, өткен жылдың 16 наурызында Мемлекет басшысы төтенше жағдай режимін енгізді.

2020 жылдың 5 шілдесінен бастап шектеу шараларын күшейту туралы шешім қабылданды. Бұл шаралардың енгізілуі республикадағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына әкелді.

«Өткен жылдың шілдесінен бастап қазіргі уақытқа дейін біз Сovid – 19-ға қарсы іс-қимыл аясында халыққа медициналық көмек көрсету бойынша бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдадық. Осылайша, біз пациенттер легінің аражігін ажырату, сондай-ақ емханаларда сүзгі кабинеттерін ұйымдастыру арқылы медициналық-санитариялық алғашқы көмек қызметтеріне толық қолжетімділікті қамтамасыз еттік», - деп есеп берді Цой

АДҚ тізбесі 5 атауға кеңейтілді (парацетамол және Ибупрофен қызу түсіретін препараттары, Ривароксабан, Апиксабан және Дабигатран антикоагулянттары).

Медициналық-санитарлық алғашқы көмек қызметін күшейту бойынша қабылданып жатқан шаралардың арқасында ЖМК бригадаларына шақырулар саны 2020 жылмен салыстырғанда айына 700 мыңнан айына 600 мыңға дейін, оның ішінде COVID – 19 бойынша шақырулар 88 мыңнан  27 мыңға дейін қысқарған.

Жедел медициналық көмек қызметінің автопаркі үшін қосымша 1 167 бірлік автокөлік сатып алынды. 

Шалғайдағы ауылдық елді мекендерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында қосымша 100 жылжымалы медициналық кешен сатып алынды. Осылайша, қолданыстағы 49 ПМК ескере отырып, олардың жалпы саны – 149 құрады.

Дәрілік қамтамасыз етумен іркілістерді болдырмау үшін бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында Сovid-19 емдеуге арналған дәрілік заттардың 38 позициясы бойынша 6 млрд.теңгеден астам сомаға препараттардың 2 айлық қоры айына 60 мың пациентті қамту үшін қалыптастырылды.  Қазіргі уақытта зертханалық ПТР-тестілеудің қуаты тәулігіне 123 мыңға дейін жеткізілді.

 «Қалаларда уақытылы медициналық көмек көрсету үшін 16 модульдік инфекциялық  ауруханасы салынды. 36 мыңға жуық төсек-орын оттегімен қамтамасыз етілген. Медициналық ұйымдардың ӨЖЖ аппараттарына қажеттілігі толық қамтамасыз етілді», - деді ол.

Жаңа ІТ технологиялар жұмысты жеңілдетті ме?

Алексей Цой пандемиямен күрес уақытындағы IT технологиялардың қолданысқа енгенін айтты.

«Халыққа иммунопрофилактика жасау үшін біз e-gov mobile «Вакцинация» сервисін, sms-хабарламаларды, жеке кабинетті пайдалану, сондай-ақ «Цифрлық құжаттар» сервисіне вакцинация паспортын енгізу арқылы IT-технологиялардың мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланамыз», - деді ол.

Вакцинация паспорты мынадай деректерді қамтиды: адам қандай препараттар алды, қандай дозаларда, қандай күндерде (3 тілде іске асырылды);

- QR-кодтың көмегімен құжатты талап ету орны бойынша көрсету және қолжетімділікті ашу мүмкіндігін ұсынады.

Вакцинациялау паспорты вакцинаның 2 компонентін алуына қарай беріледі.

Қазіргі уақытта вакцинация паспортын біріктіру үшін IATA халықаралық әуе көлігі қауымдастығымен ынтымақтастық мәселесі қарастырылуда.

Вакцинация паспортын «Ashyq» қосымшасымен біріктіру 2021 жылғы 1 шілдеден бастап жүзеге асырылады.Шектеу шаралары мен бизнес жұмысы арасында баланс орнату мақсатында 2021 жылғы қаңтарда «Ashyq» мобильдік қосымшасын енгізу бойынша пилотты іске асыру басталды.

«Бұл қосымша республиканың барлық өңірлеріне ауқымдандырылған, бұл оған қатысушыларға шектеу шаралары режимінде жұмыс істеуге мүмкіндік берді», - деп айтты министр.

Денсаулық сақтау саласындағы жемқорлықпен күрес қалай жүргізілмек?

Соңғы уақытта  денсаулық сақтау ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлық туралы көп айтылады. Цой бұған да есеп берді.

Осыған байланысты, біз Денсаулық сақтау министрлігінің, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының және СҚ-Фармацияның қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдауды ұйымдастырдық.

«ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп Денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау жөніндегі Жол картасы әзірленді», - дейді ведомство басшысы.

Сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін денсаулық сақтау жүйесінде «Адалдық алаңы» жобалық офисі құрылды.

Жобалық офисінің міндеттері:

- тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою және медициналық ұйымдарда қолайлы жағдай жасау;

- халықты және медициналық ұйымдарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің мониторингі;

- ашықтық, транспаренттілік және есептілік қағидаттарында азаматтық қоғаммен ынтымақтастықты қамтамасыз ету.

Бұдан басқа  қазіргі уақытта жобалық офис өңірлік денсаулық сақтау басқармаларымен белсенді жұмыс жүргізуде.

Министрлікке барлық байланыс арналары арқылы келіп түскен жеке тұлғалардың 857 мың өтініші қаралды.

 Цой 2021 жылдан не күтеді?

ҚР Денсаулық сақтау министрі 2021 жылғы жоспарлармен бөлісіп, алдағы міндеттемелер туралы айтып берді.

Ол «Дені сау ұлт» Ұлттық жобасын іске асыру арқылы күтетін нәтижелерді баяндады. Ол:

- барлық көздерден келіп түсетін  денсаулық сақтауды қаржыландыру көлемін елдің ЖІӨ-нің 5% -ға  дейін ұлғайту;

- экстракорпоралдық ұрықтандыруды жүргізуге жыл сайын 7 мың квота бөлу;

- өңірлерде 20 қазіргі заманғы медициналық орталық салу;

- ауылдық елді мекендерде 137 фельдшерлік-акушерлік, медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар ашу;

- МӘМС қаражаты есебінен әрбір азамат үшін қымбат тұратын медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету;

- дәрігерлердің орташа жалақысын экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есеге ұлғайту;

- отандық өндірістің дәрілік заттары мен медициналық бұйымдарының үлесін 50% - ға  дейін (құндық мәнінде) ұлғайту.

 Нәтижесінде денсаулық сақтау жүйесі мынадай бағыттар бойынша жетілдірілетін болады:

1.      Ауылға басымдық бере отырып, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру.

2.      Медициналық-санитариялық алғашқы көмекті одан әрі күшейту.

3.      Медицина қызметкерлері құзыреттерінің өсуін ынталандыру.

4.      Халық үніне құлақ асатын денсаулық сақтау.

5.      Пациенттің дәрілік және биологиялық қауіпсіздігі.

"Бұл бағыттардың барлығы цифрлық технологияларды қолдану арқылы іске асырылатын болады.Осылайша, пациентке бағдарлану денсаулық сақтау жүйесін одан әрі орнықты дамытудың іргетасы болып табылады", - деп қорытты Алексей Цой.


Барлық жаңалықтар