• Басты
  • ҚР Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың екінші толқынына дайын ба
20 Тамыз, 2020 10:20

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың екінші толқынына дайын ба

Қазір әлем бойынша коранавирустың екінші толқыны туралы айтып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі күз бен қыс мезгілінде мерзімдік тұмаумен қосылып, ауру өршуі мүмкін деп ескертеді. Күз мезгіліне Денсаулық министрлігі қандай дайындық жасап жатқанын және әрбір адам білуі тиіс сақтық шаралары туралы Strategy2050.kz материалында.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың екінші толқынына дайын ба

Күзде инфекция өршуі мүмкін

Елімізде коронавирус инфекциясының індеті әлі аяқталған жоқ. Біз күзде келетін екінші толқынға дайын болуымыз керек. Қазан айында жедел респираторлы вирустық инфекциялар (ОРВИ) мен тұмау мерзімі басталғанда коронавирус инфекциясы өршуі мүмкін, - деп жазды Бас дәрігер өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметовтің айтуынша, соңғы 5-7 жылдың ішінде Қазақстанда қазан мен наурыз аралығында ЖРВИ мен тұмауға шалдыққандардың жалпы саны 600 мыңнан бастап 1 миллион адамға дейін барған. Демек, осы жолы да ЖРВИ мен тұмауға шалдығатындар аз болмайды. Оған коронавирустық инфекция да қосылуы мүмкін.

 Стационарлар салынады

Қазан айына қарай Қазақстанда 13 модульді инфекционды стационар салынады деп жоспарлануда. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өзінің facebook парақшасында жариялады.

Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті атқару органдарымен бірге белсенді түрде күз-қыс мезгілдеріне дайындалып жатыр. Маусым-шілде айларында вирус өршіген кезде медициналық ұйымдар науқастарды қабылдап үлгере алмай жатты. Осындай жағдайдың қайталануына жол бермей, коронавирустың екінші толқынына инфекциялық қызметтің дайын болуын қамтамасыз ету үшін Ведомствоаралық комиссия шешімімен 2,7 жатын орны бар 13 инфекциялық аурухана салынатын болды. Стационарлар Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Түркістан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар облыстары мен Алматыда пайда болады.

Әкімдіктер жер учаскелерін бөлді, мердігер ұйымдар таңдалып жатыр. Қаржы жұмыспен қамтудың жол картасы және жергілікті бюджеттегі үнемделген қаржы есебінен жасалады. Әр инфекциялық аурухананың құнын әр әкімдік жеке анықтайды, - деп жазды Цой.
 Дәріханаларға дәрі-дәрмек әкелініп жатыр

Қазақстандағы дәріханаларға 10 млн дәрі-дәрмек қаптамасы жеткізілді. Бірыңғай дистрибьютор елдегі барлық медициналық ұйымды бір айға жететін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті. 30 қыркүйекке дейін құны 24 млрд теңгені құрайтын екі айға жеткілікті дәрі-дәрмекті жеткізеді. «СҚ Формация» базасында республикалық тұрақтандыру қоры құрылды, сонымен қатар 11 өңірлік тұрақтандыру қоры құрылды.

Аруханаларды жарақтандыру үшін қосымша 2578 өкпені жасанды желдету аппараты алынып жатыр, сонымен қатар отандық өндірушілерден 1500 аппарат алынатын болды. 1078 аппарат жергілікті бюджет есебінен, демеушілердің көмегінен және Дүниежүзілік Банк есебінен сатып алынады. 23 890 жатын орны оттегі аппараттарымен жабдықталады, 13 153 оттегі концентраторы да қойылады. 2020 жылдың қазан айына дейін барлық аудандық ауруханалар сандық рентген аппараттармен 100% жабдықталатын болды.

Дәрігерлердің штаттық жұмыс кестесі бекітілді

Министрдің айтуынша, қазірден бастап қазан айында келу қаупі бар вирусты емдеу үшін штаттық кесте дайындалып жатыр. Дәрігерлер жетіспей қалу мәселесіне жол берілмеу керек. Қажет болған жағдайда штаттық кестеге сәйкес дәрігерлер көмек беруге келеді. Ол үшін жұмысқа медициналық университеттің студенттері де шақырылуы мүмкін.

 Күзде коронавируспен балалар ауырады деген ақпарат қаншалықты рас?

Қазақстандықтар әлеуметтік желіде «күзде келетін коронавирустың екінші толқынында балалар ауырып, бала өлімі көбейеді» - деген хаттар алып жатыр. Соңғы күндері уатсап мессенджері арқылы ауыз суына инфекция тарататын заттың қосылатынын айтып, ауаға улы газ себілетінін таратылды.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми мәлімдеді. Комитеттің ресми өкілдері құзырлы органдар растамаған ақпаратқа немесе әлеуметтік желіде тараған жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды. Бұған дейін де ауаға тікұшақпен улы зат шашылатынын айтқан хабарламалар тараған болатын. Бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова қала көшелерін дезинфекциялау мақсатында ғана арнайы тазартқыш зат себілетінін, адамдарға қауіпті ешқандай заттың ауаға шашылмайтынын түсіндірген болатын.

 Қазақстандықтарға вакцина салынады

Қазақстандық ғалымдар әзірлеген вакцина 15 мамырда зертханада клиникаға дейінгі зерттеулерді жануарларға жасап басталды. Тышқандарға, теңіз шошқалары, қояндарға, егеуқұйрықтарға екпе салынды. 26 шілдеде вакцинаны әзірлеген 5 маман өз еріктерімен екпе салдырды. Олар тірі вируспен тікелей жұмыс істеп жатқандықтан өздерін қорғау мақсатында екпеге келісім берді. Үш күн бойы олардың жағдайы бақылауда болды. Олардың дене қызуы қалыпты болып, вакцина аллергиялық реакция бермеген. Енді қыркүйек айында вакцина 200 еріктіге салынады. 12 тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күзде Ресейге вакцинаны сатып алу бойынша келіссөз жүргізуге делегация жіберетінін айтқан. Бұл қоғамда үлкен талқы тудырып, кейін Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі барлық сынақ кезеңінен өтпеген вакциналарды алмайтынын мәлімдеген. Елдің бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Қазақстан нарыққа алғаш түскен вакцинаны сатып алатынын айтқан. Егер барлық талапқа сай вакцина елге жетсе, халықтың 11,5 пайызына - созылмалы дерті бар адамдарға, індетпен күресетін дәрігерлерге, вирус жұқтырса қауіп тобында болатындарға - тегін екпе салынады. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері халықтың қалған бөлігі вакцинаны өз қаржысына салдыру керектігін айтты.

 Балалардың иммунитетін көтеру қажет

Иммунолог және аллерголог дәрігер Елена Ковзельдің айтуынша, балалардың ішінде инфекцияны жеңіл өткізетіндер де қатты ауырып қалатындар да бар. Балалардың кейбірі күз мезгілінде мектептің кезекші сыныптарына барады. Олар үйдегі ата-әжелеріне вирус әкелуі әбден мүмкін. Соған орай профилактикалық, санитарлық шаралардың бәрін қолдану қажет. Ол: маска тағу, қолды жуу, спирт қосылған антисептиктермен баланың қолын, оқу құралдарын өңдеу. Иммунитетті көтеру үшін баланың тамақтану режимін қадағалау керек. Бала әр түрлі тағамдардан пайдалы микроэлементтер, ферменттер, ақуыз, май алу қажет. Көкөніс пен жеміс- жидек жеп, тек малдың майын емес, балықтың да майын қабылдауына назар аудару керек.

 Жүкті әйелдер мен емізулі баласы бар аналар білуі тиіс

Жүкті әйелдер пренаталды бақылау шараларын емханада емес, онлайн форматында өту қажет. акушер-гинеколог дәрігер, «Астана медициналық университетінің» кафедра меңгерушісі Хамидуллина Зайтуна Ғаділқызының айтуынша, бірінші немесе екінші триместрде тұмау белгілері пайда болса, дереу өзінің акушеріне хабарласу қажет немесе учаскелік терапевтті шақыртып, тиісті емшара қабылдауы тиіс. Ал егер дене температурасы тым жоғарылап, мысалы 39 градус болса, онда жедел-жәрдем қызметін шақырады. Мұндай жағдайда науқасты ауруханаға жатқызады. Тез арада ПТР тестті тапсыру да маңызды. Егер ана мен баланың да дене қызуы көтеріліп, тұмау белгілері пайда болса дәрігерге қаралуы дұрыс. ЮНИСЕФ-тің мәліметі бойынша, емізулі әйел омыраумен емізуді тоқтатпау керек. Өйткені, вирус ананың сүті арқылы берілмейді. Егер анасы өзінің инфекция жұқтырғанын білсе, қорғану шараларын сақтай отырып, емізуді жалғастырады. Бірақ міндетті түрде педиатрдың, инфекционист дәрігердің қарауында болған дұрыс. Егер өкпесі қабынса, ауруханаға жатқызылады.

Әйелдер күн сайын дене қызуын өлшеп отыруы керек. Дүкенге шыққанда әлеуметтік ара-қашықтықты сақтау керек. Қолды сабынмен жиі жуу маңызды. Танысының немесе туысының осы дертпен ауырып қалғанын білсе, олармен мүлдем көріспеген дұрыс. Оқшаулану қажет! Әрине, бәрі уақытша. Үйден шыққаннан медициналық бетперде киіп, қолды спирт қосылған антисептикпен өңдеп отыру да өте маңызды. Бұл еш қиындық туғызбайтын қарапайым шаралар, алайды вирус деген үлкен проблемадан құтқарады, - деп ескертті акушер-гинеколог.
 Тұмауға қарсы вакцинадан бас тартпау керек

Санитарлық-эпидемилогиялық сараптау мен мониторинг орталығының ғылыми-тәжірибелік инфекция-паразитті аурулар филиалының басқарма басшысы, эпидемиолог Смағұл Манар Асырқызының айтуынша, қазір халықтың көп бөлігі санитарлық талаптарды орындаудың маңызын түсінеді.

Маусым-шілде айындағы еліміздің эпидемиологиялық жағдайы халықтың санасын, инфекцияға көзқарасын түбегейлі өзгертті. Қазір күз айында вирус өзін қалай көрсететіні туралы болжам көп. Бұл күн суыта бастағанда қозатын тұмау ауруларымен байланысты. Сондықтан қазір медициналық бетперде киіп, антсептик қолданып, әлеуметтік ара қашықтықты сақтап, басқа да шараларды қатаң сақтау керек. Және тұмауға қарсы вакцнаны қазір салдыру керек. Бұл екпе күз мезгілінде көтерілетін маусымдық инфекциялық аурулардың қозуын алдын алады. 

Дәл қазір коронавирус инфекцясының таралуында бәсеңдеу байқалады. Бұл босаңсуға болады дегенді білдірмейді. Эпидемиологиялық тізбектің үзілуі адамдардың профилактикалық алдын алу шараларын сақтауына тікелей байланысты.Егер сіз өзіңіз ауырған болсаңыз немесе үйдегі жақындарыңыздың бірі инфекция жұқтырған болса, оқшаулану режимін сақтау керек, - деді Манар Смағұл.
 Бүгінгі эпидемиологиялық жағдай

Қазіргі уақытта коронавирустық инфекциядан 15 904 адам ем қабылдауды жалғастыруда. Олардың арасында 64 өскіншек бала бар. Стационарларда 6 942 науқас жатыр. 8 962 адам амбулаториялық жағдайда емделуде.

Жалпы науқастардың арасында 350 адамның ахуалы нашар. Соның ішінде 100 науқастың ахуалы аса қатты ауыр деп бағалануда. 63 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.  

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанда індет басталғаннан бері 103 815 адам коронавируспен ауырған.

Барлық жаңалықтар
34.236.245.255, 192.168.88.100